1Содан кейін тақ үстінде Отырғанның оң қолынан бір шиыршық кітапты көрдім. Шиыршық кітаптың екі жағына да жазу жазылып, ол жеті мөрмен бекітілген болатын.
2Сол кезде бір құдіретті періштені де көрдім. Ол қатты дауыспен: «Кім мөрлерді бұзып, кітапты ашуға лайық?» — деп жариялады.
3Алайда көктен де, жерден де, жер астынан да кітапты ашып, оның ішіне қарау билігі бар ешкім табылмады.
4Кітапты ашып, оның ішіне қарауға лайықты ешкімнің табылмағандығына қатты қайғырып жыладым.
5Сонда ақсақалдардың біреуі маған:
— Жылама, қара: Дәуіт патшаның әулетінен, Яһуда руынан шыққан «Арыстан» жеңіске жетті! Оның сол жеті мөрді сындырып, кітапты ашып, оқуға билігі бар, — деді.
6Мен қарасам, тақтың ортасында, айнала тұрған төрт нөкер мен ақсақалдар қоршаған «Тоқтыны» көрдім. Ол құрбандыққа шалынғандай болып көрінді. Оның жеті мүйізі мен жеті көзі бар екен, бұлар бүкіл әлемге жіберілген Құдайдың жеті Рухын білдіреді.
7Тоқты барып, тақта Отырғанның оң қолынан кітапты қабылдады.
8Тоқты соны қолға алған кезде төрт нөкер мен жиырма төрт ақсақал Тоқтының алдына бас ұра жығылды. Әрқайсысының қолында домбыраға ұқсас алтын аспап және түтетілетін хош иісті заттарға толы алтын табалар болды. Осы хош иісті заттар Құдай халқының айтқан мінажаттарын білдіреді.
9Нөкерлер мен ақсақалдар жаңа мадақтау жырын айтып былай деді:
«Сен лайықсың кітапты қолыңа алуға
Және мөрлерін бұзып, оны ашуға!
Өйткені құрбан болып, қаныңды төктің,
Сол арқылы әр ру, тіл, ұлт пен халықтан
Шыққандардың төлемін өтеп босаттың,
Һәм Құдайға оларды бағыштадың,
10Әрі Құдайымызға арнап соларды
Жасадың діни қызметкерлер патшалығы;
Олар жер бетін билейтін болады».
11Мен тағы да қарап, тақты, төрт нөкерді және ақсақалдарды қоршап тұрған мыңдаған, миллиондаған періштелерді көріп, үндерін естідім.
12Олар қатты дауыспен әндетіп былай деді:
«Құрбандыққа шалынған Тоқты
Билік пен байлықты,
Даналық пен құдіретті,
Құрмет, ұлылық пен дәріпті
Қабылдауға әбден лайықты!»
13Көк пен жердегі, жер асты мен теңіздегі, яғни бүкіл әлемдегі, әрбір тіршілік иесінің былай деп ән салған даусын естідім:
«Тақта Отырған және Тоқты
Дәріптелу мен құрметке,
Ұлылық пен құдіретке
Мәңгі бақи лайықты!»
14Төрт нөкер: «Аумин», — деп жауап берді. Ал жиырма төрт ақсақал жерге бас ұра жығылып, (мәңгі тірі Жаратқан Ие мен Тоқтыға) тағзым етті.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
