1(Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) тоғызыншы жылдың оныншы айының оныншы күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
2«Ей, пендем, осы күннің қай күн екенін жазып қой. Бүгін-ақ Бабыл патшасы Иерусалимге шабуыл жасауын бастап жатыр.
3Осы бас көтергіш халыққа мына астарлы сөзді айтып бер: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Қазанды көтер, суыңды құйып, етіңді ас!
4Еттің жылы-жұмсағын, саны мен жауырынын, еті мол таңдаулы сүйектерін сал.
5Отарыңдағы қойдың ең жақсысын таңдап алып, қазаныңның астына отынды үйіп сал. Етті қайнатып, сүйегін де қоса пісір!
6Өйткені Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Қан төгуші Иерусалим қаласы қасіретке қалады! Ол тот басып, тазартылмаған қазанға ұқсайды. Содан жеребе салмай-ақ, еттің кесектерін біртіндеп түсіріп алып, қазанды бос қалдыр!
7Себебі қала тұрғындарының төккен қаны әлі де өз ортасында. Олар оны кейін бетін топырақпен жабуға болатындай етіп жерге емес, жалаң жартастың үстіне төкті.
8Қаһарымды қоздырып, тиісті жазасын тартқызуым үшін Мен қаланың төккен қанын жалаң жартастың үстінде қалдырдым. Енді ол жабылмайды да. —
9Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: — Қан төгуші бұл қала қасіретке қалады! Мен Өзім оның астына отынды көп қылып үйемін.
10Иә, отынды мол салып, отты тұтат! Етке дәмдеуіш қосып жақсылап пісіріп қоюландыр, кейін сүйектерін өртеп көмірге айналдыр!
11Бұдан кейін бос қазанды қайтадан шоқтың үстіне қой да, қоласын қатты қыздыр. Сонда оның ішіндегі лас нәрсесі балқып, тотығы күйіп кетсін.
12Бірақ осы ауыр жұмыс бекер болды, қазан тіпті оттың күшімен де қалың тотығынан арылмады.
13(Ей, Иерусалим,) сенің тотығың — өз азғындығың. Мен сені қаншама тазартқым келсе де, сен тазарудан бас тарттың. Сондықтан, Менің қаһарым саған толығымен қанағаттанбайынша, сен тазара алмайсың.
14Бұны Мен, Жаратқан Ие, кесіп айтамын. Менің әрекет ететін уақытым жетті. Алған бетімнен еш қайтпаймын да, өзіңді еш аяп-мүсіркемеймін де. Жүрген жолдарың мен істеген істеріңе сәйкес саған үкім шығарылады», — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.
Пайғамбардың сүйікті жарынан әрі халықтың сүйікті қаласынан айырылуы15Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
16«Ей, пендем, біліп қой, Мен көзіңнің қуанышын өзіңнен бір соққымен-ақ алып қойғалы тұрмын. Алайда оны жоқтап жылап, көз жасыңды төгуіңе болмайды.
17Қайтыс болған қосағыңды жоқтамай, тек қана үн-түнсіз күңіреніп қайғыр! Азалы дәстүрді ұстанбай-ақ, әдеттегідей басыңа сәлдеңді орап, аяғыңа аяқкиіміңді киіп ал. Сондай-ақ, салт бойынша сақал-мұртыңды қымтап жауып алушы болма, жоқтайтындардың арнайы тамағынан ауыз тиме!»
18Содан мен таңертең жұртқа Жаратқан Иенің сөзін айтып бердім, ал сол күні кеште әйелім қайтыс болды. Ертеңгісін мен өзіме бұйырылғандардың бәрін де орындадым.
19Халық менен:
— Осы істеп жатқандарыңыздың біз үшін қандай мағынасы бар екенін айтып бермейсіз бе? — деп сұрады.
20Мен оларға мына жауапты бердім:
— Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деген:
21Исраил халқына хабарымды жеткіз: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Өздерің сондай мақтан тұтып, сүйенетін Менің киелі орным — сендердің көздеріңнің қуанышы, жүректеріңнің аңсары. Алайда Мен сол киелі орнымның арамдануына жол бермекпін. Яһуда елінде қалдырған ұл-қыздарың семсерден қаза табатын болады.
22Менің пайғамбарымның қазір істеп жатқандарын сол кезде өздерің де істейсіңдер: салт бойынша сақал-мұрттарыңды қымтап жаппай, жоқтайтындардың арнайы тамағынан ауыз тимейтін боласыңдар.
23Сәлделерің бастарыңда, аяқкиімдерің аяқтарыңда болмақ. Сендер жоқтап жыламай, өз күнәларыңның кесірінен әлсіреп құрып, күңіреніп, бірге қайғырасыңдар.
24Осылайша Езекиел өздеріңе (болашақтағы оқиғаларды алдын ала білдіретін) ескертуші болмақ. Сендер оның істегендеріндей істеуге тиіс боласыңдар! Осының бәрі орындалғанда, сендер Менің Жаратушы Тәңір Ие екенімді білесіңдер.
25(Содан соң Жаратқан Ие маған былай деді): «Ей, пендем, Мен олардың көздерінің қуанышы мен салтанаты, жүректерінің аңсары, ең қымбат қазынасы — өздерінің берік қамалын да, әрі өз ұл-қыздарын да олардан алып қойған күні мынадай болады:
26дәл сол күні Иерусалимнен Бабыл еліндегі сенің алдыңа біреу қашып келіп, болған жайттың бәрін айтып береді.
27Сол кезде саған қайтадан тіл бітіп, онымен сөйлесесің. Бұдан кейін үн-түнсіз қалмайсың, сөйлей алатын боласың. Сонымен сенің басыңнан өткен бұл жайттар халыққа (болашақ оқиғаларды алдын ала білдіретін) ескерту болмақ. Осылай олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.