Даниял 10 - Киелі кітап(QazBi2010)

Халықтардың және аспандағы күштердің өзара күресі

1Парсы патшасы Кирдің Бабылға билік құрған үшінші жылы Белшазар деп те аталған Даниялға Құдайдың хабары жетті. Осы шынайы хабар үлкен соғыс, ауыр кезең туралы болды. Даниял бір көрініс көріп, сол хабар туралы түсінік алып, мәнін ұқты.

2Сол күндері мен, Даниял, үш апта бойы қайғырып,

3дәмді тағамдардан, ет пен шараптан бас тарттым. Сонымен қатар толық үш апта бойы денеме иісмай жақпадым.

4Бірінші айдың жиырма төрті күні үлкен дарияның, яғни Тигр өзенінің, жағасында тұр екенмін.

5Басымды көтеріп қарсы алдыма көз салсам, ақ бәтестен киім киген, белін саф алтын белбеумен буған біреуді көрдім.

6Оның денесі зүбәржат атты жылтыраған асыл тас сияқты, жүзі найзағайдың жарқылындай, көздері жалындаған алаулар іспетті, қол-аяғы жылтыратылған қоладай жалтырап тұрды. Ал даусы үлкен тобырдың даусындай гүрілдеді.

7Сол көріністі жалғыз мен, Даниял, ғана көрдім. Қасымда болған адамдар оны көрген жоқ, бірақ олар зәрелері ұшып, қашып, тығылып қалды.

8Осылай жалғыз қалған мен осы ұлы көріністен көз алмадым. Қатты әлсіреп, өңім құп-қу болып, дәрменсіз қалдым.

9Мұнан кейін әлгі хабаршының сөйлеген даусын естідім. Естіген кезде мен есімнен танып, жерге етпеттей жата кеттім.

10Бірақ бір қол денеме тиіп, мені дірілдеген күйімде төрттағандап тұрғызды.

11Сол хабаршы былай деді:

— Уа, Даниял, Құдайға өте ұнамды жан, айтатын сөздерімді мұқият тыңдап, ұғып ал! Мен саған жіберілдім, енді түрегел! — Ол осыны айтып жатқанда мен дірілдеп орнымнан тұрдым.

12Содан соң ол сөзін жалғастырып былай деді:

— Қорықпа, Даниял. Себебі сен сол мәселені түсінуге ұмтылып, Құдайыңа мойынсұнып сиына бастаған алғашқы күні-ақ мінажатың Құдайдың құлағына жеткен еді. Мен осында сол мінажатыңа бола келіп отырмын.

13Ал парсы патшалығының рухани әміршісі маған жиырма бір күн бойы қарсы шығып, жолымды бөгеді. Сонда бас періштелердің бірі, Михайл, маған көмекке келді. Себебі парсы патшасы мені жібермей бөгеп жатты.

14Енді мен саған келешекте халқыңмен не болатынын түсіндіруге келдім. Сен көретін көрініс алдағы заманға қатысты.

15Ол маған осыларды айтқан кезде мен басымды жерге дейін иіп, үнсіз қалдым.

16Кенеттен адам баласына ұқсаған біреу ерніме саусағын тигізді. Сонда мен алдымда тұрған хабаршыға былай дей бастадым:

— Мырзам, мен көрген көріністен қатты қиналып, әбден дәрменсіз болып қалдым.

17Қалайша мен, жай пендеңіз, сізбен сөйлесе аламын, мырзам? Күш-қуаттан айырылып, демімді әзер алып тұрмын. —

18Сонда адам баласына ұқсаған әлгі хабаршы маған тағы да саусағын тигізіп, күш-қуат дарытты да былай деді:

19— Еш нәрседен қорықпа, Құдайға ұнамды жан! Аман-есен, күшті де батыл бол! — Ол маған осылай айтып тұрған кезде күш-қуатым артып, оған былай дедім:

— Мырзам, сіз маған күш-қуат дарытқандықтан, айтпақ болғандарыңызды айта беріңіз! —

20Оның жауабы мынау болды:

— Менің өзіңе неге келгенімді білесің бе? Жуырда мен Персияның рухани әміршісімен күресуге қайтып барамын. Мен кеткеннен кейін Грекияның рухани әміршісі де келетін болады.

21Бірақ алдымен мен саған «Ақиқат кітабында» не жазылғанын айтып беремін. Сенің халқыңды қорғаушы бас періште Михайлдан өзге сол рухани әміршілерге қарсы тұрып, мені қолдап-қуаттайтын ешкім болмайды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help