Нақыл сөздер 15 - Киелі кітап(QazBi2010)

Ізгі сөз бен іс берекелі

1Жәбір сөз ашу туғызар,

Биязы жауап ашуды басар.

2Дана жанның тілі білімді мақтар,

Аңқаудың аузынан надандық ағылар.

3Жаратушының көз алдында бәрі аян,

Бар жақсы мен жамандар айқын Оған.

4Мейірімді тіл өмір сыйлайтын ағашқа ұқсар,

Өтірікші тіл рухыңды жаншып-басар.

5Әкенің тәрбиесінен ақымақ безер,

Ескертуге ден қойған парасатқа кенелер.

6Әділдің үйінде мол қазына болар,

Арамзаның тапқаны өз берекесін алар.

7Дананың тілі білім себеді,

Наданның санасы олай істемейді.

8Арамзаның құрбандығынан Жаратқан жиренер,

Ал әділдің мінажаты Оны сүйсіндірер.

9Арамзаның жолынан Жаратқан жиренер,

Әділдікті қуғанға Ол сүйсінер.

10Жолдан безген ауыр жаза тартар,

Ескертуді жек көрген опат болар.

11О дүние мен тозақ Жаратқанға аян,

Оған адам жүрегі содан бетер аян.

12Мысқылшыл өзіне ескерткенді ұнатпас,

Дананың маңына ол жақындамас.

Қуанышты жанның тойы тарқамас

13Жүректің қуанышы бет-жүзді жарқыратар,

Жүректің қайғысы көңілді жабырқатар.

14Зерделінің санасы білім қуар,

Зердесіз ақымақтыққа тойынар.

15Бақытсыздың қай күні де қайғыдан арылмас,

Қуанышты жанның тойы тарқамас.

16Мол қазынасы болып, уайымдағаннан гөрі

Азды қанағат етіп, Жаратқанды қастерлеген игі.

17Жек көрген жан ұсынған семіз сиыр етінен

Көкөніс тағамы игі сүйген жан берген.

Ізгі ақыл-кеңес пен адал еңбектің зор пайдасы

18Ашушаң дау туғызар,

Байсалды дауды басар.

19Жалқаудың жолын тікен басар,

Адалдың жолы тегіс болар.

20Ақылды бала әкесін риза қылар,

Ақылсыз жан шешесін қор қылар.

21Ақылы азды ақымақтық сүйсінтер,

Ал ақылды жан тура жолмен жүрер.

22Кеңессіз құрған іс аяқсыз қалар,

Көптің ақылымен ол жүзеге асар.

23Дәл айтылған жауап адамды қуантар,

Уақтылы айтылған сөз бір ғанибет болар.

24Дананың өмір жолы биікке бастар,

Ажалдан оны сақтап қалар.

Кішіпейіл жанның абыройы өсер

25Жаратқан Ие менменнің үйін талқандар,

Ол жесірдің жерінің шекарасын қорғар.

26Зұлымның жоспарларынан Жаратқан жиренер,

Пәк жанның сөздеріне Жаратқан сүйсінер.

27Пайдақор отбасының берекесін кетірер,

Параны жек көрген тыныш өмір сүрер.

28Әділ жан жауабын ойлап берер,

Арамза жаман сөзін лақ еткізер.

29Арамзадан Жаратқан Ие алыс болар,

Әділдің мінажатына Ол құлақ салар.

30Жарқын жүз жүректі қуантар,

Жақсы хабар денеге қуат дарытар.

31Өмірдің тәрбиесіне құлақ түргендер

Даналар арасынан орын тебер.

32Тәрбиеге ден қоймаған өз жанын жек көрер,

Ескертуді тыңдаған ақыл-парасат иемденер.

33Жаратқанды шын қастерлеу даналыққа үйретер

Және кішіпейіл жанның абыройы өсер.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help