Жүніс 4 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жүністің Құдайдың мейіріміне ренжіп қалуы

1Алайда Жүніс бұған қатты ренжіп, ашуланды.

2Ол Жаратқан Иеге сиынып былай деді:

— Уа, Ием, мен осылай болатынын елімде жүргенде-ақ айтпап па едім? Сондықтан да тездетіп Тарсиске қарай қаштым. Сенің рақымды да мейірбанды Құдай екеніңді білгенмін: Сен тез қаһарлана қоймайтын төзімдісің, берік сүйіспеншілігің шексіз зор. Пәле жіберемін деген райыңнан қайтуға да дайынсың.

3О, Жаратқан Ие, енді жанымды ала гөр. Маған тірі жүргенше, өлген артық. —

4Жаратқан Ие оған:

— Сенің ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? — деген сұрақ қойды.

5Ал Жүніс қаладан шығып, оның күншығыс жағындағы бір жерге барып отырды. Өзіне қарапайым күрке жасап, соның көлеңкесінде қаламен не болатынын көрмек болып күтті.

Құдайдың мейірімділігі жайлы сабақ

6Сонда Құдай Ие Жүніске саясы түсіп, оған әлдеқайда қолайлы болу үшін бір бұтаны өсіріп шығарды. Бұта Жүніске керемет ұнады.

7Бірақ Құдай келесі күні таң сәріде бұтаны кеміретін құрт жіберіп, содан бұта солып қалды.

8Күн көтерілгеннен кейін Құдай күншығыстан аңызақ жел соққызды. Басын күйдірген күннің аптабынан Жүніс әлсіреп қалды. Ол өлім тілеп: «Маған тірі жүргенше өлген артық!» — деп налыды.

9Құдай оған:

— Бұтаға бола ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? — деген сұрақ қойды. Жүніс:

— Менің тіпті өлгенше ашулануға қақым бар, — дегенде,

10Жаратқан Ие оған былай деп жауап берді:

— Сен осы бұтаны ешқандай өңдеп, өсірмедің. Ол бір түнде өсіп шығып, келесі түні жоқ болды. Солай болса да, бұтаға сенің жаның ашиды.

11Ал Ниневиде жақсы мен жаманды айыра алмайтын жүз жиырма мыңнан астам халық, сондай-ақ көптеген мал да бар. Ендеше осы үлкен қалаға қалайша Менің жаным ашымайды?!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help