1(Дәуіттің жыры.)
Саған сиынамын, уа, Жаратқан Ием,
Жартастай берік қорғанымсың Сен,
Бас тарта көрме маған жауап беруден.
Егер де тіл қатып жауап бермесең,
Қабірге түскендерге ұқсаймын мен.
2Киелі үйіңе қарай қол көтеріп
Жалбарынсам Сенен қолдау тілеп,
Менің даусыма құлақ түре көрші.
3Қылмыс жасайтын зұлымдармен бірге
Маған өлімді бұйыра көрмеші.
Басқалармен солар жылы сөйлескенмен,
Олардың жүректері арамза әбден.
4Соларға жасаған қылмыстарына сай,
Істеген зұлым істеріне қарай
Тиісті жазаларын тартқыза гөр,
Лайықты қарымтасын қайтара гөр.
5Иеміздің істерін олар елемейді,
Оның жаратқандарын құрметтемейді,
Сондықтан Ол соларды талқандайды,
Енді қайтып оларды көтермейді.
6Жаратқан Ие мақталсын әрқашан!
Құлақ асты Ол даусыма жалынған.
7Ием — күш-қуатым, қалқандай қорғаным,
Шын жүректен Оған сенім артамын.
Ол мені қолдады, қатты қуанады жүрегім,
Иеме ән салып Оны дәріптеймін.
8Жаратқан Ие — күш-қуаты өз халқының,
Әрі Өзі тағайындаған патшасының
Берік қорғаны аман-есен сақтайтын.
9Уа, Жаратқан, халқыңды құтқара гөр,
Меншікті қауымыңды жарылқай гөр,
Бағушысы болып мәңгі көтере бер.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
