Забур жырлары 101 - Киелі кітап(QazBi2010)

Зор ауыртпалық шеккен адамның мінажаты

1(Ауыртпалық шегіп, әлсіреген жанның Иемізге мұңын шаққан мінажаты.)

2Уа, Жаратқан, мінажатымды естіші,

Көмек сұраған даусым Саған жетсінші,

3Қиын кезде менен сырт айналмашы,

Маған құлағыңды түре көрсеңші,

Өзіңді шақырсам тез жауап берші.

4Күндерім түтіндей лезде жоғалады,

Сүйектерім от шоғындай маздап жанады.

5Шабылған шөптей қурады жүрегім,

Тамақ ішуді де ұмытып келемін,

6Қатты қиналып ыңқылдағанымнан

Әбден жүдегенмін, құр сүлдерім қалған.

7Құла түздегі бірқазанға ұқсаймын,

Һәм қираған орындағы жапалақтаймын,

8Мен ұйықтай алмай ояу жатырмын,

Үй төбесіндегі құстай тым жалғызбын.

9Дұшпандарым күнде балағаттайды,

Мені мазақтап, атымды қарғайды.

10Нан орнына күлмен тамақтанамын,

Көз жасымды сусыныма қосамын.

11Мұның себебі — ашу-ызаң Сенің,

Жоғары көтеріп, мені лақтырған едің.

12Кешкі көлеңкедей өтеді күндерім,

Қураған шөптей әбден әлсіредім.

13Ал Сен, Жаратқан Ие, мәңгі боласың,

Бар ұрпақтарға жайылар Сенің даңқың.

14Орныңнан тұрып, Сионға рақым етші,

Енді уақыт болды, мейірім көрсетші,

Соған белгілеген мезгілің жетті.

15Құлдарың Сионның тастарын ұнатады,

Шаң-тозаңы аяныштарын оятады.

16Бар ұлттар дірілдер Жаратқанның атынан,

Әлемнің патшалары да Оның даңқынан:

17Жаратқан Ие Сионды қайта тұрғызбақ,

Өз салтанатымен сонда пайда болмақ,

18Мұқтаждың мінажаттарын Ол тыңдайды,

Жалыныштарын жауапсыз қалдырмайды.

19Болашақ ұрпақтар үшін бұл жазылмақ,

Келер буындар Жаратқанды даңқтамақ:

20Жаратқан Ие көктен жер бетіне қарады,

Киелі үйінен Ол төмен көз тастады,

21Тұтқындардың ыңқылдауын есту үшін,

Өлімге кесілгендерді азат ету үшін.

22Содан Жаратқанның аты Сионда мақталмақ,

Даңқы Оның Иерусалимде асырылмақ,

23Сонда бар халықтар бұл қалаға жиналар,

Патшалықтар Жаратушыға ғибадат қылар.

24Өмір жолымда Тәңір мені қалжыратты,

Ғұмырымның күндерін Ол қысқартты.

25Сонда мен былай дедім Жаратқанға:

«Уа, Құдайым менің, жарты жолда

Өмірімді көрмеші қысқарта!

Сен жасайсың ұрпақтан ұрпаққа,

26Жердің негізін салғансың әуел баста,

Құдіретіңмен жараттың аспанды да.

27Олар құриды, Сен боласың әр уақытта,

Киімдей тозады олардың барлығы да,

Көйлектей ауыстырасың Сен оларды,

Содан олар лақтырылып тасталады.

28Ал Өзің өзгермей қалатын боласың,

Еш таусылмайды Сенің жасар жылдарың.

29Құлдарыңның ұлдары тыныш тұрады,

Ұрпақтары көз алдыңда нық болады».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help