1Бұл — Аян аңғары туралы ауыр хабар:
Не болып жатыр? Неліктен барлығың да үйлердің жалпақ төбелеріне шығып алғансыңдар?
2Уа, бұрын толқыған, у-шу мен той-думанға толған қала! Сенің тұрғындарың өлді, бірақ семсерден емес, ашаршылық пен індеттен!
3Күллі басшыларың бірге қашып кетіп, бір жебе де атпастан тұтқынға түсті. Сенен табылған адамдарыңның бәрі бірдей ұсталды. Олар алысқа қашып кетпекші болған еді.
4Сондықтан былай деймін: «Маған қарамаңдар, мен зар жылап жатырмын, қырылған халқымды жоқтаудамын. Мені жұбатуға тырыспаңдар!
5Өйткені Аян аңғарындағы осы бір үрей мен жеңіліс әрі мидай шатасқан уақыт Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иенің Өзінен келді! Қаламыздың қабырғалары құлап, айқайлағандардың даусы төбелерді жаңғыртуда.
6Еламның жасақшылары садақ пен жебе асынып, күймелерге мініп келді, Кир елінің адамдары қалқандарын дайындады.
7Сонда ең құнарлы деген аңғарларың күймелерге толды. Салт атты жасақшылар Иерусалим қақпасына қарсы сапта тұр.
8Яһуданы қорғайтын бекіністері талқан болды.
Сол күні сендер «Орман сарайындағы» қару-жарақтарға үмітпен қарадыңдар.
9Алайда Дәуіттің шаһарының қамал қабырғасында қанша жарылған жердің бар екендігін көрдіңдер. Төменгі тоғанда су сақтап қойдыңдар.
10Иерусалимдегі үйлерді тексеріп шығып, солардың тастарымен қамалдың қабырғасын бекіту үшін кейбіреулерін құлаттыңдар.
11Көне тоғанның суын жинау үшін қаланың екі қабырғасының арасына тоған саласыңдар. Алайда сендер Құдайға көңіл бөлмедіңдер! Оның Өзі осының бәрін бұдан көп бұрын жоспарлап, оның осылай болуына себепші болды!
12Сондықтан сол кезде Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие сендерді жылап жоқтау айтуға, шаштарың мен сақал-мұрттарыңды алып тастап, азалы киім киюге шақырды.
13Алайда соның орнына сендер мәз-мейрам болып тойладыңдар, ірі қара мен ұсақ малдарды сойып, етін жеп, шарап ішіп отырып: «Ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өліп қалармыз!» деп, еркінсіп жүрдіңдер.
14Әлемнің Иесі маған оларға арналған мына хабарды естіртіп білдірді: «Осы күнәларыңның арамдығы көздерің тірі болған кезде тазартылмайды!» — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны антпен бекіткен.
Менмен сарай басқарушысы Шебнаға ескерту15Кейінірек Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие маған тағы мына тапсырманы берді: «Бар да, сарай басқарушысы Шебнаға былай де:
16Осы қалада қандай құқығың бар, қандай тума-туыстарың бар? Төбе басындағы жартасты үңгітіп, өзіңе керемет қабір дайындауға қалай дәтің барады?
17Ей, күшті адам, Жаратқан Ие сені қатты қысып ұстап, алысқа лақтыра салады.
18Ол сені жүн шумағындай қағып алып, ұлан-ғайыр елге лақтырып жібереді. Сен сол жерде өліп, өзіңнің сондай сән-салтанатты күймелерің де сонда болады. Саған бола қожайыныңның әулеті масқараланады.
19Сені сарайдан шығарып, жоғарғы дәрежеңнен құлдыратамын», — деп ескертті Жаратқан Ие.
20«Сол күні Мен Хелкия ұлы Елиәкімді шақырып аламын.
21Сенің шапаныңды оған жауып, жалпақ белбеуіңді оның беліне таңамын. Сенің барлық мәртебе-дәрежеңді оған сеніп тапсырамын. Ол Яһуда мен Иерусалим халқына әке іспетті қорғаушы болады.
22Оның қолына Дәуіттің әулеті тұратын сарайдың кілтін табыстаймын. Ол ашқанды ешкім жаппайды, ол жапқанды ешкім ашпайды.
23Мен оны ағашқа қаққан ілмектей мықтап бекітемін. Ол әкесінің отбасына атақ-даңқ әкеледі.
24Әкесінің әулеті оның арқасында абыройлы болмақ. Әкесінің барлық үрім-бұтағы да ілмекке ілінген қыш құмыра не тостаған іспетті оған байлаулы болмақ».
25Алайда Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: «Мықтап бекітілген осы ілмек күндердің күнінде босап кетіп, құлап түседі. Оған ілінген барлық жүк те онымен бірге құлап түсетін болады». — Жаратқан Ие осыны кесіп айтты.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.