Нақыл сөздер 6 - Киелі кітап(QazBi2010)

Аңғырттық пен жалқаулықтан сақтандыру

1Балам, егер көршің үшін кепілдік беріп

Не бөтеннің қарызын мойныңа алып,

2Аузыңнан шыққан сөзіңмен шырмалсаң,

3Ұлым, сол адамға кіріптар болғаның.

Тез барып, жалынып аяғына жығыл,

Осылай уәдеңнен азат болып құтыл!

4Ұйқыға бой беріп, кірпігіңді ілмей,

Алдымен көз жұмып, ұйықтайын демей,

5Аңшыдан қашқан еліктей дереу құтыл,

Құс іспетті тұзақтан босауға ұмтыл!

6Жалқау неме, құмырсқадан үлгі ал,

Ісіне қарап оның, парасатқа ие бол!

7Бастық, бақылаушы, билеушісі болмайды,

8Бірақ жазда ол қысқы азығын дайындайды,

Орақ кезінде тамағын жинап сақтайды.

9Жалқау неме, қашанғы ұйықтап жатасың,

Ұйқыңнан оянып, қашан тұрасың?

10Біресе ұйықтап не мүлгіп отырасың,

Біресе қол қусырып жатып та аласың,

11Кенеттен жүйріктей жоқшылық жетер,

Тонаушыдай мұқтаждық саған тап берер.

Жаратқан Ие жақтырмайтын іс-әрекет

12Қара ниетті, арсыз жан жалған сөйлер,

13Аяқ, көз, саусақпен құпия белгі берер,

14Жүрегінде зұлым жоспарлар құрар,

Әрдайым араздық сеуіп отырар.

15Сондықтан ажал оған кенет жетер,

Сауықпастан біржола құрып кетер.

16Жаратқан Ие мына алтауды жақтырмайды,

Тіпті жетеуді жаны мүлдем жаратпайды:

17Тәкаппар көз бен өтірікші тіл,

Һәм жазықсыз қан төгетін қол,

18Зұлым жоспар құратын ақыл-сана,

Әрі асыққан аяқ соны орындауға,

19Жалған куә өтірік айтатын,

Ағайын арасында араздық тудыратын.

Азғын әйелден сақтандыру

20Балам, әке өсиетін есте сақта,

Анаң берген тәлімнен де бас тартпа,

21Оларды мәңгі жүрегіңе түйгін,

Мойныңа таққандай сақтап жүргін,

22Жүргенде олар тура жолды нұсқар,

Ұйықтасаң күзетіп, қорғап жатар,

Оянғанда саған ақыл айтар.

23Өсиет пен тәлім шам-шырақ секілді,

Түзеткіш тәрбие өмір жолын сілтейді.

24Олар сені жүгенсіз әйелден сақтайды,

Оның жағымпаз сөздерінен қорғайды.

25Көркіне оның жүрегің елікпесін,

Жанары сені баурап әкетпесін!

26Жезөкше ақыры нанға зәру қылар,

Азғын әйел қымбат жаныңа тұзақ құрар.

27Өз қойнына от салған киімін өртемей ме?

28Шоқ басқан адам аяғын күйдірмей ме?

29Өзгенің жарына барған жанмен де солай болады,

Онымен құшақтасса, жазасын тартады.

30Аштықтан ұрлық жасағанды жұрт жек көрмей ме,

31Ұсталса, алғанын жеті еселеп төлетпей ме,

Отбасының меншігін түгелдей бергізбей ме?

32Сөз жоқ, неке адалдығын бұзғанның ақылы кем,

Ол өз жанын құртады солай істеуімен,

33Соққы жейді әрі абыройы төгіледі,

Мәңгі масқара болып қала береді.

34Қызғаныштан күйеуін ашу кернейді,

Өшін алған кезінде аяуды білмейді,

35Күнәнің төлемін ешқашан алмайды,

Мол тарту берсең де, ашуы қайтпайды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help