1Бірнеше күннен кейін Иса Қапарнаумға қайта оралды. Жұрт Оның сол қаладағы бір үйде екенін естіп-білді.
2Содан адамдар сол жерге көптеп жиналып, тіпті есік алдында тұратын орын да қалмады. Иса оларға Ізгі хабарды жариялады.
3Сол кезде төрт кісі сал болып ауырған бір адамды Исаға көтеріп алып келді.
4Бірақ халықтың көптігінен олар Оған жақындай алмады; сондықтан үйдің сыртқы сатысымен жоғары көтеріліп, жалпақ төбесін ашты. Содан олар аурудың жатқан төсенішін арқанмен байлап, оны төменге Исаның алдына түсірді.
5Иса олардың сенімдерін көріп, сал адамға: «Балам, сенің күнәларың кешірілді!» — деді.
6Сол жерде отырған бірнеше дін мұғалімдері:
7«Бұл Кісі неге солай деп Құдайды қорлап тұр? Жалғыз Құдайдан басқа кім күнәларды кешіре алады?» — деп ойланып қалды.
8Олардың бұл ойларын Иса бірден ұға қойып:
— Неге солай ойлайсыздар?
9Сал адамға қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, төсенішіңді жинап алып, жүре бер!» деу ме?
10Ал көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін білулеріңіз үшін,.. — деді де, сал адамға қарап:
11— Саған айтамын: орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды.
12Ауру адам сол сәтте-ақ сауығып, орнынан тұрды да, төсенішін жинап алып, бәрінің көзінше шығып кетті! Барша жұрт таңғалысып: «Біз ешқашан да мұндайды көрген емеспіз!» — деп, Құдайға мақтау айтты.
Мәсіхтің күнәкарларды теріс жолдан қайтуға шақыруы әрі салықшы Матай Леуінің шәкірттерге қосылуы13Иса сыртқа шығып, тағы да көл жағасына барды. Күллі халық қасына жиналып, Иса оларға тәлім берді.
14Сол жерден кетіп бара жатып, Ол салық кеңсесінің қасында отырған Әлпей ұлы Леуіні көрді. Оны: «Соңымнан ер!» — деп шақырды. Сонда Леуі орнынан тұрып, Исаға шәкірті болып ерді.
15Кейін Иса Леуінің үйінде дастарқан басында отырды. Исамен Өзінің шәкірттері де, көптеген салық жинаушылар мен тағы басқа күнәкарлар да дастарқандас болды. Себебі сондайлар Оған көптеп еріп жүре бастаған еді.
16Ал дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаның салық жинаушылармен және өзге де күнәкарлармен дастарқандас болып тамақ ішіп отырғанын көргенде, Оның шәкірттеріне:
— Ол неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп отыр? — деп наразылық білдірді.
17Мұны естіген Иса әлгі діндарларға былай деп жауап берді:
— Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет. Мен «әділдерді» емес, күнәкарларды (теріс жолдан қайтуға) шақыру үшін келдім.
Діндарлардың ораза және демалыс күні туралы қойған сұрақтары18Жақия пайғамбардың және парызшылдардың шәкірттері жиі ораза ұстайтын. Кейбіреулер Исаға келіп:
— Жақияның және парызшылдардың шәкірттері ораза ұстайды, ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамайды? — деп сұрады.
19Иса оларға астарлап былай деп жауап берді:
— Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендер ораза ұстай ала ма? Әрине, ұстай алмайды.
20Бірақ та «Күйеуді» қастарынан алып кететін күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады.
21Ескі киімді жаңа матамен жамамас. Олай етсе, жамау отырып, ескі матадан жұлынып қалады, сонда жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болады.
22Сондай-ақ, жас шарапты ескі торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған жас шарап торсықты жарып, ағып кетеді, торсық та пайдадан қалады. Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құйған дұрыс.
23Бір демалыс күні Иса егіндік арасымен өтіп бара жатқанда, шәкірттері біраз масақ үзіп ала бастады.
24Парызшылдар Исаға:
— Қараңыз, мыналар демалыс күні тыйым салынған жұмысты неге істеп жүр?! — деп наразылық білдірді.
25Иса оларға былай деп жауап қайырды:
— Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағылар мұқтаждық көріп, ашыққан кезде не істегенін оқымап па едіңдер?
26Абиятар бас діни қызметкер болған сол заманда Дәуіт Құдайдың киелі үйіне кіріп, тарту ретінде ұсынылған нанды өзі де жеп, қасындағыларға да берді емес пе? Ал заң бойынша сол күлшелерді діни қызметкерлерден басқа ешкімге де жеуге болмайды ғой. —
27Бұдан кейін Иса: — Адам демалыс күні үшін емес, демалыс күні адам үшін жаратылған!
28Сондықтан көктен келген Мен демалыс күнінің де Иесімін, — деп қорытты.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.