1Құдай Әкемізге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауылдан, Сыйластан және Тімотеден дұғай сәлем.
2Сендерге Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін!
Қауым көрген қиыншылықтар және Құдайдың әділ соты3Қымбатты бауырластар, Құдайға сендер үшін әрдайым шүкірлік етуге тиіспіз. Бұл, әрине, дұрыс, өйткені бәріңнің сенімдерің мен өзара сүйіспеншіліктерің артып келе жатыр.
4Сондықтан біз бастарыңнан өтіп жатқан әр түрлі қудалау мен қысымшылықтар кезіндегі шыдамдылықтарың мен сенімдеріңді Құдайдың өзге қауымдарына айтып, мақтан етіп жүрміз.
5Бұның бәрі Құдайдың барлық адамдарды әділ соттайтынын көрсетеді: Ол Өзінің Патшалығы үшін азап шеккен сендерді соған кіруге лайықтысыңдар деп есептейді.
6Құдайдың әділдігі мынадай: Ол сендерді қинағандардың өздерін қинамақ,
7ал қиналып жүрген сендерге бізбен бірге тыныштық бермек.
Бұл, Иеміз Иса Мәсіх құдіретті періштелерімен бірге жалындаған отпен көктен түсіп келгенде болады.
8Сонда Ол Құдайға менсінбей, Иеміз Исаның Ізгі хабарына құлақ аспай жүргендерді жазаламақ.
9Сол адамдар мәңгі бақи Иеміздің алдын көрмей, Оның салтанатты ұлы құдіретінен аластатылып, құрып кетеді.
10Сол күні Иеміз келеді де, Өзіне бағышталған адамдарына жасаған игіліктері үшін зор мақтанышқа бөленіп, Өзіне сенген олардың бәрін қайран қалдырады. Сендер де солардың ішінде боласыңдар, өйткені біз әкелген Ізгі хабарға сендіңдер.
Елшілердің қауым үшін мінажат етуі11Сондықтан біз әрдайым сендер үшін былай деп мінажат етеміз: Құдай сендерді құтқарылуға шақырған соң соған лайықты өмір сүрулеріңе, ізгі ниеттеріңді жүзеге асыруларыңа және сеніммен бастаған істеріңді Құдайдың көмегімен аяқтауларыңа қабілет бергей.
12Осылай сендер арқылы Иеміз Исаның есімі даңққа бөленіп, өздерің де Оның ұлылығын бөлісесіңдер. Құдайымыз және Иеміз Иса Мәсіх бұл үшін сендерге рақымын жаудыра көрсін.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
