Ишая 9 - Киелі кітап(QazBi2010)

Дәуіттің Ұрпағының ізгілікті патшалығы туралы уәде

1Забулон мен Нафталимнің отанын

Иеміз бұрыннан масқараға ұшыратқан.

Ал болашақта осы бір аймақты —

Теңізге баратын жол бойындағы

Әрі Иорданның батыс жағындағы

Бөтен ұлттар тұрған Ғалилея аймағы

Зор абыройға бөлейтін болады!

2Халық қараңғыда ғұмыр кешіп келеді,

Ал енді бір ғаламат Нұрды көреді,

Түнек басқан жерде тұратын елге

Таңның шапағы сәулесін төгуде!

3Уа, Ием, Сен санын көбейтіп халқыңның,

Оған үлкен қуаныш та сыйлайсың.

Адамдар өнім жинау маусымында,

Не жау олжасын бөлісіп алғанда

Қатты қуанатындары сияқты,

Халқың шаттанады Сенің алдыңда.

4Себебі Сен өз ата-бабаларын

Ежелде Мадиянның зорлығынан

Шексіз құдіретіңмен құтқарғансың!

Енді тағы да меншікті халқыңның

Еңсесін басқан езгіні құртасың,

Арқасын ұрып-соққан жау сойылын,

Қатал қанаушының асатаяғын

Біржола сындырып, жойып тастайсың!

5Әскердің жер таптаған етіктері

Әрі қанға малынған киімдері

Енді өртелуге белгіленеді,

Бәрі де отқа жем болып кетеді.

6Себебі Сәби дүниеге келді,

Біз үшін осы Ұл сыйға берілді!

Билік Оның қолында қала береді:

Ол «керемет ақылды Кеңесші,

Құдіретті Құдай, Мәңгілік Әке,

Тыныштықты сыйлайтын Әмірші»

Деп те аталатын болады.

7Оның құрған билігі арта түсіп,

Орнатқан тыныштығы шексіз болады,

Өзі Дәуіттің тағына отырып,

Мәңгі патшалығын сол кезден бастайды,

Әділдікпен нығайтып, жалғастырып,

Ақиқатты да ұстанатын болады.

Барлық қайрат-жігерімен бұларды

Әлемнің Иесі іске асырады!

Жауыз да асқақ Солтүстік Исраилдің жазалануы

8-9Жасаған Ие Жақыптың үрім-бұтағына үкім шығарды, әрі бұл шешімін олардың арасында жүзеге асырады. Солтүстік Исраилдің бүкіл халқы, Самария қаласының әрбір тұрғыны мұны ұғынатын болады. Олар өркөкіректеніп, менменсіп:

10«Саман үйлеріміз құлады, бірақ біз қашалған тастан қалап мықтылап қайтадан үй саламыз! Тұт ағаштарымыз кесіліп тасталды, бірақ орнына әлдеқайда құнды балқарағайлар отырғызамыз!» — деп, қиқарлық көрсетіп келді.

11Алайда Жаратқан Ие Ресин патшаның жауларын күшейтіп, Солтүстік Исраилге қарсы

12шығыстан Араманы, батыстан філістірлерді аттандырды. Олар Исраилді жалмап қоюға құнығып, ауыздарын арандай ашты.

Соның өзінде Жаратқан Иенің қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!

13Алайда осы халық өзін жазалаған Әлемнің Иесіне қайтадан бет бұрып, Оның еркін білуге ұмтылған жоқ.

14Сол себепті бір-ақ күн ішінде Жаратқан Ие Исраилдің басы мен құйрығын, оның үлкенді-кішілі барлығын да шауып тастайды:

15рубасылар мен атақтылар — елдің басы, ал құйрығы — жалған тәлім беруші көріпкелдер.

16Бұл халықты өз жетекшілері адастырады. Соларға еріп жүргендер теріс жолға азғырылады.

17Сондықтан Жасаған Ие осы халықтың жас жігіттерін аямайды, жетім-жесірлеріне де жаны ашымайды. Себебі бәрі де арсыз зұлымдар, ауыздарынан шыққан сөздері өтірік!

Алайда Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!

18Расында адамдардың әділетсіздігі от іспетті лаулап жанып, тікенді бұталарды әрі жантақ, ошағанды жалмап, ну орманды да өртеп жібереді. Түтін бағаналары зәулім биікке дейін көтеріледі.

19Әлемнің Иесінің лаулаған қаһарынан жер өртеніп, халық отқа жем болады. Сонда адамдар жақындарын да аямай, әркім өз қара басын ғана қорғайды.

20Олар оңды-солды тапқандарын жалмап жеп жатса да, көрген аштығының беті қайтпайды. Адам тіпті өз қандастарын да жалмап,

21Манаса Ефреммен, Ефрем Манасамен соғысып, содан екеуі бірігіп Яһудаға шабуыл жасайды.

Соның өзінде Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help