1Сол кезде Иса демалыс күні егіндік арасымен өтіп бара жатты. Қарындары ашқан шәкірттері біраз масақ үзіп алып, жей бастады.
2Мұны көрген кейбір парызшылдар Исаға:
— Қараңыз, шәкірттеріңіз демалыс күні істеуге тыйым салынған жұмысты істеп жүр! — деп наразылық білдірді.
3Иса оларға былай деп жауап қайырды:
— Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағы сарбаздар ашыққан кезде не істегендерін оқымап па едіңдер?
4Дәуіт Құдайдың киелі үйіне кіріп, тарту ретінде Құдайға ұсынылған нанды олар жеді емес пе? Ал заң бойынша сол күлшелерді Дәуіт те, қасындағылар да емес, тек діни қызметкерлер ғана жеуге хұқықты болатын.
5Сондай-ақ, діни қызметкерлер ғибадатханада жұмыс істеп, демалыс күні туралы ережелерді бұзады. Бірақ олар сол үшін айыпталмайды. Бұл туралы Таураттан оқымап па едіңдер?
6Сендерге айтамын: осы жерде ғибадатханадан да дәрежесі үлкен Біреу бар.
7Жаратқан Ие: «Мен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын» деген. Егер мұның мағынасын білсеңдер, мына кінәсіздерді айыптамас едіңдер.
8Себебі көктен келген Мен демалыс күнінің де Иесімін! — деп қорытты.
9Ол жерден кетіп бара жатып, Иса яһудилердің жиналатын мәжілісханасына кірді.
10Сол жерде қолы семіп қалған бір адам да болды. Діншілдер Исаны айыптайтын сылтау іздеп, Оған:
— Демалыс күні болса да, ауруды сауықтыруға бола ма? — деген сұрақ қойды.
11Иса оларға жауап беріп былай деді:
— Егер біреуіңнің жалғыз-ақ қойың болып, ол шұңқырға түсіп кетсе, демалыс күні болса да, шығарып алмас па едіңдер?
12Ал адам қойдан әлдеқайда артық емес пе?! Ендеше демалыс күні де жақсылық жасауға болады! —
13Содан Иса әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деп бұйырды. Адам семіп қалған оң қолын созғанда, ол екіншісі сияқты бұрынғы сап-сау қалпына келді!
14Ал парызшылдар болса сыртқа шығып, Исаның көзін жою туралы кеңес құрды.
Иса бұл туралы біліп қойып, сол жерден кетіп қалды.
15Оның артынан көп халық еріп жүрді. Иса солардың бәрін ауруларынан сауықтырды.
16Алайда оларға Өзінің кім екенін жариялауға тыйым салды.
17Осылай Құдайдың Ишая пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты:
18Міне, Менің таңдап алған Қызметшім,
Ол — жаным рақат табатын Сүйіктім!
Оған қондырамын Мен өз Рухымды,
Ол халықтарға жариялайды әділ үкімді.
19Қызметшім айтыспайды да айқайламайды,
Оның дауысы көшелерде шықпайды.
20Ол майысқан таяқты сындырмайды,
Бықсыған білтені де сөндірмейді,
Соңында әділдікті жеңіске жеткізеді.
21Оған басқа елдер де үміттенеді.Құдайдың Рухына қарсы тұрудан сақтандыру
22Сол кезде жұрт Исаның алдына жын соққан, соқыр да мылқау біреуді алып келді. Иса оны сауықтырып, соқыр да мылқау адам әрі көретін, әрі сөйлейтін болды!
23Барша халық қайран қалып, бір-біріне:
— Дәуіттің Ұрпағы (Мәсіх) Осы шығар? — десті.
24Бірақ мұны естіген парызшылдар:
— Сол адам жындарды тек олардың әміршісі белзебүлдің (яғни әзәзіл шайтанның) күшімен қуып шығарады! — деп жала жапты.
25Олардың осы ойларын білген Иса:
— Жікке бөлініп, өзара соғысып жатқан әрбір патшалық жойылып, бос қалады. Өзара ұрысып-керісіп жататын әр қала не үй де құрып кетеді, — деді.
26— Сол сияқты, егер шайтан өзін қуып шығарса, оның өзіне-өзі қарсы соғысқаны! Олай болса, оның патшалығы қалайша жойылмай, берік тұра алады?
27Ендеше Мені жындарды белзебүлдің күшімен қуып шығарады десеңдер, онда сендердің шәкірттерің оларды кімнің күшімен қуып шығады?! Сондықтан айтқандарыңның бұрыстығын өз шәкірттерің-ақ әшкерелейді!
