Әйүп 4 - Киелі кітап(QazBi2010)

Елипаздың Әйүпке берген жауабының басы

1Сонда темандық Елипаз Әйүпке былай деп жауап қатты:

2— Егер біреу сенімен сөйлесуге ұмтылса, соған төзе аласың ба? Дегенмен кім мұндайда үн-түнсіз қала алады?

3Өткен уақыттарда өзің көп адамға тәлім беріп, әлсіздерді жігерлендіріп күш берген едің ғой.

4Айтқан сөздерің сүрініп, құлап бара жатқандарға тірек болып, тізелері дірілдеп әлсірегендерге күш-қуат дарытқан еді ғой.

5Ал енді, өз басың ауыртпалыққа тап болғанда, ұнжырғаң түсіп кетіпті. Өзің бақытсыздыққа ұшырағанда, өмірден түңіліп кетіпсің.

6Құдайды терең қастерлеуің — сеніміңнің тірегі емес пе?! Әрі әділ жолмен жүруің — үмітіңнің негізі емес пе?!

Әділдердің Құдайдың қаһарынан азап шекпеуі жайлы

7Есіңе түсірші, қашан бейкүнә адам мерт болып, әділ адам құртылған еді?

8Өз байқағаным: жамандықтың тұқымын сеуіп, зұлым жоспар құратындар солардың өнімін өздері жинайды.

9Олар Құдайдың «лебінен» құрып кетеді, Оның қаһарлы дауылынан ғайып болады.

10Арыстан ақырып, жауыз арыстан ырылдаған еді, алайда Құдай мықты арыстандардың да тістерін сындырады.

11Сонда олжадан ада болған ана арыстан өледі, жетім қалған балалары жан-жаққа шашырап кетеді.

Елипаздың пенденің өткіншілігі туралы көрген түсі

12Маған құпия түрде бір хабар келді, құлағыма бір сыбыр шалынды.

13Бұл, адамдар қатты ұйқыға батқанда, түнде түс көріп, мазасыз ойлар туған уақытта болды.

14Сол түстен сүйектерімнің бәрі дірілдеп, қорқынышқа бөленіп тұрмын.

15Бет-жүзімді бір елес сипап өткенде, төбе шашым тік тұрды.

16Елес тұра қалды, бірақ сырт қалпын ажырата алмадым. Көз алдымда бір тұлға тұрды, оның сыбырлаған даусын естідім:

17«Пенде Құдайдан әділ, адам өз Жаратушысынан пәк таза бола ала ма?

18Құдай тіпті өз нөкерлеріне де сенбейді, Ол періштелерінен де қате табады.

19Ал, түбі, топырақтан жасалған тәнде өмір сүріп, саз балшықтан жаратылған, пенделермен не болмақ! Олар күйе-көбелектей оңай жаншылып,

20таң атқаннан күн батқанға дейінгі қып-қысқа аралықта-ақ талқандалып жаншылады ғой. Содан із-түзсіз ғайып болып,

21қазықтары суырылып тасталған шатырлардың құлап түсетіні сияқты құрып кетеді. Осылайша пенде даналыққа қол жеткізіп үлгермей-ақ дүниеден өтеді».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help