Ишая 33 - Киелі кітап(QazBi2010)

Дұшпандардан құтқарылу жайлы пайғамбарлық сөз

1Ей, ойрандаушы жау, өзің әлі де ойрандалмадың, әйтсе де енді қасіретке қаласың! Ей, опасыздық жасаушы жау, өзіңе әлі де опасыздық жасалмады, әйтсе де енді қасіретке қаласың! Ойрандап болған кезіңде өзің де ойрандаласың. Опасыздық жасап болған кезіңде басқалар саған опасыздық жасамақ.

2Уа, Жаратқан Ие, бізге рақым көрсете гөр! Саған сенім артып, Сені күтетін боламыз. Таң атқан сайын бізге күш-қуат сыйлап, қиын-қыстау кезеңде құтқара гөр!

3Сенің күркіреген даусыңнан халықтар қашады. Сен орныңнан көтерілсең, олар бытырап кетеді.

4Сонда жаудың жиған олжалары құрт не шегіртке жалмағандай ғайып болады.

5Жаратқан Иенің мәртебесі қандай жоғары! Ол көкте тұрып, Сионды әділдік пен ақиқатқа кенелтеді.

6Сол заманда Ол сендерге тұрақтылық, молынан аманшылық пен даналық және білім сыйлайды. Жаратқан Иені терең қастерлеу ұлы қазыналарың іспетті болмақ.

7Қараңдар, Яһуданың күшті адамдары көшелерде айқайлауда, бітім жасауға жіберілген елшілер қатты жылап (Ассурдан қайта оралады).

8Даңғыл жолдар қаңырап бос жатып, жолаушылар олармен енді жүрмейді. (Ассур бейбітшілік жайлы) келісімшартты бұзды. Куәгерлер алдында жасалған уәделер ұмытылып, адамның өміріне еш құрмет көрсетілмейді.

9Жеріміз құрғап, кеуіп қалуда. Ливан тауының ормандары солып ұятқа қалады. Шаронның құнарлы жазығы Өлі теңіздің жағасындағыдай құла түзге айналып, Башан мен Қармилдың қыратты аймақтарындағы ағаштар да қурап, жапырақтары түсіп жатыр.Жаратқан Иенің дұшпандарына арнаған ескертуі

10Жаратқан Ие (халықтарға) мынаны айтады: «Енді Мен орнымнан тұрамын! Мен қазір көтеріліп даңқымды шығарамын!

11(Ей, ассурлықтар), сендер қауыздай түкке тұрғысыз жоспар құрасыңдар. Істегендерің орылған егіндіктегі қурап қалған сабақтардай пайдасыз. Ашу кернеп осқырған лептерің оларыңды от сияқты өртеп жібермек.

12Сонда халықтар әк іспетті күйдіріліп, кесілген тікенді бұта іспетті өртеніп кетеді».

13Ей, алыстағылар, Менің істегенімді естіп біліңдер! Жақындағылар да, құдіретімді мойындаңдар!

14Сиондағы күнәкарлар үрейленіп, арсыздар дірілдеп қорқып былай деп жатыр: «Біздің қайсымыз осы жалмайтын отта тұра аламыз? Қайсымыз сөнбейтін отта аман қала аламыз?» —

15Тек әділ жолмен жүріп, шындықты айтатындар, зорлықпен пайда табудан бас тартып, пара алуға қол созбайтындар, әрі қан төгуді көздегендерге құлақ аспай, басқа да жауыз істерге қызықпайтындар ғана аман қала алады.

16Мұндайлар зәулім жартасты не мықты қорғанды паналағандай қауіпсіз болмақ. Оларға жейтін тамақтары беріліп, ішетін сусындары да таусылмас.

Ұлы Патшаның елі

17Сендер Патшаны асқан салтанатында өз көздеріңмен көресіңдер. Алысқа созылып жатқан ұлан-ғайыр елге көз саласыңдар.

18Өткен кездегі қорқыныш туралы ойланатын боласыңдар. (Жау қалаларыңды тонағанда олар:) «Есепші қайда екен? Олжаны таразыға тартатын тіркеуші қайда? Мұнараларды санаушы қайда?» — деп айқайлайтын.

19Сендер бөгде, түсініксіз тілде сөйлескен сол қатал халықты бұдан былай көрмейсіңдер.

20Сион шаһарына қараңдар, оның ішінде Құдай белгілеген мейрамдарымызды тойламақпыз! Сонда Иерусалимді өз көздеріңмен көресіңдер, ол аман-есен жатқан мекен болмақ. Қала қазықтары суырылмайтын, арқандары үзілмейтін, ешқашан да құлатылып, орнынан қозғалмайтын тұрақты шатырға ұқсамақ.

21Сонда Жаратқан Ие бізге салтанатты ұлылықпен билік жүргізеді. Еліміз екі жағында да үлкен өзендер мен бұлақтар ағып жатқан қауіпсіз жер іспетті болады. Жаудың ескекті қайықтары да, дәу кемелері де сонда жүзбейді.

22Себебі Соттаушымыз да, Заң Шығарушымыз да, Патшамыз да — Жаратқан Ие. Ол бізді құтқаратын болады.

23Уа, халқым, қазір сен арқандары босап кеткен кемеге ұқсайсың. Арқандар кеменің діңгегін мықтап ұстай алмайды, желкенді де жая алмайды. Ал кейін (жаудың әскерінен қалған) ағыл-тегіл мол олжасын бөлісіп аласыңдар. Тіпті ақсақтар да соған қатысып, өз үлестерін алмақ.

24Елімізде тұратын бірде-бір жан енді қайтып: «Әлсізбіз» деп түңілмейді. Жерді мекендеген халықтың барлық күнәлары кешірілген болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help