Руларды санау 29 - Киелі кітап(QazBi2010)

Кернейлер мейрамындағы сый-тартулар

1Жетінші айдың бірінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні жұмыс істемеңдер. Мейрам күні керней тартыңдар.

2Жаратқан Иеге ұнамды да хош иісті құрбандықтар ретінде бір жас бұқа, бір қошқар, бір жылдық жеті еркек тоқтыны шалып, түгелдей өртеп жіберіңдер. Бұлардың бәрі де мінсіз болсын.

3Оларға тиісті астық тартуын: жас бұқа үшін — пұттың оннан үш бөлігі, қошқар үшін — пұттың оннан екі бөлігі

4және жеті тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыныңдар.

5Ал жасаған күнәларыңның құнын өтеп, солардың арамдығынан тазаруларың үшін бір текені шалып ұсыныңдар.

6Осы айтылған мейрамдардағы арнайы құрбандықтар мен сый-тартулар белгіленген тәртіптеріне сай ұсынылатын мына кезекті құрбандықтарға қоса әкелінсін: айдың бірінші күні шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен оларға тиісті астық тартуы, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен оларға тиісті астық және сұйық тартулары. Бұлардың барлығы да — өртеліп ұсынылатын, Жаратқан Иеге ұнамды да хош иісті тартулар.

Күнәнің арамдығынан тазарту мейрамындағы сый-тартулар

7Жетінші айдың оныншы күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні Оған ерекше бой ұсынып ораза ұстаңдар, әрі ешқандай жұмыс істемеңдер!

8Жаратқан Иеге түгелдей өртеліп ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту ретінде: бір жас бұқа мен бір қошқарды және бір жылдық жеті еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, өртеп жіберіңдер. Құрбандықтардың бәрі де мінсіз болсын.

9Оларға тиісті астық тартуын: жас бұқа үшін — пұттың оннан үш бөлігі, қошқар үшін — пұттың оннан екі бөлігі,

10жеті тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыныңдар.

11Ал күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Айтылып кеткен құрбандықтар мен тартулар өздеріңді жасаған күнәларыңның арамдығынан тазартып, күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа қоса ұсынылсын. Сонымен қатар күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен оларға тиісті астық тартуын және осылардың барлығына тиесілі сұйық тартуларын да әкеліңдер.

Күркелер мейрамындағы сый-тартулар

12Жетінші айдың он бесінші күні де Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіп, сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер. Жеті күн бойы Жаратқан Иеге арнап мейрам өткізіңдер.

13Сонда Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту ретінде он үш жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберіңдер. Құрбандықтардың бәрі де мінсіз болсын.

14Оларға тиісті астық тартуын: он үш жас бұқаның әрқайсысы үшін — пұттың оннан үш бөлігі, екі қошқардың әрқайсысы үшін — пұттың оннан екі бөлігі,

15он төрт тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыну керек.

16Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер.

17Мейрамның екінші күні он екі жас бұқа, екі қошқар, бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын.

18Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар.

19Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер.

20Мейрамның үшінші күні он бір жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын.

21Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар.

22Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер.

23Мейрамның төртінші күні он жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын.

24Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар.

25Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер.

26Мейрамның бесінші күні тоғыз жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын.

27Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар.

28Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер.

29Мейрамның алтыншы күні сегіз жас бұқа, екі қошқар, бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын.

30Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар.

31Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені де шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер.

32Мейрамның жетінші күні жеті жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын.

33Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар.

34Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер.

35Мейрамның сегізінші күні салтанатты жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер.

36Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту ретінде бір жас бұқа, бір қошқар және бір жылдық жеті еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберіңдер. Құрбандықтардың бәрі де мінсіз болсын.

37Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар.

38Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер.

39Белгіленген мейрамдарыңның кезінде аталып өткен құрбандықтар мен сый-тартуларды Жаратқан Иеге ұсыныңдар. Оларды өздеріңнің Жаратқан Иеге ант еткен құрбандықтарыңа, ерікті сый-тартуларыңа, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарыңа, астық және сұйық тартуларыңа әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтарыңа қоса ұсыныңдар!»

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help