Матай 18 - Киелі кітап(QazBi2010)

Өзін кіші тұту және басқаларды азғырмау туралы ескерту

1Сол уақытта шәкірттері Исаның қасына келіп:

— Құдай Патшалығында кімнің жолы ең үлкен? — деген сұрақ қойды.

2Иса бір кішкентай баланы шақырып алып, орталарына тұрғызып қойды да, былай деді:

3— Сендерге шындығын айтайын: теріс пікірлеріңнен қайтып, бала сияқты (кішіпейіл) болмасаңдар, Құдайдың Патшалығына кіре алмайсыңдар!

4Кім өзін осы жас бала сияқты кіші тұтса, Құдай Патшалығында соның жолы ең үлкен.

5Кім Менің атымнан осындай бір сәбиді қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны.

6Ал кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін азғырып теріс жолға түсірсе, сол адам үшін мойнына диірменнің тасы байланып, теңіздің тұңғиығына батырылғаны жақсырақ болар еді-ау!

7Осы күнәкар дүние адамдарды теріс жолға азғырғаны үшін қасіретке ұшырайды! Азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсіз, бірақ азғыру кімнен шықса, сол қасіретке қалады!

8(Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) — Егер сені өз қолың не аяғың (секілді өте қажетті нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін «шабылып, лақтырылып тасталған» сияқты жоқ болсын! Екі қол, екі аяқпен мәңгілік тозақ отына лақтырылғаннан гөрі сыңар қол-аяқпен мәңгілік өмірді иемденгенің саған артық болар еді.

9Егер де сені көзің (секілді өте құнды нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін ойылып, лақтырылып тасталған сияқты жоқ болсын! «Екі көзіңмен» тозақ отына лақтырылғаннан гөрі «сыңар көзбен» мәңгілік өмірді иемденгенің саған артық болар еді.

10Сақ болыңдар, осы кішкенелердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер! Сендерге айтамын: олардың періштелері көктегі Әкемнің келбетін әрдайым көріп тұрады.

11(Мен, Құдай тағайындаған Билеуші, тура жолдан адасып кеткендерді құтқаруға көктен келдім.)

12Мынаған қалай қарайсыңдар: Бір бағушының жүз қойы болып, солардың біреуі адасып кетсе, ол не істемек? Тоқсан тоғыз қойын қырат басында қалдырып, жоғалып кеткенін іздеп шықпай ма?

13Сендерге шын айтамын: оны тапса, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі, табылған оған көбірек қуанады!

14Дәл сол сияқты, көктегі Әкелерің де осы кішкенелердің ешқайсысының адасып, тозаққа түсуін қаламайды!

Күнәлі бауырласын тура жолға қайтаруға ұмтылу

15Егер бауырласың саған қарсы күнә жасаса, оған барып, істегені туралы оңаша сөйлесіп, әшкереле. Егер де айтқаныңа құлақ асса, бауырласыңды қайтадан тапқаның.

16Ал егер тыңдамаса, қасыңа бір-екі кісі ертіп алып, оған тағы бар. Осылай әрбір сөз екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденсін.

17Егер де оларға да құлақ аспаса, бұл туралы сенушілер қауымына айтып бер. Ал егер қауымды да тыңдамаса, онда оған Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамына не күнәкар салықшыларға қарағандай қара.

18Сендерге шындығын айтамын: жер бетінде тыйым салғандарыңды да, рұқсат еткендеріңді де көктегі Әкем бекітпек.

19Сендерге мынаны да айтамын: жер бетінде екеуің келісіп, қай нәрсені болса да көктегі Әкемнен сұрасаңдар, Ол соны бермек.

20Өйткені екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларында боламын.Кешірімнің шегі бар ма?

21Сонда Петір Исаның қасына жақындап:

— Мырза, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешіруім керек? Жеті ретке дейін бе? — деп сұрады.

22Иса:

— Саған айтамын: жеті емес, жеті қайтара жетпіс ретке дейін, — деп жауап берді.

23— Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас: Бір патша қызметкерлерінен есеп алмақшы болады.

24Есеп ала бастағанда оның алдына он мың ат басындай күміске борышты қызметкерін алып келеді.

25Қарызын төлейтін ештеңесі болмағандықтан, патша оның өзін, әйелін, бала-шағасы мен мал-мүлкін түгел сатып, содан түскен ақшамен қарызын өтеуге бұйырады.

26Сонда қызметкер патшаның аяғына жығылып: «Тақсыр, маған сәл мұрсат бере көріңіз, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады.

27Қызметкеріне жаны ашыған патша оны босатып, бүкіл қарызын да кешіреді.

28Қызметкер далаға шыққан соң, бір қызметтес жолдасын кездестіреді. Бұл адам оған тек бір жүз күміс теңгеге ғана борышты еді. Алайда қызметкер оны алқымынан алып, қылғындыра бастап: «Дәл қазір маған берешегіңді қайтар!» деп талап етеді.

29Қарыздар жолдасы аяғына жығылып: «Маған сәл мұрсат бере көр, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады.

30Бірақ ол күткісі келмей, әлгіні қарызын төлегенше түрмеге жапқызады.

31Мұны көрген өзге жолдастары қатты наразыланып, патшаға барып, болған оқиғаны айтып береді.

32Сонда патша сол қызметкерін шақырып алып: «Әй, зұлым қызметші! Сен өтінгендіктен, мен қарызыңды түгелдей кешірдім ғой!

33Ендеше сен де дәл солай жолдасыңды кешіруге тиіс емес пе едің?!» дейді.

34Патша қаһарланып, оны қарызын толық өтегенше жазалаушыларға тапсырады.

35Міне, егер сендер бауырластарыңның күнәларын шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем әрқайсыларыңа да солай істемек!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help