1Сол жердегі парызшылдар мен саддукейлер Исаның қасына келді. Оның билігін сынау үшін Исадан көктің құдіретімен бір керемет көрсетуін сұрады.
2Иса оларға былай деп жауап берді:
— Сендер кешке «Күн ашық болады, қызарып батты ғой» деп жорисыңдар,
3ал таңертең «Бүгін дауыл тұрады, аспан қып-қызыл әрі бұлыңғыр екен» дейсіңдер. Осылай аспанның құбылыстарын түсіне білесіңдер, бірақ қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларды ұға алмайсыңдар!
4Жаман, опасыз ұрпақ (билігімді дәлелдейтін) керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ осы ұрпаққа Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді! — Мұнан кейін Иса оларды тастап, сол жерден кетіп қалды.
5Иса шәкірттерімен көлдің ар жағына өтті. Шәкірттер нан ала келуді ұмытып кеткен еді.
6Иса оларға:
— Абайлаңдар, парызшылдар мен саддукейлердің «ашытқыларынан» сақтаныңдар! — деп ескертті.
7Шәкірттері өзара пікірлесіп:
— Бұны нанымыздың жоқтығынан айтқан шығар, — десті.
8Иса оларын біле қойып, былай деп сұрады:
— Сенімі аздарым-ай, неге сендер нанымыз жоқ деп пікірлесіп отырсыңдар?
9Жасағандарымды әлі де не түсінбей, не ескермей келесіңдер ме? Бес күлше нан бес мың адамға жетіп, қалдықтардан неше себет жинап едіңдер?
10Әрі жеті күлше төрт мың адамға жетіп, артылып қалғаны қанша үлкен себет болды?
11Менің сендерге: «Парызшылдар мен саддукейлердің ашытқысынан сақтаныңдар!» дегенімде нан туралы айтпағанымды қалайша ұға алмайсыңдар? —
12Сонда шәкірттері Исаның нандағы ашытқыдан емес, парызшылдар мен саддукейлердің жалған тәлімдерінен сақтандырғанын түсінді.
Иса шын мәнісінде кім?13Бірде Иса Філіп-Кесариясы қаласының маңына барып, жеткеннен кейін, шәкірттеріне:
— Жұрт көктен келген Билеушіні кім деп жүр? — деген сұрақ қойды.
14Олар:
— Біреулері Сізді шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары Ілияс пайғамбар, тағы басқалары Еремия немесе ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі деп жүр, — деді.
15Сонда Иса:
— Ал сендер Мені кім дейсіңдер? — деп сұрады.
16Шимон Петір:
— Сіз Мәсіхсіз, мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп жауап берді.
17Иса оған:
— Сен бақыттысың, Жүніс ұлы Шимон: саған мұны адам баласы емес, көктегі Әкем білдірді!
18Бұдан былай сенің атың Петір («Тас») болады. Осы іргетастың үстіне Мен Өзіме сенушілердің қауымын саламын. Оны өлімнің күштері де жеңе алмайтын болады.
19Саған Құдай Патшалығына жол ашатын кілттерді тапсырамын; жер бетінде тыйым салғаныңды да, рұқсат еткеніңді де көктегі Әкем бекітпек, — деді.
20Содан кейін Иса Өзінің Мәсіх екені туралы ешкімге тіс жармауды шәкірттеріне қатты ескертті.Исаның Өзінің өліп, қайта тірілетінін алдын ала білдіруі
21Сол кезден бастап Иса Өзінің Иерусалимге баруға тиісті екенін ашық білдіре бастады:
— Ол жерде Мен рубасылар, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінен көп азап шегуге тиіспін: Менің өлтірілуім, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайтадан тірілуім де қажет! — деді.
22Сонда Петір Исаны былайырақ алып шығып:
— Құдай сақтасын, Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін! — деп қарсылық білдіре бастады.
23Бірақ Иса Петірге бұрылып:
— Менен аулақ кет, әзәзіл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың, — деп тыйым салды.
Мәсіхтің шәкірті болудың шарты мен сыйы24Бұдан кейін Иса шәкірттеріне мынаны айтты:
— Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін!
25Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған әркім оған (мәңгі) иелік етеді.
26Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті (мәңгілік) өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмірі үшін қандай құн төлей алады?
27Себебі Мен періштелерімді ертіп Әкемнің салтанатты ұлылығымен Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезімде әркімге істеген істеріне қарай сыйын беремін.
28Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Менің Құдай тағайындаған Билеуші ретінде Патшалығымның нұрлы салтанатымен келуімді өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.