Шежірелер 2-ж. 14 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Абиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды.

Яһуда елінің патшасы Аса

Абияхтың ұлы Аса оның орнын басып патша болды. Асаның заманында елде он жылға тыныштық орнады.

2Аса өзінің сиынатын Құдайы Жаратқан Иеге ұнамды ізгі де әділ істер істеді.

3Ол бөгде тәңірлерге арналған құрбандық орындарын және биіктеу жерлердегі табыну орындарын қиратып құртты. Солардағы тас бағаналарды сындырып, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды да шауып тастады.

4Патша, сондай-ақ, яһудалықтарға ата-бабаларының сиынған Құдайы — Жаратқан Иеге бет бұрып мойынсұну әрі Оның Таурат заңы мен өсиеттерін орындау жайлы да бұйырды.

5Аса Яһуданың күллі қалаларынан биіктеу жерлердегі табыну орындарын және хош иісті заттар түтетілетін үстелдерді құртып, алып тастады. Оның тұсында патшалық бір тыныш кезеңді өткізді.

6Осы бейбітшілік кезінде патша Яһуда елінде қамалды қалалар салды. Сол жылдары онымен ешкім соғысқан жоқ, себебі Жаратқан Ие оған тыныштық сыйлаған еді.

7Аса Яһуда халқын осы іске жігерлендіріп былай деген болатын: «Сол қалаларды салып, оларды қабырғалармен әрі мұнаралармен қоршайық. Мықты бөренелермен бекітілген қақпалар да тұрғызайық! Біз Құдайымыз Жаратқан Иеге бет бұрып сиынып келеміз, сол себепті ел әлі де біздікі. Иә, Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның еркін біліп, орындауға ұмтылып келеміз. Содан Ол бізге барлық жағымыздан тыныштық сыйлады!»

Мұнан соң халық құрылысқа жаппай қатысып, табысқа жетті.

Құштық патшаның Яһудаға шабуыл жасап, жеңілуі

8Асаның жасағы үлкен қалқан, найзамен қаруланған үш жүз мың яһудалықтан және қалқан, садақпен қаруланған екі жүз сексен мың буняминдіктен тұрды. Олардың барлығы мықты сарбаздар болатын.

9Кейінірек құштық Зарах сан мыңдаған жасақшылардан және үш жүз соғыс күймесінен тұратын әскер қолымен Яһуда еліне қарсы аттанып, (елдің батыс жағындағы) Мареша қаласына жетті.

10Яһуда патшасы Аса оларға қарсы шығып, екі жақ Марешаның маңындағы Сефата аңғарында сап түзеп, шайқасқа дайындалды.

11Аса Құдай Иесіне дауыстап сиынып былай деді: «Уа, Жаратқан Ие, әлсізді мықтыдан қолдап-қорғайтын құдірет жалғыз Сенде ғана! О, Құдайымыз — Жаратқан Ие, бізді қолдай гөр! Біз Саған сенім артамыз, Сенің атыңмен осы қарақұрым тобырға қарсы аттанып шықтық. Уа, Жаратқан Ие, Сен біздің Құдайымызсың! Пенденің Өзіңнен басым болуына жол бере көрме!»

12Сонда Жаратқан Ие Асаның және Яһуда жасағының көз алдында құштық Зарахтың жасақшыларына соққы берді. Содан олар қаша жөнелді.

13Аса мен оның қасындағы жасағы жауларды (оңтүстіктегі) Герар қаласына дейін қуды. Құштықтардың қаза тапқандары соншама көп болып, олар қайтадан күш жинай алмады. Өйткені олар Жаратқан Иенің және Оның қолдаған жасағының алдында қырылып талқандалған еді. Ал яһудалықтар қолдарына ағыл-тегіл олжа түсіріп, алып кетті.

14Кейін яһудалықтар Герардың айналасындағы қалаларға шабуыл жасады. Солардың бәрі де Жаратқан Иенің құдіретінен қорқып үрейленіп отырған еді. Содан яһудалықтар осы қалалардағы олжалауға тұрарлық көптеген заттарды иемденіп алды.

15Мұнан кейін олар шатырларда тұрып, мал бағатын тайпаларға да шабуылдап, олардың көп қой-ешкі, түйелерін тартып алып, Иерусалимге қайта оралды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help