Руларды санау 17 - Киелі кітап(QazBi2010)

Һаронның таяғының бүр жарғаны

1Мұнан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:

2«Исраилдіктерге он екі рудың он екі рубасының таяқтарын берсін деп бұйыр да, өзің соларды қабылдап ал. Әрбір рубасының есімін оның берген таяғына жазып қой.

3Леуі руының таяғына Һаронның есімін жаз, өйткені әрбір рудың бір басшысының таяғы болу керек.

4Таяқтарды кездесу шатырында Өзім сендермен кездесетін орын — Келісімнің айғақтары (сақталған сандықтың) алдына қой.

5Мен кімді (діни қызметкер болуға) таңдап алған болсам, соның таяғы бүр жарады. Осылайша Мен исраилдіктердің өздеріңе қарсы күңкілдеп білдірген наразылықтарын доғартамын».

6Мұса исраилдіктерге бұйырып, әрбір рубасы өз руының атынан бір таяқтан берді. Һаронның таяғы да солардың таяқтарының арасында болды.

7Мұса таяқтардың барлығын алып, оларды Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырда Жаратқан Иенің алдына қойды.

8Келесі күні Мұса киелі шатырға келіп қараса, Леуі руы үшін берілген Һаронның таяғы бүр жарып қана қоймай, гүлдеп, бадам жаңғақтарын да беріпті!

9Мұса таяқтардың барлығын Жаратқан Иенің алдынан алып шықты да, оларды бүкіл Исраил халқына көрсетті. Халық таяқтарды қарап, әр рубасы өз таяғын қайтарып алды.

10Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деді: «Һаронның таяғын бағынбайтын қиқарларға ескертпе болу үшін Келісімнің айғақтары алдына қайтадан сақтап қой. Осылайша өздерінің Маған күңкілдеп наразылық білдірулерін доғарсын. Әйтпесе олар өлім құшады».

11Мұса мұны дәл Жаратқан Иенің айтқанындай істеді.

12Ал исраилдіктер Мұсаға: «Біз өлеміз, құрып бара жатырмыз! Бәріміз де құрып бара жатырмыз-ау!

13Тіпті Жаратқан Иенің киелі шатырына таяп келетін адам да өлім құшады екен! Осылай бәріміз де құрып кетер ме екенбіз?» — деп қатты уайымдады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help