1Кейінірек Жаратқан Ие маған мынадай бұйрық берді: «Аумақты тақта ал да, оған жұрт оқитындай етіп: «Тез-Тонап-Жылдам-Олжалау» деп жаз!»
2Сол үшін мен екі адамды: діни қызметкер Ұрияны және Барақиях ұлы Зәкәрияны сенімді куәгерлерім етіп алдым.
3Бұдан кейін мен пайғамбар әйел — жұбайыммен жақындасып, ол құрсақ көтеріп, ұл туды. Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды: «Бұл балаға «Тез-Тонап-Жылдам-Олжалау» деген ат қоясың.
4Себебі оның тілі шығып, «Апа, әке» дегенше, Дамаск пен Самарияның бүкіл байлығын Ассур патшасы олжалап кетеді».
5Жаратқан Ие маған тағы да тіл қатып
6былай деді: «Осы халық (Өзім Иерусалимнің игілігі үшін ағызып отырған) Силоғам бұлағының тыныш суын менсінбейді. Қайта, олар Ресинге және Ремалияхтың ұлына қуанады!
7Біліп қойыңдар: сол себепті Мен, Тәңір Ие, Евфрат өзенінің буырқана тасыған мол суларын, яғни Ассур патшасын, күллі қарулы күштерімен осы жерге бағыттаймын. Евфрат өзені көктемде арна-салаларынан асып-тасып, сулары
8адамдардың мойнына дейін көтеріледі. Сол сияқты, Ассур патшасы мен оның әскері де жуырда бүкіл Яһуда жеріне жайылып шығып, бұлқан-талқан болып ағып, елді басып кетеді! О, Имануил, оның кең қанаттары бүкіл жеріңе жайылатын болады!»
9Ей, халықтар, қанша ұран салсаңдар да, бәрібір шайқалып құрисыңдар. Жер бетінің алыс түкпірлері, тыңдаңдар! Шабуылға бел байлап қарулансаңдар да, бәрібір күйреп, құрисыңдар. Иә, айқасқа дайындала беріңдер, алайда қырыласыңдар.
10Кеңесіп жоспар құрып, көп сөз сөйлесеңдер де, бұларың іске аспайды, себебі Құдай бізге жар!Жауларыңнан қорықпаңдар, Жаратқан Иені қастерлеңдер!
11Жаратқан Ие менің үстіме құдіретті қолын қойып тұрып хабарын жеткізді. Ол мені осы халық жүріп бара жатқан теріс жолға түсуден сақтандырып былай деді:
12«Бұл халықтың бүлік деп атағандарын сендер солай санамаңдар! Басқалардың қорыққандарынан сендер қорқып, үрейленбеңдер!
13Тек Әлемнің Иесін ғана киелі деп құрметтеп, терең қастерлеңдер, (Оның еркіне қарсы шығудан) шошынып дірілдейтін болыңдар!
14Жаратқан Ие сендер үшін паналайтын киелі орын іспетті болмақ. Бірақ Ол Исраилдің екі патшалығы үшін адамдарды сүріндіретін кедергі тас, құлататын жартас сияқты, әрі Иерусалимнің тұрғындарын түсіретін тұзақ пен тор секілді болады.
15Олардың көбі сүрініп құлап, талқандалады, не торға түсіп, ұсталады».
Ишая шәкірттеріне сақтауға тапсырған айғақтар16Енді осылар туралы білдірген ескертулерім мен тәлімдерім жазылған қағаздарды шиыршықтап орап, байлап, шәкірттерімнің көз алдарында мөрлеп, соларға сақтатқызып қой!
17Жаратқан Ие Жақыптың үрім-бұтағынан өз бетін жасырып жатса да, мен Оған үмітпен қарап, сенімімді арта беремін.
18Міне, мен және Жаратқан Ие маған сыйлаған балалар мұндамыз! Жер бетіндегі тұрағы Сион тауында орналасқан Әлемнің Иесі бізді Исраил елінде Өзінің болашақта не істейтінін білдіретін хабары мен белгісі етті.Бақсы-балгерлер мен сәуегейлерге жүгінбеңдер!
19Алайда халық сендерге: «Аруағы мен жынын шақырып, сыбырлап, міңгірлейтін бақсылар мен сәуегейлерден кеңес сұрауды сұраңдар!» деп ұсынады. Онда оларға былай деңдер: «Халық жалғыз Құдайына ғана сиынып, Оның еркін сұрауға тиісті емес пе? Тірілерге болашақты білу үшін өлгендермен ақылдасудың қажеті бар ма?!
20Қайта, Жаратқан Иенің білдірген тәлімдері мен ескертулеріне көңіл бөліп, соларға сүйеніңдер!» — Егер халық осы хабарларыма сай сөйлемесе, онда оларға атар таң жоқ.
21Керісінше, олар зор қысымшылық көріп, ашығып, жер-жерде қаңғырып жүретін болады! Аштықтан қиналғанда олар қатты ашуланып, өздерінің патшасы мен Құдайына тіл тигізеді. Содан олар аспан мен
22жерге көз салып, тек қайғы-қасірет, қара түнек пен үрейлі қараңғылықты ғана көреді-ау! Олар әбден түңіліп, қара түнекке қуылады.
Алайда қазір қысымшылық көріп жатқан жерде ұдайы қараңғы бола бермейді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.