28Бірақ шынында Мен жындарды Құдайдың Киелі Рухының құдіретімен қуып шығарамын. Демек, араларыңда Құдайдың Патшалығы орнаған!
29Немесе күштінің үйіне кірген біреу алдымен соның өзін байлап тастамай, дүние-мүлкін қалайша тонар еді? Тек күштіні жеңіп, байлап-матап тастағаннан кейін ғана оның үйін тонай алады.
30Кім Менімен бірге болмаса, сол Маған қарсы; кім Менімен бірге жинамаса, сол шашады.
31Сондықтан сендерге айтамын: адамдардың жасаған бүкіл күнәлары мен Құдайды қорлағандарына кешірім беруге болады; бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлайтынға кешірім болмайды.
32Көктен келген Маған қарсы сөйлеген әркімге кешірім беруге болады, бірақ Құдайдың Киелі Рухына қарсы сөйлейтіндерге не осы заманда, не келешекте кешірім болмайды!
33Мынаны мойындауларың қажет: ағаш жақсы болса, жемісі де жақсы, ал жаман болса, жемісі де жаман. Ағаш жемісімен танылар.
34Улы жыланның тұқымдары! Сендер жаман бола тұра, қалайша жақсы сөздер айта алар едіңдер? Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар.
35Ізгі адам жан дүниесіндегі игілікті қазынадан игілік алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесінен арамдық алып шығады.
36Сендерге шын айтамын: адамдар өздері айтқан әрбір жағымсыз сөздері үшін қиямет сотында жауап береді.
37Сол кезде сендер айтқан сөздеріңе сай не ақталатын, не айыпталатын боласыңдар.
38Кейбір дін мұғалімдері мен парызшылдар сонда Исаға:
— Ұстаз, билігіңізді дәлелдейтін бір кереметті көрсек деп едік, — деген өтініш жасады.
39Бірақ Оның жауабы мынау болды:
— Жаман, опасыз ұрпақ билігімді дәлелдейтін керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ оған Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді:
40Жүністің үш күн, үш түн дәу балықтың ішінде жатқаны сияқты, көктен келген Билеуші де жер қойнында үш күн, үш түн жататын болады.
41Ниневи тұрғындары қиямет кезінде осы ұрпақтың адамдарымен бірге сот алдында тұрып, олардың қиқарлығын әшкерелейді: ниневиліктер Жүніс уағыздағанда теріс жолдарынан қайтты. Ал мұнда Жүніс пайғамбардан да мәртебесі зор Біреу бар! (Алайда сендер теріс жолдарыңнан қайтудан бас тартасыңдар!)
42Ежелгі Оңтүстік Арабияның патшайымы да қиямет күні осы ұрпақпен бірге сот алдында тұрып, оның қиқарлығын әшкерелейді. Себебі патшайым Сүлеймен патшаның даналық сөздерін тыңдау үшін жердің қиыр шетінен келді. Ал мұнда Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор Біреу бар! (Алайда сендер Маған құлақ аспайсыңдар!)
Құдайға өмірден басты орын беріп, Оның еркін орындау туралы ескерту43Жын адамнан шыққаннан кейін шөл даланы кезіп, баспана іздеп, таппайды.
44Сонда ол: «Шыққан үйіме қайта оралайын» дейді. Қайтып келгенде қараса, үй сыпырылып, жиналыпты, алайда бос тұр екен.
45Содан жын барып, өзінен бетер жауыз тағы жеті жынды ертіп келіп, үйге кіріп, сонда тұрып қалады. Осылайша әлгі адамның кейінгі жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болады. Біліп қойыңдар, осы күнәлі ұрпақтың жағдайы да сол секілді болады!
46Иса әлі де халыққа сөйлеп тұрғанда, Оның шешесі мен туған бауырлары келіп, сыртта тұрып, Исамен тілдеспекші болды.
47Сонда әлдекім Исаға былай деп хабарлады:
— Сыртта шешеңіз бен бауырларыңыз келіп, Сізбен сөйлесеміз деп тұр.
48Алайда Иса осыны айтқанға жауап қайырып:
— Менің шешем, бауырларым кім екенін айтайын ба? — деді де,
49қолын созып шәкірттерін нұсқап: — Міне, Менің «шешем» мен «бауырларым»!
50Себебі көктегі Әкемнің еркін орындайтындар Маған бауыр, қарындас, шеше іспетті жақын, — деді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.