Жоел 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Кіріспе

1Мұнда Жаратқан Иенің Петуел ұлы Жоелге арнаған сөзі берілген.

Шегірткелер апаты — Жаратқан Иенің соты күні жайлы ескерту

2Тыңдаңдар мынаны, уа, ақсақалдар, құлақ салыңдар, уа, елдің күллі тұрғындары! Өз бастарыңнан өткен күндерде не ата-бабаларыңның заманында мұндай нәрсе болып па еді?

3Бұл туралы хабарды балаларыңа айтыңдар, балаларың немерелеріңе, ал немерелерің шөберелеріңе жеткізсін!

4Шегірткенің құрттарынан қалғанды шегірткелер жеді, шегірткелерден қалғанды басқа құрттар жеді, ал одан қалғанды қоңыздар жеп тауысты.

5Ояныңдар, уа, маскүнемдер, еңіреп жылаңдар! Ей, шарап ішетіндердің бәрі де, тәтті шарапты жоқтап зарлаңдар, өйткені енді содан құр қалдыңдар!

6Себебі Менің еліме бір «халық» басып кірді, олар күшті әрі қисапсыз көп, ал тістері — арыстанның тістеріндей, тырнақтары — ұрғашы арыстанның тырнақтарындай күшті де өткір.

7Сол «халық» Менің жүзім бұталарымды ойрандады, інжір ағаштарымның бұтақтарын сындырып, жемістерін жұлып тастап, бұтақтары ағарып қалды.

8Атастырылған күйеуін жоқтап, азалы киім киіп тұрған қыздай зарлап жылаңдар!

9Жаратқан Иенің киелі үйінде жұрт астық әрі сұйық тартуларын ұсынбайтын болды. Соған Жаратқан Иеге ғибадат етуші діни қызметкерлер қайғыруда.

10Егіндіктер ойрандалған, қара жер қайғырып жатыр, өйткені қуаңшылықтан егін құрып, жүзімдер суалып, зәйтүн жемістері піспей солып қалды.

11Күдерлеріңді үзіңдер, уа, егіншілер, зарлаңдар, уа, жүзімшілер! Өйткені далада жинайтын өнім қалмады.

12Жүзім бұталары қурап, інжір ағаштары солып қалды, анар, құрма, алма, даладағы барлық ағаштар да қурап қалды. Содан адамдар да қуаныштан ада болды.

Халықты өкініп, теріс жолдан қайтуға шақыру

13Уа, діни қызметкерлер, азалы киім киіп жылаңдар! Құрбандық үстелінің алдында қызмет етуші сендер, зарлаңдар! Азалы киімдеріңді түнде де шешпей ұйықтаңдар, уа, Құдайымның қызметкерлері! Өйткені сендердің Құдайыңның үйінде енді астық әрі сұйық тартулары ұсынылмайтын болды!

14Құдайға арнап ораза ұстайтын уақытты белгілеңдер! Салтанатты жиналыс жариялап, елдің ақсақалдары мен басқа да тұрғындарын Құдайларың Жаратқан Иенің киелі үйіне жинап алыңдар! Иемізді көмектесуге жалбарына шақырыңдар!

15Жаратқан Иенің күні таяп қалды. Бұл қандай қасіретті күн болмақ! Сол күні құдіреті шексіз Құдай елді талқандамақ.

16Біздің көз алдымыздан азық-түлік алшақтап кетіп, Құдайымыздың киелі үйінен қуаныш пен шат-шадыман әндер ғайып болады емес пе?

17Себілген тұқым топырақ кесектерінің астында құрғап қалды. Содан егін шықпай, қамбалар бос тұр, астық қоймалары бұзылған.

18Малдың ыңырсуын-ай! Ірі қара жайылым болмай айналаны кезіп адасып жүр, ұсақ мал да қиналуда.

19Уа, Жаратқан Ие, Саған жалбарынамын! От иен даладағы жайылымдарды жалмап, жалындары жеміс ағаштарын құртып жіберді!

20Даладағы жабайы аңдар да Саған жалбарынуда, өйткені бұлақтардың арналары кеуіп, елсіз даладағы жайылымдарды өрт жалмады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help