Уағыздаушы 8 - Киелі кітап(QazBi2010)

Билік иелеріне мойынсұну әрі биліктің шектеулілігі жайлы

1Кім данышпан? Кім мәселелердің мән-мағынасын ұға біледі? «Даналық адамның өңін нұрландырар, оның сұсты жүзін жұмсартар» делінген.

2Менің тағы айтарым мынау: Құдай алдында берген антыңа бола патшаның айтқандарын сақтауың қажет.

3Патшаның қасынан кетуге асықпа. Әділетсіз істі құптама! Өйткені патша қалағанының бәрін істей алар.

4«Патшаның сөзі күшті». Ендеше оған: «Неге солай істейсіз?!» деуге кімнің дәті барады?

5«Құдайдың өсиетін сақтаған жан әділетсіз істі құптамас». «Дана жан дұрыс уақыт пен тәртіпті білер».

6Адамға өмірінің қиыншылықтары ауыр тисе де, «әрбір істің өз уақыты мен тәртібі бар».

7Ал пенде кейін не болатынын білмейді, әрі болашақтың қалай болатынын оған кім айта алады?

8Ешбір адамның желді ұстап тоқтата алмайтыны сияқты, ешкім де ажалға билік жүргізе алмайды. Соғыс кезінде әскерден босату дегеннің жоқ екеніндей, зұлымдық та өзіне бағынғандарды босата қоймайды.

9Осы дүниеде болып жатқан әр түрлі істерді санаммен ұғынуға тырысқанда, мен адамдардың басқаларға билік жүргізіп, зор зиян келтіретін жайттарын көрдім.

Өмірдің көп жайттарын пенде ұға алмас

10Мұнан кейін мынаған көз салдым: Киелі орынға келіп-кетіп, қалада мақтау алып жүретін кейбір зұлымдар өлгенде құрметпен қабірге қойылды. Бұл да ақылға сыймайтын жайт.

11Өйткені «қылмыстың үкімі тез орындалмаса, адамның жан дүниесі зұлымдыққа батар».

12Зұлым адам тіпті жүздеген қылмыс жасап, ұзақ өмір сүре берсе де, мен мынаны білемін: Құдайды терең қастерлеп, Оның көз алдында адал жүргендер игілікке кенелетін болады.

13Ал зұлымның жағдайы жақсы бола бермес. Оның ғұмыры кешкі көлеңкедей ұзара бермей, қысқа болар. Себебі ол Құдайды терең қастерлеген жоқ.

14Дүниеде тағы мынадай бір ақылға қонбайтын жайт та бар: зұлымдарға тиісті жазаны кейде әділ адамдар тартады, ал әділдерге тиісті сый-құрметке зұлымдар ие болады. «Бұл шынымен ақылға сыймайды» деймін.

15Сондықтан мен адамға өмірдің қызығын көріп қалуға кеңес беремін, өйткені осы өткінші дүниеде пендеге ішіп-жеп, қуанышқа бөленуден артық ештеңе жоқ. Сөйтіп ол Құдайдың өзіне осы дүниеде өлшеп берген күндерінде ауыр еңбек еткенде қанағат табатын болады.

16Осылай мен даналықты және адамның осы дүниеде атқаратын міндетін түсінуге жан салған едім, ал «пенде күні-түні ұйқы көрмей әрекет етеді».

17Сонда мен Құдайдың істерінің бәріне назар салып, мынадай қорытындыға келдім: Осы өткінші дүниеде болып жатқан жайттарды пенде толықтай ұғына алмас. Адам оны зерттеп білуге қаншама тырысса да, осы мақсатқа ешқашан жете алмайды. Кейбір ақылды адам «мен оны түгелдей білемін» деген пікір білдірсе де, шын мәнінде ол солай емес.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help