Езекиел 22 - Киелі кітап(QazBi2010)

Қан төгіп, опасыздық жасайтын Иерусалимнің айыпталуы

1Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:

2«Ей, пендем, сен қаланы айыптауға дайынсың ба? Қан төккіш сол қаланы сотқа дайындамақсың ба? Ендеше оған өзінің жасаған жексұрын күнәларының бәрін де әшкерелеп айт!

3Былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, қала, сен өзіңнің ортаңда адамдардың қанын төктің, осылай өз жазаңды тартатын уақытыңды жақындаттың! Сен жалған тәңірлердің мүсіндерін жасап алып, соларға табыну арқылы өзіңді-өзің арамдап келесің!

4Кісі өлтіріп қан төккенің арқылы кінәлі болып, өзің жасап алған жалған тәңірлердің мүсіндері арқылы да арамдалдың. Осылайша басыңа пәле түсетін күніңді өзің жақындаттың! Ғұмыр кешетін жылдарыңның тағайындалған ақыры таяп келді! Сондықтан Мен сені барлық халықтар масқаралайтын, барлық елдер табалайтын қыламын.

5Уа, масқараланған, іші бүлікке толы қала, жақындағылар да, алыстағылар да сені келекелейтін болады!

6Көріп тұрсың ба, сендегі Исраилдің билеушілерінің әрқайсысы өз шамасы жеткенше адам қанын төгуге бейім болды.

7Тұрғындарың ата-ананы менсінбей, сыйлаған жоқ. Олар өзіңдегі жат жерліктерді қанап, жол жүріп келе жатқан жолаушыны тонайды, жетім-жесірлерге зорлық жасайды.

8Сондай-ақ, олар Менің киелі нәрселеріме немқұрайды қарап, демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, оның қасиеттілігін құрметтемеді.

9Сенде жазықсыз жала жауып, кісі өлтірткен зұлымдар да бар! Олар тау-төбе бастарында жалған тәңірлерге арналған құрбандық астарынан ішіп-жеп, азғын іс-әрекет жасайтындар.

10Араларыңда әкесінің әйелімен жақындасып оның абыройын төккендер де, айлық етеккірі келіп, таза емес деп есептелетін әйелдерді зорлап кеткендер де бар.

11Сенде тұратын тағы біреу көршісінің әйелімен неке адалдығын бұзған, екіншісі өзінің келінімен жақындасып оның абыройын төккен, үшіншісі туған қарындасын, өз әкесінің қызын зорлаған.

12Сендегі адамдар ақшаға жалданып кісі өлтіреді. Өзің өсімқорлықпен айналысып, басқалардың мал-мүлкін зорлықпен тартып алып байисың. Ал Мені ұмытып кеткенсің! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие.

13Міне, қара! Мен сенің әділетсіз жолмен ие болған пайдаңа және өз араңда төгілген қанға бола ызалана екі алақанымды соғамын.

14Мен сені жазалаған күні батылдығың берік болып, қолдарыңда күш қала берер ме екен? Осыны Мен, Жаратқан Ие, айттым да, оны орындаймын да.

15Мен сендерді басқа халықтардың арасына таратып, бөтен елдерге шашыратып жіберемін. Осылай сендегі арамдықты алып тастап, түбегейлі жоқ қыламын.

16Сен өзге ұлттардың көз алдында қорланасың, сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың».

Иерусалимнің қоқыстан тазартылуы қажет

17Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:

18«Ей, пендем, Исраил халқы Мен үшін күмісті балқытып тазартқанда одан бөлініп шығатын мүлдем жарамсыз қоқыс сияқты болып кетті! Олар көрікте қалып қоятын күмістің қоқысы — мыс, қалайы, темір және қорғасындай.

19Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендердің барлығың қоқыс іспетті болып кеткендіктен, Мен енді сендерді Иерусалимнің ортасына жинаймын.

20Күміс, қола, темір, қорғасын және қалайыны от үрлеп, балқыту үшін алдымен көрікке салып жинайды. Дәл осылай Мен де сендерді лаулаған қаһарыммен қалада жинаймын да, көрікке салып, балқытқандай азап отынан өткіземін.

21Мен барлығыңды жинап алып, сендерге өз қаһарымның отын үрлеймін, соның ішінде балқисыңдар.

22Сонымен күмістің көріктің ішінде балқитынындай, сендер де азап отында балқисыңдар. Сонда Мен, Жаратқан Ие, өздеріңе қаһарымды төккенімді білетін боласыңдар».

23Содан соң Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:

24«Пендем, Исраил еліне мынаны айт: Менің қаһарым төгілетін күні сен өңделмеген әрі жаңбыр жаумайтын құла түз сияқты боласың!

25Әміршілерің олжасын паршалап жұлып, ақырған арыстандай, астыртын әрекет жасауда. Олар адам өмірін жалмап, мал-мүлкін тартып алып, осы елде көптеген әйелді жесір қалдырды.

26Діни қызметкерлерің Менің бұйырған Таурат заңымды бұзып, Өзіме бағышталған қасиетті нәрселерімді арамдайды. Олар қасиетті мен жай нәрселердің арасын тіптен ажыратпай, адал мен арамның айырмашылығын да еш үйретпейді. Демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, соларға да немқұрайды қарайды. Осылайша олар Маған құрмет көрсетпей, Мені қорлайды.

27Сенің басшыларың олжасын жарып жейтін қасқырларға ұқсайды. Олар арам пайда табу үшін қан төгіп, кісі де өлтіреді.

28Ал пайғамбарларың болса, Мен оларға сөйлемесем де, «Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады» дейді. Олар жалған көріністер көріп, өтірік сәуегейлік айтып, сол басшылардың жасаған қылмыстарын әкпен сылағандай ақтайды.

29Елдің халқы да өзгелерге қысым көрсетіп, адамдарды тонайды. Олар бейшара жарлыларды қанап, араларындағы жат жұрттық кірмелерді де жәбірлеп әділетсіздік жасайды.

30Менің сол елді құртуға мәжбүр болмауым үшін, оны қабырғадай қоршап-қорғайтын әділдікті орнатып, қабырғаның құлаған жерін өз денесімен жауып тұратын біреуді іздедім. Бірақ ешкімді таппадым.

31Сондықтан Мен оларға ашуымды төгіп, қаһарымның отымен оларды жалмап құрттым. Осылайша істеп жүрген істерінің жазасын өздеріне тартқыздым», — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help