Ишая 53 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге ашық көрсетілді?

2Қызметшісі Құдай алдында жас көшеттей, құрғақ жерден шыққан жас өркендей өсіп шықты. Оның біз таңырқап қарайтындай ажары мен келбеті немесе бізге ұнайтындай ұсқыны жоқ еді.

3Оны адамдар менсінбей, жалғыз қалдырды. Ол ауыр азап көріп, көп қасірет шегіп, жұрт бетін бұрып әкететіндей жиренішті болды. Оны біз де бағалаған жоқпыз.

4Шынында Құдайдың Қызметшісі біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді. Оның ұрылып, азап шегуін Құдай бұйырған жаза деп ойладық!

5Алайда Құдайдың Қызметшісі біздің күнәларымыз үшін түйреліп, біздің әділетсіз істеріміз үшін құртылды. Оның тартқан жазасы бізге амандық пен тыныштық әкелді. Оның жараларының арқасында біз (рухани дертімізден) сауықтық.

6Барлығымыз адасқан қойлардай тентіреп, өз бетімізбен жүрдік. Ал Жаратқан Ие бәріміздің күнәларымызды Қызметшісінің мойнына артты.

7Ол зорлық көріп қиналды, алайда аузын ашпады. Оны тоқты сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын қой секілді тіс жармады.

8Оны жәбірлеп, әділетсіз соттап, өлтіруге алып кетті. Оның замандастарынан кім мынаны ойлады: Ол халқымның күнәларына бола азапталып, бұ дүниеден аластатылды.

9Оның моласы қылмыскерлер қорымында белгіленгенмен, мәйіті бай адамның қабіріне қойылды. Өйткені Ол ешқандай күнә жасаған да емес, аузынан бірде-бір өтірік шыққан да емес.

10Алайда Жаратқан Иенің Қызметшісі Оның еркімен азап шегіп құртылды. Ол өз жанын айыпты өтейтін құрбандық еткен соң, өз үрім-бұтағын көріп, ғұмыры ұзақ болады. Қызметшісінің арқасында Жаратқан Иенің еркі жүзеге асады.

11Әділ Қызметшім «жан азабының нәтижесіне қарап қанағаттанатын болады. Оны көп адамдар танып мойындап, ақталады. Ол солардың күнәларын өз мойнына алады.

12Оған сол себептен көптеген адамдарды табыс етемін. Ол билік иелерін де олжалайды. Себебі Қызметшім жанын өлімге қиып, қылмыскерлердің қатарында саналды. Ол бірақ көптеген адамдардың күнәларын өз мойнына алып, қылмыскерлердің кешірілуі үшін ара түсті».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help