1Содан Рохабоғам Сихем қаласына барды, себебі бүкіл Исраил халқы оны патша етіп бекіту үшін Сихемге жиналған еді.
2Бұл туралы хабар алған Набат ұлы Еробоғам Сүлеймен патшадан қашып барған Мысыр елінен қайта оралды.
3Өйткені біреулер адам жіберіп, оны шақыртқан еді.
Сонда Еробоғам мен бүкіл Исраилдің өкілдері Рохабоғамның алдына келіп, оған тіл қатып былай деді:
4— Әкеңіз марқұмның бізге артқан жүгі тым ауыр! Оның мойнымызға салып қойған азапты қызметі мен зілдей жүгін жеңілдетсеңіз, сізге қызмет ететін боламыз! —
5Сонда патша:
— Маған үш күннен кейін қайтып келіңдер! — деді. Халық тарап кетті.
6Рохабоғам әкесі Сүлейменнің көзі тірі кезінде уәзірі болған ақсақалдардан ақыл сұрап:
— Мына халыққа қандай жауап қайтару керек, не деп кеңес бересіздер? — деді.
7Ақсақалдар:
— Егер де бұл халыққа жылы шырай танытып, көңілін аулап, ымыраға келетін болсаңыз, онда олар әрдайым сіздің қызметшілеріңіз болмақ! — деген жауап қайырды.
8Бірақ Рохабоғам ақсақалдардың берген ақылын менсінбей, өзіне қызмет көрсететін құрдас жігіттерімен кеңесіп:
9— Ақылдарыңды айтыңдаршы маған. «Әкеңіз бізге артқан ауыр жүкті жеңілдете көріңіз!» деген мына халыққа қандай жауап қайтарамыз? — деп сұрады. —
10Сонда құрдас жігіттері былай деді:
— Сізге: «Әкеңіздің мойнымызға салған ауыр жүгін жеңілдете көріңіз!» деген халыққа мынадай жауап беріңіз: «Менің шынашағымның өзі әкемнің белінен мықты!
11Әкем сендерге ауыр жүк артқан болса, мен соның үстіне тағы да қосамын! Әкем сендерді жай қамшымен ұстаған болса, мен дойыр қамшының астына аламын!»
12Патшаның «Маған үш күннен кейін қайтып келіңдер» деп айтқанына сай, Еробоғам мен бүкіл халық үшінші күні Рохабоғам патшаның алдына жиналды.
13Патша ақсақалдардың берген кеңесін елемей, жас жігіттердің айтқан ақылдарын тыңдап, халыққа дөрекі жауап берді:
14— Әкем сендерге ауыр жүк артқан болса, мен соның үстіне тағы да қосамын! Әкем сендерді жай қамшымен ұстаған болса, мен дойыр қамшының астына аламын!
15Осылайша патша халықтың өтінішіне құлақ салмады. Ал оқиғаның бұлай бет бұруы Құдайдың еркі бойынша еді. Сол арқылы Жаратқан Ие Өзінің шилолық Ахиях пайғамбар арқылы Набат ұлы Еробоғамға айтқан сөзін іске асырды.
16Бүкіл Исраилдің өкілдері патшаның өздеріне құлақ түрмегенін көргенде, оған қарсы айқайлап былай деді:
«Дәуітке біздің қатысымыз жоқ,
Есейдің ұлында еш үлесіміз жоқ!
Мекендеріңе қайтыңдар, исраилдіктер!
Дәуіт, өз үйіңе-ақ билік ете бер!»
Содан олар мекендеріне қайтып кетпек болды.
17Осылай Рохабоғам тек Яһуда руының қалаларында тұратын исраилдіктерге ғана патша болып қалды.
18Сонда ол (патшалықтың біртұтастығын қалпына келтіру мақсатымен) міндетті жұмыстарды басқарушы Адонирамды халыққа жіберді. Бірақ (Солтүстік) Исраилдің адамдары оны таспен атқылап өлтірді. Ал Рохабоғам патшаның өзі күймесіне секіріп мініп, Иерусалимге қашып құтылды.
19(Солтүстік) Исраил күні бүгінге дейін Дәуіттің әулетінен шыққан патшаларға бағынбай келеді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.