1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған. Сопрано дауыспен айтылатын Қорах ұрпақтарының жыры.)
2Құдай — біздің панамыз да күшіміз,
Қиын кезде сенімді көмекшіміз.
3Сол себептен біз уайымдап қорықпаймыз,
Тіпті дүниенің астан-кестені шықса да,
Таулар теңіздің тұңғиығына құласа да,
4Теңіз долдана ақ көбік атқыласа да,
Оның толқынынан тау сілкініп жатса да.
(Әлемнің Иесі біздің жанымызда,
Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да!)
5Құдайдың таңдап алған қаласына,
Алла Тағаланың киелі тұрағына
Оның рақымы бұлақтың суындай
Әрқашан да нәр беріп қуантуда.
6Құдай осы қаланың ортасында,
Ешқашан қозғалмайды да сол қала,
Құдай көмегін береді таң ата.
7Халықтар абыржи толқып,
Патшалардың тақтары шайқалады,
Алла Тағаланың үні естіліп,
Бүкіл жер беті балқып жоқ болады.
8Әлемнің Иесі біздің жанымызда,
Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да!
9Келіп көріңдер Иенің істерін,
Ол ойрандатты жаулардың жерлерін,
10Дүниедегі соғыстарды тоқтатып,
Садақ, найза атаулыны сындырып,
Күймелерді қиратты отқа жағып.
11«Тынышталыңдар барлығың енді,
Біліңдер Менің Құдай екенімді!
Басқа халықтар Мені құрметтейді,
Дүние жүзінде Мені қастерлейді».
12Әлемнің Иесі біздің жанымызда,
Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
