Еремия 38 - Киелі кітап(QazBi2010)

Еремияның құдыққа тасталуы

1Бірде Маттан ұлы Шафатиях, Пашхур ұлы Ғодалиях, Шелемиях ұлы Ехухал және Малқиях ұлы Пашхур Еремияның халыққа мынадай сөздерді айтып жүргенін естіді:

2«Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы қалада қалатын әрбір адам семсер, ашаршылық немесе індеттен құриды. Ал қаладан шығып, халдейлерге берілетін әркім тірі қалып, өз жаны өзіне олжа болады.

3Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Бұл қала еш шүбәсіз Бабыл патшасының әскерінің қолына тапсырылып, олар оны басып алатын болады!»

4Сол уәзірлер патшаға:

— Ана адамды өлтіру керек! Ол қалада әлі де қалып отырған жасақшыларды әрі халықты сондай сөздерімен рухтарынан айырады. Сөйтіп ол халықтың игілігін емес, оның құруын көздеп жүр! — деді.

5Седекиях патша оларға:

— Ол сендердің қолдарыңда. Патша сендерге қарсы ештеңе істей алмайды ғой! — деп жауап берді.

6Содан олар Еремияны ұстап алып, патшазада Малқияхтың сақшылар ауласында орналасқан құдығына арқанмен түсіріп тастады. Құдықтың суы жоқ, түбі батпақ екен. Еремия батпаққа белшесінен батты.

Әбдімәліктің Еремияны құтқаруы

7Еремияның құдыққа түсірілгенін құштық Әбдімәлік те естіді. Ол патша сарайында қызмет көрсететін нөкер болатын. Патша Бунямин қақпасының алдында билік айтып отырған кезде

8Әбдімәлік сарайдан шығып, патшаның алдына барды да, оған мына өтінішін білдірді:

9— Уа, патша ием, ана кісілердің Еремия пайғамбарды құдыққа тастағандары — нағыз зұлымдық! Сол жерде ол аштан өледі, қалада нан қалған жоқ қой! —

10Патша құштық Әбдімәлікке:

— Осы жерден отыз адамды ертіп алып, өліп қалмас бұрын Еремия пайғамбарды құдықтан шығарып ал! — деп бұйырды.

11Әбдімәлік сол адамдарды ертіп алып, сарайдағы қазына қоймасының астындағы бір бөлмеге түсті. Сол жерден біраз ескі шүберек пен көнетоз киімдерді алып, құдықтағы Еремияға арқанмен төмен түсірді.

12Әбдімәлік Еремияға қатты дауыстап: «Мына шүберектер мен киімдерді қолтығыңыздың астына салып алыңыз! Арқан денеңізді қиып кетпесін», — деді. Еремия солай істеді.

13Сонда олар оны арқанмен тартып, құдықтан шығарып алды. Мұнан кейін Еремия сарайдағы сақшылар ауласына қайтарылып, енді сонда қалатын болды.

Седекияхтың пайғамбардан тағы да ақыл сұрауы

14Бірде Седекиях патша Еремия пайғамбарға тағы да адам жіберді. Сол кісі оны Жаратқан Иенің ғибадатханасының үшінші кіреберісіне алып келді. Патша Еремияға:

— Сенен бір нәрсе сұрағым келеді. Менен ештеңе жасырушы болма! — деді.

15Еремия оған былай деп жауап берді:

— Егер бәрін бүкпей айтатын болсам, мені өлтірмес пе едіңіз? Ал кеңес берсем де, сіз мені бәрібір тыңдамайсыз ғой! —

16Бірақ Седекиях патша құпия түрде Еремияға уәде беріп:

— Бізге тіршілік лебін сыйлаған мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен ант етемін: сізді өзім өлтірмеймін де, жаныңды алмақ болғандардың қолына тапсырмаймын да! — деді.

17Сонда Еремия Седекияхқа былай деді:

— Исраилдің Құдайы, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие, мынаны айтады: Егер сен қаладан шығып, Бабыл патшасының әміршілеріне берілсең, онда өзің де, отбасың да тірі қалып, мына қала да өртенбейтін болады.

18Ал егер Бабыл патшасының әміршілеріне берілмесең, онда халдей жасақшылары мына қаланы бәрібір басып алып, өртеп жібереді. Сонда өз басың да олардың қолынан құтыла алмайсың. —

19Седекиях патша Еремияға:

— Мен халдейлердің жағына өтіп кеткен яһудилерден қауіптенемін. Халдейлер мені солардың қолдарына тапсырса, олар мені азаптап қорлайды ғой! — деді.

20Еремия оған былай деп жауап берді:

— Жоқ, сізді солардың қолдарына тапсырмайды! Өтінемін, мен арқылы сізге сөйлеп тұрған Жаратқан Иенің даусына мойынсұнсаңыз екен! Сонда өзіңізге игі болып, жаныңыз аман сақталады.

21Бірақ егер қаладан шығып, берілуден бас тартсаңыз, Жаратқан Ие соның арты мынау болады деп ашық көрсетті:

22Яһуда патшасының сарайында қалып қойған әйелдердің бәрін Бабыл патшасының әміршілерінің алдынан алып шығады. Сол әйелдердің бәрі сізге былай деп шағым айтатын болады:

Сенген достарың алдады сені,

Тақырға отырғызды өзіңді,

Аяғың былыққа батып енді,

Бұрылып кетті олар кері!

23Осылай барлық әйелдеріңіз бен балаларыңыз қаладан айдалып, халдейлердің қолына түседі. Өзіңіз де қашып кете алмай, Бабыл патшасының қолына түсесіз. Ол мына қаланы қиратып, өртеп жібереді!

24Бірақ Седекиях Еремияға тек қана былай деді:

— Өзіңді өлтірмеулері үшін бұл әңгіме туралы ешкімге тіс жарма!

25Егер әміршілер екеуіміздің сөйлескеніміз жайлы естіп, саған келіп, «Патша саған не деді, сен патшаға не дедің, соны айтып бер! Әйтпесе көзіңді құртамыз» дейтін болса,

26оларға: «Патшадан мені Жонатанның үйіне қайтара көрмеңіз, әйтпесе өліп қалармын деп өтіндім» деген жауап бер!

27Айтқандай-ақ, әміршілердің бәрі Еремияға келіп, оған болған әңгіме туралы сұрақтар қойды. Пайғамбар оларға тек патшаның айт дегендерін ғана айтып берді. Содан олар тағы еш нәрсе деместен өз жөндеріне кетті. Өйткені ешкім патша екеуінің арасында болған әңгімені естімеген еді.

28Осылай Еремия жаудың Иерусалимді басып алған күніне дейін сақшылар ауласындағы қамауда қала берді.

Иерусалимнің жау қолына түсіп, Седекияхтың жазалануы

Иерусалим қаласының жау қолына түсуі былай болды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help