Аян 22 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жаңа пейіштегі өмір суының қайнар көзі

1Періште маған Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алған мөлдір тастай жылтылдаған өмір суының өзенін де көрсетті.

2Ол қала көшесінің ортасымен төменге қарай ағады. Өзеннің әр жағасында өсіп тұрған мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаш ай сайын, жылына он екі рет, жеміс береді. Ал жапырақтары халықтарды сауықтыруға арналған.

3Қарғалған еш нәрсе де осы қаладан табылмайды. Құдай мен Тоқтының отырған тағы қаланың ішінде. Құдайдың қызметшілері Оған бас ұра қызмет етіп,

4Оның бет-жүзін көретін болады. Маңдайларында Оның есімі жазылып тұрмақ.

5Енді ешқашан түн болмайды. Оларға шам-шырақ пен күн сәулесінің қажеті жоқ, себебі Құдай Иенің нұры түсіп тұрады. Олар мәңгі патшалық құрмақ.Құдайдың хабарын берік ұстануды ескерту

6Мұнан кейін періште маған: «Бұл сөздер сенуге тұрарлық нағыз шындық. Пайғамбарларға өз Рухын дарытқан Құдай Ие қызметшілеріне жуырда болуға тиісті оқиғаларды алдын ала көрсету үшін періштесін жіберді», — деді.

7(Мәсіх:) «Міне, Мен жуырда келемін! Құдайдың осы кітаптағы хабарларын ұстанатындар бақытты!» — деп ескертті.

8Мен, Жохан, осыларды естіп, көрдім. Естіп, көріп жатқан кезде мен оларды көрсеткен періштенің аяғына бас ұрмақ болып жығылдым.

9Алайда ол: «Бұлай істеме! Мен өзіңмен, саған бауырлас пайғамбарлармен және осы кітаптағы сөздерге мойынсұнатындармен бірге қызмет етушімін. Құдайға бас ұрып ғибадат ет!» — деді.

10Ол маған тағы да: «Құдайдың бұл кітаптағы хабарларын мөрлеп бекітіп, құпия ұстама! Себебі жүзеге асатын уақыты таяп қалды.

11Әділетсіздер әділетсіз істерін әлі де жасап, арамдар арамдықтарын істей берсін, ал әділдер әділ істерін жалғастырып, қасиеттілер әлі де қасиетті бола берсін», — деді.

12Иеміз Иса маған тіл қатып:

— Тыңда, Мен жуырда келемін! Әркімге ісіне қарай беретін сыйымды Өзіммен бірге ала келемін.

13Алғашқы да Соңғы, Бастапқы да Ақырғы, Басы да Аяғы Менмін.

14Шапандарын таза жуып, осылайша мәңгілік өмір ағашының жемісін жеп, қақпалары арқылы қалаға ену құқығына ие болғандар бақытты!

15Алайда «иттер» — сиқыршылар, азғындар және кісі өлтіргендер, жалған тәңірлерге құлшылық етіп, жалғандықты ұнатып, соларын жасай беретіндер қала сыртында (яғни тозақта) қалады.

16Мен, Иса, осы хабарларды қауымдардағы сендерге жеткізу үшін періштемді жібердім. Мен Дәуіт патшаның әулетінен шыққан, «таңғы жарық Жұлдызбын», — деді.

17Киелі Рух пен Қалыңдық: «Келе гөр!» — деп шақырады. Мұны естіген әркім де «Келе гөр!» десін. Жаны сусаған әркім сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдасын!

Құдайдың хабарын өзгертуден сақтандыру, соңғы уәде және ақ бата

18Құдайдың осы кітаптағы хабарларын еститіндерге мұқият ескертемін: кімде-кім оған бір нәрсе қосса, соның жазасына Құдай осы кітапта суреттелген пәлелерді қосып береді.

19Ал кімде-кім Құдайдың хабары жазылған осы кітаптың сөздерінен бір нәрсені алып тастаса, Құдай оның осы кітапта бейнеленген мәңгілік өмір сыйлайтын ағаштан және қасиетті қаладан иемденетін үлесін де алып тастайды.

20Осының бәрін Растаушы былай дейді:

— Бұл шындық, Мен жуырда келемін! Аумин!

— Иеміз Иса, келе гөр!

21Иеміз Исаның рақымы бәріңе де жауа берсін! Аумин.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help