Жүніс 3 - Киелі кітап(QazBi2010)

Қайтадан берілген тапсырманың орындалуы

1Содан соң Жаратқан Ие Жүніске екінші рет сөзін арнап:

2«Сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар! Менің өзіңе айтқан хабарымды халыққа жарияла!» деп тапсырды.

3Осы жолы Жүніс Жаратқан Иенің айтқанын екі етпей, жолға шығып, Ниневиге барды. Бұл аралап шығуға үш күн уақыт кететін өте үлкен қала еді.

4Жүніс қаланы аралай бастады. Күн ұзағына халыққа уағыз айтып: «Қырық күннен кейін Ниневи күйреп, тас-талқан болады!» — деп жариялап жүрді.

Ниневи халқының теріс жолдан қайтып, кешірілуі

5Қала халқы Құдайдың хабарына сенді. Олар (күнәларына өкініп) ораза жариялап, үлкен-кіші барлық адамдар азалы киім киді.

6Ниневидің патшасы бұл туралы естігенде, ол да (күнәсіне опық жеп) тағынан түсіп, патшалық шапанын шешіп тастады да, азалы киім жамылып, күлге отырды.

7Содан ол Ниневи халқына патша мен оның уәзірлерінің атынан мына әмірін жариялатты:

«Күллі халық ораза тұтсын! Барлық адамдар мен жануарлар, ірілі-ұсақты малдар азық пен сусыннан ауыз тимесін!

8Адам және жануар атаулы азалы киім мен жабу жамылсын! Әркім Құдайға қатты жалбарынып сиынсын! Бәрі де зұлым жолдарынан қайтып, қатыгез іс-әрекеттерінен бас тартсын!

9Мүмкін, сонда Құдай райынан қайтып, аяушылық танытып, қаһарын басар. Осылай біз пәледен аман қалармыз!»

10Құдай олардың істегендерін көріп, зұлым жолдарынан қайтқандарына көз жеткізді. Содан Ол халыққа аяушылық танытып, бәрін құртамын деген райынан қайтты.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help