1Құтқарылу және Ашымаған нан мейрамдарына екі-ақ күн қалған еді. Басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды.
2Әйтсе де олар: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті.
3Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын. Сонда бір әйел Исаның қасына жақындап келді; оның қолында нард деген өсімдіктен жасалған таза, аса құнды иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар еді. Әйел құтының аузын сындырып, иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды.
4Сол жердегілердің кейбіреулері бұған наразы болып, бір-біріне: «Иісмай неге бұлай ысырапталды?
5Оны бір жылдық жалақыдан да артық бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой!» — десіп, әйелді сөгіп тастады.
6Бірақ Иса оларға қарсы шығып былай деді:
— Бұл әйелге тимеңдер! Оны неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады.
7Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, оларға қалаған кезде қайырым көрсете аласыңдар. Ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.
8Бұл әйел қолынан келгенін істеп, Менің денеме қабірге қоярдағы май жағу салтын алдын ала орындады.
9Сендерге шын айтамын: осы Ізгі хабар қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады.
10Ал он екі елшінің біреуі, Яһуда Исқариот, Исаны ұстап беру ниетімен басты діни қызметкерлерге барды.
11Мұны естігенде олар қатты қуанып, сол үшін Яһудаға күміс ақша беруге уәде етті. Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.
Құтқарылу мейрамындағы ас12Ашымаған нан мейрамының бірінші күні әр отбасы ата-бабаларын Құдайдың құтқарғанын еске түсіріп, бір тоқтыны құрбандыққа шалатын. Сол кезде шәкірттері Исадан:
— Мейрам асыңызды қай жерге әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады.
13Иса олардың екеуін жұмсап былай деді:
— Қалаға барып, кіріңдер. Сонда сендерге құмырамен су алып бара жатқан бір адам кездеседі. Соның артынан еріп,
14ол кірген үйдің иесіне: «Ұстазымыз сізге сәлем айтып, Маған шәкірттеріммен бірге отырып мейрам асын ішуге болатын қонақ бөлмеңіз қайда екен деп сұрап жатыр» деңдер.
15Үй иесі сендерге жоғарғы қабатта орналасқан, еденіне төсеніштер төселіп даярланған кең қонақ бөлмені көрсетеді. Асты бізге сол жерге дайындаңдар! —
16Екі шәкірті жолға шығып, қалаға кіргенде, бәрі де Исаның айтқанындай болды. Олар мейрам асын сонда даярлады.
17Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге сол үйге келді.
18Олар дастарқан басына жайғасып, тамақ ішіп отырғанда, Иса:
— Сендерге шындығын айтайын: Менімен бірге тамақ ішіп отырған сендердің біреуің Маған опасыздық жасайды, — деді.
19Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі:
— Сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады.
20Иса жауап беріп:
— Ол — осы он екіңнің бірі, табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің.
21Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді, — деді.
Исаның құрбан болуы — Жаңа Келісімнің негізі22Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып:
— Алып жеңдер, бұл — Менің денем, — деді.
23Иса тостағанды да алып, шүкірлік етіп, оларға берді. Одан бәрі де ішті.
24Иса оларға:
— Бұл — көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным.
25Сендерге шын айтамын: Мен Құдайдың Патшалығы орнаған кезде жүзім шырынынан жаңа түрде ішетін боламын. Сол күнге дейін одан енді қайтып татпаймын, — деді.
26Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді.
Мәсіхтің жалғыздығы және мінажат етіп рухани күресуі27Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді:
— (Бүгін түнде) бәрің де Менен безіп кетесіңдер. Себебі (Пайғамбарлар жазбаларында мынадай сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «қойлары» бытырап кетеді.
28Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. —
29Ал Петір Оған:
— Бәрі безіп кетсе де, мен олай етпеймін! — деді.
30Иса:
— Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш екі рет шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — деп жауап қайтарды.
31Алайда Петір одан бетер құлшына:
— Маған Сізбен бірге өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттер де осыны айтты.
32Осылай олар бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда шәкірттеріне: «Мен сиынып мінажат етіп болғанша, осы жерде отыра тұрыңдар», — деді.
33Ол Петір, Жақып және Жоханды Өзімен бірге ала кетіп, жаны түршігіп қатты қинала бастады.
34Иса үш шәкіртіне: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Сендер осында қалып, ұйықтамай сергек болыңдар!» — деп тапсырды.
35Иса сол жерден әрірек барып, жерге жығылды. Мүмкін болса, алдағы азапты кезеңнің Өзіне жоламай айналып өтуін сұрап:
36«О, Абба, Әкем! Сенің қолыңнан бәрі де келеді. (Қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!» — деп мінажат етті.
37Қайтып келгенде Иса шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Шимон, ұйықтап жатырсың ба? Ең болмағанда, бір сағат ұйықтамай отыра алмағаның ба?
