Аян 16 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жеті тостағанның төгілуі

1Сонда мен киелі үйден шыққан бір қатты дауыстың жеті періштеге: «Барыңдар да, Құдайдың қаһарына толы жеті тостағанды жер бетіне төгіп жіберіңдер!» — деп тапсырғанын естідім.

2Біріншісі барып, тостағандағысын жерге төгіп жіберді. Сонда айуанның таңбасын қабылдап, оның мүсініне табынғандарда жиренішті де азапты, іріңді жаралар пайда болды.

3Екінші періште тостағандағысын теңізге құйып жібергенде, оның суы өлген адамның қанындай қоюланды. Теңіздегі күллі тіршілік иелері өліп қалды.

4Үшіншісі тостағандағысын өзендер мен су көздеріне төгіп жібергенде, олар қанға айналды.

5Су атаулыға өктемдік жүргізетін періштенің былай дегенін естідім:

«Уа, әрдайым бар және мәңгі болып келген қасиетті Жаратқан Ие, Сен әділсің! Сенің шығарған осы үкімдерің де әділ!

6Сол адамдар Сенің халқыңның және пайғамбарларыңның қанын төккендіктен, оларға қан ішкіздің. Соларға осы лайық».

7Сонда мен түтету үстелі жағынан былай деген дауысты естідім: «Иә, Құдай Ие — бүкіл әлемнің Билеушісі, Сенің үкімдерің әділ де шынайы!»

8Ал төртінші періште тостағандағысын күнге төккенде, күн отты қызуымен адамдарды күйдіретін болды.

9Олар қатты аптапқа күйіп, осы пәлелерге билік жүргізетін Құдайдың атына тіл тигізді. Бірақ олар өкініп, теріс жолдарынан қайтпады, әрі Тәңір Иені даңқтап, Оған лайықты құрмет көрсетпеді.

10Енді бесінші періште тостағандағысын айуанның тағына құйып жібергенде, оның патшалығын қараңғылық басты. Адамдар аурудан қатты қиналып, тілдерін тістеді.

11Алайда олар өздерінің жаман қылықтарына өкініп, қайтпады; керісінше, аурулары мен іріңді жараларына бола көктегі Құдайға тіл тигізді.

12Алтыншы періште тостағандағысын ұлы Евфрат өзеніне құйып жіберді. Сонда өзен кеуіп қалып, осылайша шығыстан келетін патшаларға жол дайындалды.

13Мұнан соң құрбақаға ұқсаған үш жынды көрдім. Олар айдаһардың, айуанның және жалған пайғамбардың ауыздарынан шықты.

14Үшеуі де — жындардың рухтары. Олар ғажап істер істеп, құдіреттерін көрсетеді. Олар бүкіл жер бетін аралап, күнәкар дүниенің күллі патшаларын Тәңір Иеге қарсы шайқасуға жинап әкеледі. Бұл шайқас Әлемнің Әміршісі — Құдайдың ұлы соты күні болады.

15(Мәсіх былай дейді:) «Тыңда, Мен ұрының қапыда түсетініндей күтпеген кезде келемін! Жалаңаш қалып, жұрт алдында ұятқа қалмау үшін сергек болып, (кіршіксіз пәк) киімдерін дайын сақтағандар бақытты!»

16Әлгі үш жын патшалардың бәрін еврейше Һар-Магедон деп аталатын жерге алып келді.

17Жетінші періште тостағандағысын ауаға төккенде, киелі үйдегі тақтан «Орындалды!» — деген қатты дауыс шықты.

18Сонда найзағай жарқылдап, мықты гүріл естіліп, күн күркіреп, жер қатты сілкінді. Адамзат дүниеде өмір сүргелі ешқашан мұндай жер сілкінісі болып көрмеген еді: бұл барлығынан да қатты жер сілкінісі болды.

19Содан ұлы қала үшке бөлініп, басқа халықтардың қалалары да қирап қалды. Осылай ұлы Бабыл Құдай алдында ескеріліп, қала Құдайдың «тостағанынан» — Оның қатты ашуы мен қаһарын білдіретін «шарабынан» ішуге мәжбүр етілді.

20Барлық аралдар «қашып», ғайып болып, таулар жермен-жексен болды.

21Аспаннан адамдардың үстіне салмағы жүз қадақтай дәу тастар жауды. Сонда да адамдар сол ғаламат қорқынышты пәле, яғни тас бұршақ жаудырғаны, үшін Құдайды балағаттап, тілдеді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help