Аян 10 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жоханның пайғамбарлық қызметін жалғастыра алуы үшін күшейтілуі

1Мұнан кейін көктен түсіп келе жатқан басқа бір күшті періштені көрдім. Ол бұлтқа оранған еді, ал басының үстінде кемпірқосағы бар болатын. Беті күндей жарқырап, ал аяқтары от бағанасына ұқсады.

2Періште қолына жазуы бар, ашылған кітапшаны ұстап тұрды. Содан ол оң аяғын теңіз бетіне, сол аяғын құрлық үстіне қойып,

3арыстанның ақырғанындай қатты айқайлады. Ол айқайлағанда, (Құдайдың тағындағы) жеті күн күркірі үн қатып сөйледі.

4Олар сөйлеп жатқанда, мен айтқандарын жазып алмақшы болдым. Алайда көктен маған: «Жеті күн күркірінің айтқандарын жазба. Оларды жауып тастап, мөр басып бекіткендей құпия сақта!» — деген дауысты естідім.

5Содан кейін мен бір аяғымен теңізде, бір аяғымен құрлықта тұрғанын көрген періште оң қолын көкке қарай көтерді.

6Ол аспан мен жерді, теңізді және олардағы барлық нәрселерді жаратқан, мәңгі тірі Тәңір Иенің атымен ант беріп, былай деді: «Енді еш кешеуілсіз,

7жетінші періште кернейін тартып, белгі берген кезде Құдайдың құпия жоспары жүзеге асады! Бұл Оның өз қызметшілері — пайғамбарларына алдын ала хабарлағанындай болмақ».

8Мен бұрын көктен естіген дауыс маған қайтадан тіл қатып: «Барып, теңіз бен құрлықта тұрған періштенің оң қолындағы ашылған кітапшаны ал», — деді.

9Сонда мен періштеге барып, одан кітапшасын беруін өтіндім. Ол маған: «Ал да, жеп қой. Ол қарныңа барғанда ащы, ал аузыңда балдай тәтті болады», — деді.

10Мен періштенің қолынан кітапшаны алып, жеп қойдым. Аузымда ол маған балдай тәтті болса, жұтқаннан кейін ішімді қуырды.

11Мұнан соң маған: «Сен тағы да Құдайдың көптеген халықтар, ұлттар, тілдер және патшалар туралы хабарын жариялауға тиіссің», — деген тапсырма берілді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help