Езекиел 25 - Киелі кітап(QazBi2010)

Аммон халқына шығарылған үкім

1Бірде Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:

2«Пендем, бет-жүзіңді Аммон еліне қарай бұр да, оларға қарсы мына хабарымды жеткіз:

3Жаратушы Тәңір Иенің сөзін тыңдаңдар! Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендер Менің киелі үйім арамданып, Исраил елі күйреп, халқым Яһуда тұтқындалып, жер аударылғанда «Әп, бәлем! Өзіне де сол керек!» деп табалап мазақтадыңдар.

4Сондықтан біліп қойыңдар, Мен сендерді шығыстағы иен даланы мекендейтін көшпелі тайпалардың меншігіне тапсырамын. Олар араларыңда қостарын тігіп, шатырларын құрып, бекінеді. Сендердің өнімдеріңді жеп, малдарыңның сүтін ішетін болады.

5Мен Рабба қаласын солардың түйелері жайылатын құла түзге айналдырамын, бүкіл Аммон елі де қой-ешкінің тынығатын қашасы болады. Осылай сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар!»

6Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ей, Аммон халқы, сен Исраил елін жек көргеннен қолдарыңды шапалақтап, аяқтарыңмен жер тепкілеп, оны табалап күлдің.

7Сондықтан Мен саған қарсы қолымды созып, сені басқа халықтарға олжа етіп беремін. Осылай Мен сені ұлттардың арасынан аластатып, елдердің сапынан біржола құртып, жоқ қыламын. Содан сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың!»

Моаб халқына шығарылған үкім

8Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Моаб пен Сейірдегі халық былай деді: «Міне, қараңдар! Яһуда халқы барлық басқа ұлттар сияқты болыпты!» —

9Сол себепті Мен Моабтың ел шетіндегі даңқты қалалары: Бет-Ешимот, Бағал-Меон және Кириятаимнан бастап елдің шекараларын осал етемін.

10Мен Моаб пен Аммонды шығыс тайпаларының қолына табыстаймын. Сондықтан басқа халықтар аммондықтарды ұмытып, естерінен шығаратын болады.

11Мен Моабқа да үкімін шығарып, жазасын тартқызамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».

Едомға шығарылған үкім

12Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Едом халқы Яһуда елінен қаскүнемдікпен кегін алып, ауыр қылмыс жасады.

13Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен Едомға қарсы қолымды созып, оның тұрғындары мен малдарын құртамын. Теманнан Деданға дейін бүкіл халық семсерден қырылып, ел қаңырап бос қалады.

14Осылайша Мен халқым Исраил арқылы Едомға тиісті жазасын тартқызамын. Исраил мұны Менің ашуым мен қаһарыма сай істейді. Сонда Едом Менің жазалауымның не екенін білетін болады». — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады.

Філістірлерге шығарылған үкім

15Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Філістірлер жүректерінде сақтап келген кектеріне бола Яһуда халқынан өштерін алып, ежелден келе жатқан қаскүнемдіктеріне сай оның елін құртуға тырысты.

16Сондықтан да Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Біліп қойыңдар, Мен філістірлерге қарсы қолымды созып, кереттіктерді құртып, теңіз жағалауындағы қалған халықтарды да жоқ қыламын.

17Мен оларға аяусыз қарымталарын қайтарып, қаһарымды төгіп, жазаларын тартқызамын. Осылай істеген кезімде олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help