Жаратылыстың баст. 2 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Осылайша аспан мен жер және олардың рет-ретімен орналасқан барлық бөлшектері толықтай жаратылды.

2Құдай жүргізген жарату жұмысының бәрін жетінші күні аяқтап, сол күні еңбек етпей демалды.

3Жетінші күнге Құдай оң батасын беріп, оны қасиетті деп белгіледі. Себебі Ол бұл күні Өзінің жарату жұмысының бәрін бітірген соң тынықты.

Адам ата мен Хауа ананың пейіш бағындағы тамаша өмірі

4Аспан мен жердің жаратылғаннан кейінгі тарихы мынау:

Құдай Ие жер мен аспанды жаратқан кезде

5жер бетінде әлі де даланың бұталары мен өсімдіктері көктеп, өспеген болатын. Себебі Құдай Ие жерге жаңбыр жауғызбаған еді; оны өңдейтін адам да жоқ болатын.

6Ал жер бетінен бу көтеріліп шығып, бүкіл даланы суландырып тұрды.

7Сонда Құдай Ие жердегі топырақтан адамды қалыптастырып жасап, оның мұрнына тіршілік лебін үрледі. Адам осылай тірі жан болып шыға келді.

8Құдай Ие шығыс жақта, Едем деген жерге пейіш бағын орнатып, Өзі жаратқан адамды сонда орналастырды.

9Құдай Ие көз тартарлық, жеуге жақсы жеміс беретін әр түрлі ағаштарды жерден өсіріп шығарды. Бақтың ортасында «мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаш» және «жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш» та өсіп тұрды.

10Бақты суландыратын өзен Едемнен ағып шығып жатты, ол әрі қарай төрт тармаққа бөлініп кететін.

11Біріншісі Пишон деп аталады, ол алтын шығатын бүкіл Хауила өлкесін айналып ағады.

12Сол елдің алтыны ерекше бағалы, онда хош иісті шайыр мен оникс атты асыл тас та бар.

13Екінші өзенді Гихон деп атайды, ол бүкіл Құш өлкесін айналып ағады.

14Үшінші өзеннің аты Тигр, ол Ассурдың шығыс жағынан өтеді. Төртінші өзен — Евфрат.

15Құдай Ие пейіш бағын өңдеп, күтіп-бағу үшін адамды сонда орналастырды.

16Құдай Ие адамға бұйрық беріп: «Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады.

17Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Себебі одан жесең, сол күні өлесің», — деді.

18Содан кейін Құдай Ие: «Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзіне сай көмекші жасап берейін», — деді.

19Құдай Ие даладағы барлық жануарларды және аспандағы күллі құстарды топырақтан қалыптастырып жасаған еді. Енді адамның оларды қалай атайтынын білу үшін бәрін оған алып келді. Адам қандай ат қойса, олар солай аталатын болды.

20Сонымен адам малдар мен аңдардың және аспандағы құстардың барлық түрлеріне де өз аттарын берді.

Ал адамға өзіне сай көмекші табылмады.

21Сонда Құдай Ие адамды терең ұйқыға батырып, ұйықтап жатқанда оның бір қабырғасын алып, соның орнын етімен жауып тастады.

22Құдай Ие осы қабырғадан әйел жасап шығарып, оны адамға алып келді.

23Риза болған адам былай деді:

«Міне, бұл — сүйек, өз сүйегімнен шыққан,

Әрі тән, өз тәнімнен шыққан!

Ол әйел деп аталатын болсын,

Себебі ол еркектен алынып жасалған».

24Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне берік қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады.

25Адам мен оның әйелі жалаңаш еді, ал олар бұған ұялған жоқ.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help