1Исраил көшіп шыққанда Мысырдан,
Жақыптың әулеті сол бөтен тілді жұрттан,
2Яһуда елі Құдайдың киелі үйіне
Айналды, Исраил де — Оның иелігіне.
3Сонда теңіз көріп, қаша жөнелді,
Иордан өзені кері бұрылды,
4Таулар қошқар іспетті секірді,
Төбелер қозы іспетті секектеді.
5Уа, теңіз, сен неге қаша жөнелдің?
Уа, Иордан, сен неге кері бұрылдың?
6Таулар, қошқардай неге секірдіңдер?
Төбелер, қозыдай неге секектедіңдер?
7Жер, дірілде Жаратқанның алдында,
Жақып сиынған Құдайдың алдында.
8Құдай жартасты айналдырды көлге,
Дәу шақпақ тасты атқылаған су көзіне.
9 Біздің емес, уа, Жаратқан, тек Сенің атың
Рақымың мен адалдығың үшін даңқталсын!
10«Қайда екен сиынған Құдайы бұлардың?»
Деп басқа халықтар неге табаласын?
11Ал сиынған Құдайымыз заңғар көкте,
Ол барлық қалауын асырады іске.
12Өзге ұлттардың пұттары күміс, алтыннан,
Адамдардың қолдарымен жасалған.
13Пұттың аузы бар, бірақ сөйлей алмайды,
Көздері бар, бірақ көре алмайды,
14Құлақтары бар, бірақ ести алмайды,
Мұрны бар, бірақ иіс білмейді,
15Қолдары бар, бірақ сезе алмайды,
Аяқтары бар, бірақ жүре алмайды,
Көмейінен бір дыбыс та шықпайды.
16Өлі пұтты жасаған пенде соған ұқсайды,
Мүсінге сенген әркім де содан аумайды.
17Уа, Исраилдің бүкіл әулеті,
Сенім артыңдар Жаратқан Иемізге!
Қалқандай қорғап, қолдайды Ол біздерді.
18Уа, Һаронның бүкіл әулеті,
Сенім артыңдар Жаратқан Иемізге!
Қалқандай қорғап, қолдайды Ол біздерді.
19Уа, қастерлейтіндер Иемізді,
Сенім артыңдар Жаратқан Иемізге!
Қалқандай қорғап, қолдайды Ол біздерді.
20Жаратқан Ие бізді есінде ұстайды,
Иә, Иеміз біздерді жарылқайды,
Ол Исраилдің әулетін жарылқайды,
Һәм Һаронның ұрпақтарын жарылқайды.
21Жаратқан Өзін қастерлейтін жандарды —
Үлкенді-кішілі бәрін де жарылқайды.
22Өздерің мен ұрпақтарыңның сандарын
Жаратқан Ие ұдайы ұлғайтсын.
23Аспанды да, жерді де жаратқан
Иеміз өздеріңді жарылқаған.
24Заңғар көк — Жаратқанның иелігі,
Ал жер бетін Ол адамзатқа берді.
25Өлілер Жаратқанды дәріптемес,
Қабірде жатқандар үндемес,
26Ал біз паш етеміз Иеміздің игілігін
Қазіргі кезден мәңгілікке дейін.
Жаратқан Ие дәріптеле берсін!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
