Нақыл сөздер 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жазбаның мақсаты — даналыққа үйрету

1Бұл жазбада Исраилдің патшасы Дәуіт ұлы Сүлейменнің нақыл сөздері берілген.

2Нақыл сөздердің мақсаты мынау:

Даналық пен тағылымды білдіріп,

Парасатты сөздерді ұғындыру,

3Әділдік, дұрыс іс, ақ ниетке бағыттап,

Тәрбиелі, саналы өмірді иеленту,

4Ақылы толмағанға ақыл беріп,

Жастарға білім, саналылық сыйлау.

5Саналы жан тыңдап, ақыл-кеңес табады,

Дана жан біліміне білім қосады,

6Осылай нақыл да астарлы сөздерді,

Данышпан адамдар айтып кеткендерді

Һәм олардың жұмбақтарын түсінеді.

Білімнің бастауы

7Білімнің бастауы — Жаратқан Иені

Терең қастерлеп, Оған мойынсұну.

Ал Құдайдан безген надандар болса,

Елемейді даналық пен тәрбиені.

8Балам, әкеңнің тәрбиесін тыңда,

Шешең берген тәлімнен де бас тартпа!

9Олар басыңдағы тәждей тамаша,

Мойныңдағы моншақтай ұнамды да.

Арам табыстан сақтандыру

10Балам, күнәкарлар еліктіргенде

Айтқандарына сен ешқашан көнбе,

11Олар сені шақырып былай десе:

«Кәнеки, кеттік, біреуді аңдиық!

Сол бір айыпсыздың жолын ториық,

Аңдаусызда бас салып, қанын төгейік!

12Сондайларды тып-типыл тонайық,

Көрге түсіргендей түгел бітірейік.

13Алуан асыл заттарға ие боламыз,

Үйлерімізді олжаға толтырамыз.

14Тәуекелге бізбен бірге бел байла,

Бар байлығымыз ортақ болады сонда!»

15Балам, мұндайлармен бірге жолға шықпа,

Олардың жолдарына мүлдем жолама!

16Қылмыс жасауға олар құлшынады,

Қан төгуге асыға құмартады.

17Ал тор құру құстардың көз алдында

Құр бекер, пайдасыз іс болмай ма?

18Сол адамдар өз жандарын аңдиды,

Өздеріне тор құрып, соңында құриды!

19Арам табысқа құмардың тағдыры сол:

Дүниеқор иесін жалмайды ол.

Даналықтың ұраны

20Даналық көшелерде шақырады,

Алаңдарда дауыстап жар салады,

21Жұрт жиналған жерлерде даусы шығады,

Қала қақпасы алдында уағыз айтады:

22«Аңғалдар, қашанғы аңғалдықты сүйесіңдер,

Мазақшылдар, қашанғы мазақтай бересіңдер,

Ақымақтар, қашанғы білімді жек көресіңдер?

23Кәне, менің тәрбиеме құлақ түріңдер!

Сонда сендерге рухымды молынан төгемін,

Айтатын сөздерімді түгел білдіремін.

24Бірақ шақырсам да, тыңдаудан бас тарттыңдар,

Құшағымды жайсам да, назар аудармадыңдар,

25Ақыл-кеңесіме мүлдем ден қоймадыңдар,

Ескертулерімді де қабылдамадыңдар!

26Сол үшін қиналған кездеріңде күлемін,

Үрейлерің ұшқанда келеке етемін.

27Қорқыныш сұрапыл дауылдай соққанда,

Зобалаң бастарыңа құйындай туғанда,

Қайғыға ұшырап сендер тарыққанда.

28Сонда естімеймін мұндайлар шақырғанмен,

Мені таппайды шарқ ұрып іздегенмен,

29Өйткені олар білімді жек көрген,

Жаратқанды қастерлегілері келмеген,

30Ақыл-кеңесімнен менің безіп кеткен,

Бар ескертулерімді менсінбей жүрген.

31Сондықтан олар істерінің жемісін жейді,

Өз қулық-сұмдықтарына «кенеледі».

32Аңғырттың қыңырлығы өзін күйретеді,

Аңғалдың бейқамдығы өз түбіне жетеді.

33Ал мені тыңдаған қауіпсіз тұрады,

Еш пәледен қорықпай, алаңсыз болады».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help