Забур жырлары 18 - Киелі кітап(QazBi2010)

Бүкіл әлемнің Құдайдың ұлылығын жариялауы

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)

2Құдайдың салтанатты ұлылығын

Аспан әлемі ашық паш етеді,

Оның қолының керемет істерін

Әуе кеңістігі де көрсетеді,

3Осыларды олар жариялайды күнде,

Бұл білімді мәлімдейді әр түнде.

4Сол «үндерін естімеген» ешбір тіл де,

Ешқандай ұлт та қалмайтын болады.

5«Үндері» жайылады бар жер бетіне,

«Сөздері» жердің шетіне таралады.

Құдай күнді аспанда орналастырған.

6Күйеу жігіттей бөлмесінен шыққан

Күннің жүзі де қуана нұрланады,

Ол жүйріктей жарысуға құлшынады.

7Көкжиектің бір шетінен күн шығады,

Келесі шетіне өтіп айналады,

Ештеңе де қызуынан тыс қалмайды.

8Кемелді — Жаратқанның тағылымдары,

Жан дүниені олар жаңартады.

Ақиқат — Иеміздің жарлықтары,

Олар наданды да дана қылады.

9Әрі әділ — Жаратқанның бұйрықтары,

Олар жүрекке қуаныш құяды.

Жаратқанның өсиеттері сондай нұрлы,

Көздерді ашып, жарқыратады.

10Мойынсұна қастерлеу Жаратқанды:

Осы таза ниет мәңгі қалады.

Жаратқанның шешімдері шынайы,

Барлығы мүлтіксіз де әділетті,

11Тіл үйірген таза балдан да тәтті,

Алтыннан, саф алтыннан да бағалы.

12Бұлардан пендең ескерту алады,

Бәрін ұстанғанды зор сый тосады.

13Кім байқайды өз теріс қылықтарын?

Тазарта гөр, Ием, құпия күнәмнан,

14Сақтай гөр әдейі күнә жасаудан,

Жамандық жүргізбесін билік маған!

Сонда көз алдыңда мінсіз боламын,

Ауыр күнәлардан да аулақ тұрамын.

15Лайым менің аузымдағы сөздерім

Әрі жан дүниемдегі ой-ниеттерім

Ұнамды болсын Саған, о, Жаратқаным.

Өзіңсің жартастай мықты Қорғаным

Һәм Құтқарушым, уа, Жаратқан Ием.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help