Нақыл сөздер 5 - Киелі кітап(QazBi2010)

Неке адалдығына шақыру

1Балам, даналығымды қабылда,

Ұлағатты сөздерімді тыңда,

2Осылай естілікті үйренерсің,

Білім сақтап, парасатпен сөйлерсің.

3Азғын әйелдің тілінен бал тамады,

Сөздері майдан да жұмсақ болады.

4Бірақ оның кесірі ащы жусандай,

Соңы өткір болар екі жүзді семсердей.

5Аяқтары өлім жолына түсіп барар,

Қадамдары көрге қарай бағытталар.

6Шынайы өмір жолын сол әйел ойламайды,

Қауіпті жолмен жүргенін аңғармайды.

7Сонымен, балалар, тілімді алыңдар,

Айтатын сөздерімнен бас тартпаңдар!

8Әрдайым алыс бол сондай әйелден,

Жақындамай, аулақ жүр есігінен!

9Әйтпесе әл-күшіңнен құр қаласың,

Жиғаныңды қатал жанға тапсырасың.

10Басқалар байлығыңды иемденер,

Бөтен жан еңбегіңнің жемісін жер.

11Өміріңнің соңында тәнің әлсіреп,

Былай деп күйзелерсің, қатты опық жеп:

12«Әттеген-ай, тәрбиені неге жек көріппін,

Ескертуді қалайша елемей жүріппін?

13Ұстаздарымның тілін қалайша алмаппын,

Тәлімгерлеріме еш құлақ салмаппын?

14Сондықтан мен жиналған жамағаттың

Алдында масқара бола жаздаппын!»

15Суын ішіп, шөліңді бас өз «құдығыңнан»,

Ләззат тап өз «бұлағыңның кәусарынан».

16«Бұлағың» көшелерде ақсын ба,

«Кәусарың» алаңдарда жайылсын ба?

17Лайым ол тек қана сендік болсын,

Адал жүр, бөліспе оны өзгелермен!

18Құдайым жарылқай көрсін «бұлағыңды»,

Қанағат ет жастай алған қосағыңды:

19Ол еліктей сұлу, тауешкідей әсем,

Үнемі ләззат тап кеудесінен,

Мас бола бер махаббатына әрдайым.

20Балам, өзге әйелге әуестіктің қажеті не?

Басқаның кеудесін құшқаннан табасың не?

21Адамның күллі ісі Жаратқанның көз алдында,

Ол баға береді пенденің бар жолына.

22Зұлым жан өз күнәларының тұзағына түсер,

Жасаған жамандықтары оны кіріптар етер.

23Тәрбиесіздігі оны ажалға тап қылар,

Зор ақымақтығы ақ жолдан адастырар.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help