38Азғырылмау үшін сергек болып сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді.
39Иса тағы да шеткері барып, сиынып бұрынғы сөздерін қайталап мінажат етті.
40Бұдан кейін оралып келгенде, шәкірттері қайтадан ұйықтап жатты. Себебі көздерін ұйқы басқан еді. Олар Исаға не айтарларын білмеді.
41Иса үшінші рет оңаша сиынып, қайтып келгеннен кейін шәкірттеріне: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Жетер енді, уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі.
42Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!» — деді.
Мәсіхтің өз еркімен тұтқынға түсуі43Иса әлі де осыны айтып тұрғанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылары жіберген болатын.
44Исаға опасыздық жасаушы Яһуда оларға белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқындап, абайлап алып кетіңдер», — деген еді.
45Яһуда келген бойда-ақ Исаның қасына барып: «Ұстаз!» — деп, Оның бетінен сүйді.
46Сонда Яһудаға еріп келгендер Исаға тап беріп, Оны ұстай алды.
47Бірақ сол жерде Исамен бірге тұрғандардың біреуі семсерін суырып алды. Соны бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді.
48Ал Иса келгендерге: «Мені тұтқындауға, қарақшыға қарсы аттанғандай семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай?
49Күн сайын ғибадатханада тәлім беріп қастарыңызда болғанымда Мені ұстаған жоқсыздар. Бірақ Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандар осылай жүзеге асуға тиіс!» — деді.
50Сол сәтте шәкірттерінің бәрі Исаны тастап, қаша жөнелді.
51Ал жалаңаш денесіне бәтес жамылғы ғана оранған бір жас жігіт Исаның артынан ілесіп отырды. Жасақшылар оны ұстап алды.
52Бірақ сол жігіт жамылғысын тастай сала, қолдарынан сытылып шығып, жалаңаш күйі қашып кетті.
Жоғарғы кеңестің әділетсіз соты және үкімі53Қарулы топ Исаны бас діни қызметкердің сарайына апарды. Сол жерге барлық басты діни қызметкерлер, рубасылар және дін мұғалімдері жиналды.
54Петір Исаға алыстан ілесе отырып, бас діни қызметкердің сарайының ішкі ауласына дейін барды. Ол жерде Петір сақшылармен бірге отырып, отқа жылынды.
55Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы айғақ іздестірді, бірақ ештеңе таба алмады.
56Көптеген адамдар Исаға қарсы жалған куәлік берді, алайда олары бір-біріне сай келмеді.
57Ақырында кейбіреулері тұрып:
58— Біз Бұның: «Мен қолдан жасалған мына киелі үйді бұзып, қолдан жасалмаған басқасын үш күнде қайта тұрғызамын» дегенін естідік, — деп жалған куәлік келтірді.
59Алайда бұл жайындағы айтқандары да өзара сәйкес келмеді.
60Сонда бас діни қызметкер ортаға шығып, Исаға:
— Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деген сауал қойды.
61Бірақ Иса еш жауап бермей үндемеді. Бас діни қызметкер Оған тағы да сұрақ қойып:
— Сен Мадақталғанның рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деді.
62Иса:
— Мен Солмын. Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді.
63Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып:
— Енді куәгерлердің қажеті қанша?
64Ол Тәңірге тіл тигізді, мұны өз құлақтарыңызбен естідіңіздер! Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады.
Жиналғандардың барлығы да Оны өлім жазасына лайық деп шешті.
65Бірқатары Исаға түкіре бастады. Оның бетін бүркеп, жұдырықтап: «Әй, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі. Бұдан кейін сақшылар Исаны ұстап тұрып, соққылады.
Петірдің Мәсіх Исадан үш рет тануы66Бұл кезде Петір төменде, сарайдың ішкі ауласында, отырған еді. Бас діни қызметкердің бір қызметші қызы өтіп бара жатып,
67отқа жылынып отырған Петірді көрді. Оған қадала қарап:
— Сен де назареттік Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді.
68Алайда Петір:
— Не деп тұрғаныңды білмеймін де, түсінбеймін де, — деп мойындамады. Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді. Сонда әтеш шақырды.
69Қызметші қыз Петірді тағы да көріп, сол жерде тұрғандарға: «Мынау — солардың біреуі!» — дей бастады.
70Бірақ Петір қайтадан мойындамады.
Сәл кейінірек сонда тұрғандар да оған:
— Сен шынымен солардың біреуісің, ғалилеялықсың ғой! (Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр!) — деді.
71Ал Петір:
— Сендер айтып тұрған Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады.
72Сол сәтте-ақ әтеш екінші рет шақырып, Петірдің есіне Исаның «Әтеш екі рет шақырғанша, сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. Сонда ол қатты налып, жылады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.