Ишая 37 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдың Иерусалимді құтқаратыны жайлы уәдесі

1Езекия патша осыларды естігенде қатты күйзеліп, көйлегінің өңірін айыра жыртты. Үстіне азалы киім киіп, Жаратқан Иенің киелі үйіне кіріп, Оған сиынды.

2Содан кейін патша сарай басқарушысы Елиәкімге, хатшысы Себнаға және аға діни қызметкерлерге азалы киім кигізіп, оларды Амос ұлы Ишая пайғамбарға жіберді.

3Олар пайғамбарға мына сәлемді жеткізді:

— Езекия сізге былай дейді: Бүгінгі күн біз үшін азапқа, балағатқа, масқараға толы күн болып отыр! Толғатып отырғанымен баласын тууға тым әлсіз әйелдей бейшара күйдеміз.

4Ассур патшасы мәңгі тірі Құдайды қорлауға өзінің бас уәзірін жіберді. Мүмкін, Құдайыңыз Жаратқан Ие осы сөздерді естіген соң, Ассур патшасын айтқандары үшін сөгіп ескертер. Сондықтан халықтың әлі де тірі қалғандары үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңізші!

5Езекия патшаның нөкерлері оның сәлемін Ишаяға алып келгеннен кейін,

6пайғамбар оларға былай деп жауап берді:

— Тақсыр иелеріңе былай деңдер: Жаратқан Ие мынаны айтады: Ассур патшасының нөкерлерінің Мені балағаттап айтқан сөздеріне бола қорықпа!

7Біліп ал, Мен оған (үрейін ұшыратын) рухты дарытамын; сонда ол бір суық хабар естіп, еліне қайтып кетеді. Оны өз елінде семсердің жүзінен өлтіртемін.Ассур патшасының Иерусалимге қайтадан қоқан-лоқы жасауы

8Осы аралықта ассурлық бас уәзір Ассур патшасының Лахыштан кеткенін біліп алды. Содан ол кері қайтып, патшаны Либна қаласына қарсы соғысып жатқан жерінен тапты.

9Сол кезде Ассур патшасына «Құштық патша Тирхақ сізге қарсы соғысуға аттанып келе жатыр» деген хабар жетті. Мұны естіген Ассур патшасы Езекияға елшілерін жіберіп, оларға мына тапсырманы берді:

10«Яһуда патшасы Езекияға былай деңдер: Өзің үміт артқан Құдайыңның сені «Иерусалим Ассур патшасының қолына берілмейтін болады» деп алдауына жол берме!

11Ассур патшаларының барлық елдерге не істегендерін естідің: оларды толығымен жойылуға бағыштады ғой! Ендеше сен аман қалар ма екенсің?!

12Әлде мына халықтардың тәңірлері: Ғозанның, Харанның, Ресефтің әрі Тел-Ассардағы Еденнің тәңірлері сол елдерді құтқарып қалды ма? Оларды менің аталарым құртқан жоқ па?!

13Хамат пен Арпадтың патшалары, Сепар-Уайм қаласының, Ена мен Ибахтың патшалары қайда екен?»

Езекия патшаның дұғасы

14Езекия елшілердің алып келген хатын алып, оқып шыққаннан кейін Жаратқан Иенің киелі үйіне өрлеп барды. Сол жерде ол хатты Жаратқан Иенің алдында жайып салды.

15Содан Езекия Жаратқан Иеге дұға етіп былай деді:

16«Уа, Исраилдің Құдайы, Әлемнің Иесі! Керуб мүсіндерінің үстіндегі «тағыңда» отырған Сен жер бетіндегі күллі патшалықтардың үстінен қарайтын жалғыз Құдайсың! Көк пен жерді жаратқан да Сенсің!

17О, Жаратқан Ие, құлақ асып тыңдай гөр, уа, Иеміз, көз салып назар аудара гөр! Сеннахиримнің Сені, мәңгі тірі Құдайды, балағаттап айтқан барлық сөздеріне құлақ салшы!

18Уа, Жаратқан Ие, Ассурдың патшаларының сол халықтардың бәрін құртып, жерлерін қаңыратып бос қалдырғандары,

19олардың табынған тәңірлерін өртеп жібергендері рас. Алайда солар шынайы құдай емес, адам қолынан шыққан ағаш не тас мүсіндер ғана. Сондықтан да ассурлықтар оларды құртып жібере алды.

20Ал енді, уа, Құдайымыз Жаратқан Ие, бізді сол адамның қолынан құтқара гөр. Сонда бүкіл дүниенің патшалықтары жалғыз Сенің Жаратқан Ие екеніңді білетін болады».

