Забур жырлары 79 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жау құртқан «жүзім бұтасын» қалпына келтіруді сұрау

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Келісім қызғалдағы» әуенімен айтылатын Асафтың жыры.)

2Уа, Исраилдің Бағушысы, құлақ түрші,

Бейне қой отарындай жетелейсің Жүсіпті.

Уа, керубтер арасында «тақта» Отырушы,

Өзіңнің нұрлы салтанатыңды жайнатшы.

3Ефрем, Бунямин, Манаса руларының

Көз алдында зор күшіңді көрсетші,

Өзің келіп, бізді құтқарсаң етті!

4О, Құдай, бізді қайтаршы өз жолыңа,

Бет нұрыңды төксең бізге тағы да,

Құтқарылатын боламыз осылайша.

5Уа, Жаратқан, Әлемнің Иесі — Құдайсың,

Қашанғы өз халқыңа ашуланасың,

Мінажаттарымыздан мүлдем бас тартасың?

6Сен халқыңды көз жасымен тойындырдың,

Иә, көз жасымен шөлімізді әбден қандырдың,

7Сөйтіп мазақтаттың бізді көршілерімізге,

Дұшпандарымыз табалап келекелеуде.

8Уа, Әлемнің Иесі — Құдай Тағала,

Бізді қайтара гөр өз тура жолыңа,

Бет нұрыңды төксең бізге тағы да,

Құтқарылатын боламыз осылайша.

9Бізді Мысырдан жүзім бұтасындай әкелдің,

Басқа ұлттарды елден қуып шығардың,

Солардың орнына бізді отырғыздың.

10Ол үшін тазартып, өңдедің жерді,

Сол «бұта» тамыр жайып, толтырды елді,

11Оның көлеңкесі тауларды жапты,

Сабақтары зор самырсындарды басты.

12Бұтақтары созылды теңізге дейін,

Өркендері — Евфрат өзеніне дейін.

13Енді неге қоршаған дуалын қираттың?

Қасынан өткеннің бәрі жұлды жемісін,

14Орман қабаны түбін қазып, қопаруда,

Түз аңдары жайылып, «бұтаңды» жалмауда!

15Уа, Әлемнің Иесі, қайта оралсаңшы,

О, Құдай, көктен жерге көз салсаңшы,

Осы «жүзім бұтасын» қамқорлашы,

16Құдіретті қолыңмен оны отырғыздың,

Сабақтарын Өзіңе арнап өсірдің.

17«Жүзім бұтаңды» шауып, өртеді жаулар,

Бетіңнің ызбарынан жойылады олар.

18Қолдай гөр оң жағыңдағы халқыңды,

Өзіңе арнап нығайтқан ұлтыңды.

19Сенен енді қайтып безбейміз сонда,

Сиынатын боламыз Сенің атыңа,

Өмірімізді жаңарта гөр тағы да.

20Уа, Әлемнің Иесі — Құдай Тағала,

Бізді қайтара гөр өз тура жолыңа,

Бет нұрыңды төксең бізге тағы да,

Құтқарылатын боламыз осылайша.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help