Әйүп 30 - Киелі кітап(QazBi2010)

Әйүптің өзінің қорланып, қиналғанын бейнелеуі

1Бірақ жастары өзімнен кіші мына жігіттер енді мені мазақ қылып жүр. Олардың әкелеріне мен малымды бағатын иттердің жұмысын да сеніп тапсырмас едім.

2Сол шалдардың қолдарының күшінен маған не пайда? Олар күш-қуаттарынан айырылғандар ғой.

3Жоқшылық пен аштықтан әлсіреген олар түнде құла түздегі шөп тамырларын кеміріп шарлайтын.

4Бұталардың түбінен көк шөп теріп, жыңғылдың тамырын да тамаққа пайдаланатын.

5Олар адамдардың арасынан қуылып, жұрт оларды ұрылардай көріп айқайлайтын.

6Содан олар жылғалардың арнасын, жердегі шұңқырларды, жартастағы үңгірлерді паналайтын.

7Қалың нудың арасындағы аңдардай ақырып, тікенді бұталар астында жиналып отыратын.

8Бұлар — тегі жоқ ақымақтар, жұрт оларды елден қамшылап айдап шыққан.

9Ал енді сондайлар мені келекелеп ән салып, мен олардың мазағына айналдым.

10Олар менен жиреніп, аулақ жүреді, ал бетіме түкіруден еш тартынбайды!

11Құдай мені күш-қуатымнан айырып, азапқа ұшыратқандықтан, олар жүгенсіздіктерін көз алдымда ашық жасайды.

12Сол сойқандар топтасып, маған бас салады, аяғымнан шалып құлатып, арам істерін маған қарсы бағыттайды.

13Олар жүретін жолымды талқандайды. «Оның қолдаушысы жоқ!» деп мені құртуға қатты тырмысады.

14Кең ойық арқылы басып кіргендей, олар қатты шулап маған ентелеп тап береді.

15Қорқыныш маған шүйіліп, абырой-дәрежем жел қуғандай жоғалып, бақ-дәулетім бұлттай сейіліп жоқ болып кетті.

16Ал енді өмірім өшейін деп жатыр, басыма қиын-қыстау күндер түсті.

17Түнде сүйектерім сырқырап, көріп жүрген азабым бір тыншымайды.

18Құдай зор құдіретімен киімімнен ұстап алып, шапанымның жағасын қылғындыра сығымдайды.

19Ол мені балшыққа лақтырып тастады. Шаң-тозаң сияқты пайдасыз болып қалдым.

20Уа, Құдай, Саған жалбарына сиынсам да, маған жауап бермейсің. Алдыңда тұрсам да, мән бермей, маған қарап отыра бересің.

21Маған тым қатал болып кеттің, мені құдіретті қолыңмен қудалап отырсың.

22Құйынның ішіне мені лақтырып, ұшырасың, осылайша найзағай мен дауылда қырып-жоясың.

23Сөйтіп Сенің жанымды алып, бар тіршілік иелерінің баратын жеріне мені де аттандыратыныңды білемін.

24Ал азап шегіп, жалбарынып жатқан бейшараға ешкім де қолын көтермейтін еді ғой!

25Бірақ мен қайғы-қасірет көріп жүргендерге жанашыр болған жоқпын ба?! Жарлыларды аяп қайғырған жоқ па едім?!

26Әйтсе де өзім жақсыдан үміттеніп отырғанда жамандыққа ұшырадым, жарықты күткенімде айналамды түнек басты!

27Жан дүнием азан-қазан болып, еш тыншымайды, басыма қиын-қыстау күндер туды.

28Жан дүнием күннің нұрын көрмей, қараңғыда жүр. Жамағаттың жиынында орнымнан тұрып, көмек сұрап қатты жалынамын.

29Бірақ олар мені шибөрі мен түйеқұстың серігі деп санайды.

30Терім қарайып, тілініп кетті. Бүкіл денем безгектен күйіп тұр.

31Жетігенім қайғылы әуенге, сыбызғым жоқтау күйіне ғана келтірілген.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help