Құдайдың жауап беріп, Ассур патшасына жазасын тартқызуы

21Амос ұлы Ишая пайғамбар сол кезде Езекияға мына хабарды жіберді:

— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Сен Маған Ассур патшасы Сеннахирим жайлы дұға еткендіктен,

22Мен, Жаратқан Ие, оған қарсы мына сөзді айттым:

Маған бағышталған Сион қаласы сені менсінбей, келекелеп отыр! Иерусалим қаласы қашып кетіп бара жатқан сені мазақтап басын шайқайды!

23Сен кімді мазақтап, балағаттадың? Кімді дауыстап қорлап, кімге паңдана қарап тұрсың, соны білесің бе?! Маған, Исраилдің Киелі Құдайына қарсы солай істеп тұрсың!

24Сен өкілдерің арқылы Мені, Жасаған Иені, балағаттап, тағы былай деп паңдана мақтандың: «Мен көптеген соғыс күймелеріммен таулардың зәулім бастарына, тіпті Ливанның ең алшақ баурайларына көтерілдім. Ең биік деген самырсын және ең таңдаулы қарағай ағаштарын шауып құлаттым, ең заңғар шыңдарға, ормандардың ең қалың түбіне дейін жеттім!

25Бөтен елдерде құдық қазып, суын іштім. Басқан табаныммен Мысырдың барлық өзендерін құрғатамын!» деп те көкідің.

26Сен осының барлығын Менің бұрыннан-ақ дайындап қойғанымды естімеп пе едің?! Енді Мен соны жүзеге асырдым. Содан да сен бекіністі қалалардың талқанын шығара алдың.

27Осы себептен де сол елдердің халықтары дәрменсіз болып, абдырап, масқараға қалды. Олар даладағы отты шөп әрі жас өскін секілді нәзік, үй төбесіндегі өсіп шықпай жатып, күннің аптабынан солып қалатын шөпке ұқсас болды.

28Ал сенің өзің туралы, қайда тұрып, қашан жолға шығып, қашан қайтып келіп, не істейтініңді Мен жақсы білемін. Маған өршелене қарсы шыққаныңды да білемін.

29Сенің сол өршелене қарсы шыққаның әрі тәкаппарлығың құлағыма шалынды. Соныңа бола Мен енді мұрныңа мұрындық, аузыңа ауыздық саламын. Қай жолмен келген болсаң, сол жолмен сені өз жағыңа қайтарамын!

30Ей, Езекия, не болайын деп жатқанының белгісі мынау болады: биыл былтырғы шашылып қалған масақ дәндерінен өсіп шыққан астықпен күн көріп күнелтесіңдер. Келесі жылы да өздігінен өсіп шыққанды азық қыласыңдар. Бірақ одан кейінгі жылы тұқым сеуіп, астық орасыңдар, жүзімдіктер отырғызып, жемістерін жинап, жейсіңдер.

31Яһуда халқының тірі қалғандары қайтадан терең тамыр жайып, өсіп-өнетін болады.

32Себебі халқымның құтқарылып, тірі қалғандары Иерусалимдегі Сион тауынан өсіп шығатын болады. Әлемнің Иесі бұларды қайрат-жігерімен іске асырады.

33Сондықтан Жаратқан Иенің Ассур патшасы туралы айтқаны мынау: «Ол бұл қалаға кірмейді, оған бірде-бір жебе атпайтын да болады! Жасақшылары қалқан ұстап оған жақындамайды, тас-топырақтан үймек жасап, қамалынан өтпейді.

34Ассур патшасы қай жолмен келсе, сол жолмен кері қайтып, осы қалаға кірмейтін болады. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын.

35Себебі Мен осы қаланы Өзім үшін және адал қызметшім Дәуіт үшін қорғап, құтқарамын!»

36Сол кезде Жаратқан Иенің періштесі ассурлық әскердің қосына барып, ондағы бір жүз сексен бес мың адамды қырып кетті. Таң ата тірі қалғандары тұрып қараса, солардың бәрінің өліктері жатыр екен!

37Сонда Ассур патшасы Сеннахирим жолға шығып, еліне кері қайтып, астанасы Ниневиде тұрып қалды.

38Бірде Сеннахирим Нисрох есімді жалған тәңірінің ғибадатханасында құлшылық етіп тұрған кезде оның ұлдары Адрам-Мәлік пен Сәресер оны семсермен шауып өлтірді. Содан екеуі Арарат еліне қашып кетті. Сеннахиримнің өзге ұлы Асардан әкесінің орнын басып патша болды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help