Лұқа 21 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Иса айналасына қарап, байлардың құдайы сыйлықтарын арнайы сандықтарға салып жатқандарына назар аударды.

2Сонымен қатар бір бейшара жесір әйелдің жалпы құны төрт теңгелік екі бақырды салғанын да көріп,

3былай деді: «Сендерге шындығын айтайын: мына бейшара жесір бәрінен де көп салды!

4Себебі басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра, күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан берді».

Ғибадатхананың қиратылуы әрі осы заманның ақыры

5Кейбіреулер ғибадатханаға нұсқап, оның әдемі тастармен салынып, арнайы сый-тартулармен тамаша әшекейленгенін айтты. Иса бұған былай деп жауап берді:

6— Сендер көріп тұрған мына ғимараттардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын күндер туады!

7Олар Исадан:

— Ұстаз, бұл қашан болады? Оның іске асатын кезін қандай белгі білдірмек? — деп сұрады.

8Исаның жауабы мынау болды:

— Сендер алданып, теріс жолға түсіп кетуден сақтаныңдар! Себебі көптеген адамдар Менің атымды жамылып келіп: «(Құтқарушы Мәсіх) Менмін!» және «Ақырзаман жақындап қалды!» дейтін болады. Ондайлардың соңынан ермеңдер!

9Соғыстар мен көтерілістер туралы естігенде үрейленбеңдер! Алдымен осылар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры бір дегеннен бола қоймайды. —

10Бұдан кейін Иса оларға айтқан сөзін жалғастырып былай деді: — Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады.

11Түрлі жерлерде қатты жер сілкіністер, ашаршылық және індеттер болады. Аспанда қорқынышты құбылыстар әрі зор ғажайып белгілер көрінбек.

Сенушілердің қудаланып, Иерусалимнің жазалануы

12Ал осының бәрі іске аспастан бұрын жұрт сендерге Менің жолыма түскендеріңе бола зорлық көрсетеді. Олар сендерді қудалайды, мәжілісхана соттарына ұстап беріп, түрмеге салады және патшалар мен әміршілердің алдына апарады.

13Осылайша сендер Мен туралы ашық айтуға мүмкіндік аласыңдар.

14Ал енді, қалай жауап береміз деп алдын ала ойламаймыз деген берік шешім қабылдаңдар!

15Себебі Мен сендерге жауларың қарсы сөйлеп, дәлел келтіре алмайтындай шешендік пен даналық дарытатын боламын.

16Сендерді тіпті әке-шешелерің мен бауырларың, туыстарың мен дос-жарандарың да ұстап беріп, кейбіреулеріңді өлімге душар етеді.

17Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады.

18Алайда Құдайдың еркінсіз сендер қылдай да қиянат шекпейсіңдер.

19Табанды болыңдар, сонда шынайы өмірге жетесіңдер!

20Ал Иерусалим қаласын әскерлер қоршап алғанын көрсеңдер, оның ойрандалатын кезінің жақындап қалғанын білесіңдер.

21Сонда Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын! Иерусалимдегілер қаладан шығып, ал оның маңындағылар қалаға кірмей, қашып кетсін!

22Себебі сол кез — Құдайдың халықты жазалайтын күндері. Осылайша Киелі жазбаларда бұл туралы жазылғандардың бәрі де жүзеге аспақ.

23Сол күндері аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер қандай қасіретке ұшырайтын болады! Өйткені осы ел үлкен апатқа душар болып, халықтың басына қаһарлы жаза түспек.

24Олар қылыштан өледі немесе тұтқындалып, барлық басқа ұлттардың елдеріне айдалады. Құдайға сенбейтін халықтар өз дәурендері өткенше Иерусалим қаласын табандарымен таптап, білгендерін істейтін болады.

Мәсіх Исаның дүниені соттау үшін қайтып келуіне дайын болу керек

25Күнде, айда, жұлдыздарда ғажайып белгілер пайда болып, жерде теңіздер шулап долданатын болады. Содан халықтар зәрелері ұшып, не істерін білмей дал болмақ.

26Аспан денелері орындарынан қозғалғандықтан, адамдар қорқып, әлемге төнетін апаттарды күтіп естерінен тана үрейленетін болады.

27Сол уақытта олар Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылықпен бір бұлтта келе жатқанымды көреді.

28Сендер бұл оқиғалар бола бастаған кезде бастарыңды көтеріп, жоғары қараңдар, себебі құтқарылуларың жақын! — деді Иса.

29Содан кейін Иса тыңдап тұрғандарға болашақтағы мына жағдайды түсіндірді: «Інжір ағашы мен барлық басқа ағаштарға қараңдар:

30жапырақтарының шыға бастағанын көргенде жаздың таяп қалғанын білесіңдер.

31Сол сияқты, сендер осы оқиғалардың болып жатқанын көргенде, Құдайдың Патшалығының жер бетінде орнайтын кезінің таяп қалғанын білетін боласыңдар.

32Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады.

33Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды.

34Алайда өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді.

35Себебі сол күн жер бетінде тұрғандардың бәрінің басына түскен тор сияқты кенеттен туа қалады.

36Әрқашан сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Осылайша сендер алдағы осы апаттардан құтылуға әрі Билеуші ретінде көктен келген Менің алдымда тұра алуға рухани күш-қуат иемденіңдер».

37Иса күндіз ғибадатханада тәлім берді, ал кешке қаладан шығып, Зәйтүн тауына барып, сол маңайда түнеп жүрді.

38Таң ата бүкіл халық Исаны тыңдау үшін ғибадатханаға Оның қасына келетін.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help