Заңды қайталау 5 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдай тапсырған Он өсиет

1Содан Мұса бүкіл Исраил халқын жинап алып, былай деді:

— Уа, Исраил халқы, мен бүгін өздеріңе жеткізетін ережелер мен шешімдерге құлақ асыңдар! Оларды сақтап, орындау үшін үйреніңдер!

2Құдай Иеміз бізбен Хориб тауында Келісім жасаған еді.

3Осы Келісімді Жаратқан Ие ежелгі ата-бабаларымызбен емес, біздің өзімізбен, яғни қазір осы жерде тірі тұрған біздің бәрімізбен жасады.

4Жаратқан Ие таудағы оттың ішінен сендермен бетпе-бет тілдесті.

5Мен сол кезде Жаратқан Ие мен сендердің екі араларыңда тұрып Оның сөздерін сендерге жеткізетінмін. Өйткені сендер оттан қорқып, тау басына көтерілмей қойған едіңдер. Сонда Жаратқан Ие былай деген еді:

6«Мен сені құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шыққан Құдайың — Жаратқан Иемін.

7Сенің Менен басқа ешқандай тәңірлерің болмасын!

8Аспанда, жерде не суда бар нәрселердің ешқайсысынан өзіңе тәңір бейнелерін жасама!

9Сондайларға бас иіп табынып, құлшылық етпе! Мен сенің Құдай Иеңмін, Өзімнен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбеймін. Мені менсінбейтіндерді немерелері мен шөберелеріне дейін жазалаймын,

10ал Өзімді сүйіп, өсиеттерімді ұстанғандарға тіпті мыңыншы ұрпағына дейін рақымымды төгемін.

11Құдай Иеңнің атын орынсыз аузыңа алма!

Өз атын орынсыз қолданғандарды Жаратқан Ие жазасыз қалдырмайды.

12Құдай Иең саған өсиеттегендей, демалыс күнін Оған бағыштауды сақтайтын бол!

13Алты күн еңбектеніп барлық жұмыстарыңды істей бер,

14ал жетінші күн — Құдай Иеңе бағышталған демалыс күні. Сол күні не өзің, не ұл-қызың, не қызметшілерің, не өгізің, не есегің, не басқа да малдарың, не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар ешқандай жұмыс істемеңдер! Осылайша өзің сияқты қызметшілерің де демалсын.

15Сенің де Мысырда құл болғаныңды, Құдайың Жаратқан Иенің сені Өзінің алға созылған құдіретті қолымен сол елден алып шыққанын есіңнен шығарма! Сондықтан да Құдай Иең саған демалыс күнін сақтауды бұйырды.

16Құдай Иең саған өсиеттегендей, ата-анаңды сыйла!

Сонда Құдай Иең өзіңе табыстайтын елде игілікті де ұзақ өмір сүретін боласың.

17Кісі өлтірме!

18Неке адалдығын бұзба!

19Ұрлық жасама!

20Ешкімді бекерге айыптама!

21Басқаның әйеліне, оның үйіне не жеріне, құл-күңіне, өгіз-есегіне не өзге де ешқандай нәрсесіне заңсыз ие болуға сұқтанба!»

Мұса пайғамбардың арашалығы

22Осы сөздерді Жаратқан Ие оттың және бұлт пен қою қараңғылықтың ішінен таудың етегінде жиналып тұрған сендерге зор дауыспен айтып берді. Оларға басқа еш нәрсе қосқан жоқ. Сол өсиеттерін Ол екі тас тақташаға жазып, маған тапсырды.

23Тау от болып жанып жатқан кезде сендер қараңғылық ішінен дауысты естігенде, барлық рубасыларың мен ақсақалдарың маған жақындап келіп,

24былай деді: «Құдайымыз Жаратқан Ие бізге Өзінің нұрлы салтанаты мен ұлылығын көрсетті, от ішінен Оның даусын естідік. Бүгін біз Құдай адаммен тілдескенде адамның тірі қала алатынын да көрдік.

25Ал енді, біз неге өлуге тиіспіз? Мына жалындаған от бізді жалмағалы тұр. Егер Құдай Иеміздің дауысын әрі қарай ести берсек, онда құрып кетерміз.

26Мәңгі тірі Құдайдың дауысын от ішінен біз естігендей естіп, тірі қалған пенде бар ма?

27Сіз өзіңіз Құдай Иемізге жақындап барып, Оның айтқандарын тыңдаңызшы. Содан кейін Құдайымыз Жаратқан Иенің өзіңізге білдіргендерінің бәрін бізге жеткізіңіз. Соларды тыңдап, орындайтын боламыз».

28Сендердің осы сөздерің Жаратқан Иенің құлағына жетіп, Ол маған былай деді: «Мына халықтың саған айтқан сөздерін естідім. Соларының бәрі дұрыс.

29Олардың Мені терең қастерлеп, өсиеттерімді түгел орындауға ниеттенген жүректері берік болса екен! Сонда олардың өздері де, ұрпақтары да әрқашан игілікті өмір сүретін болады.

30Енді оларға барып, қостарына қайтсын де.

31Ал өзің осы жерде Менің қасымда қал. Мен саған айтып беретін барлық өсиеттерім, ережелерім және шешімдерімді сен халыққа үйрет. Мен өздеріңе мұралық меншікке бергелі тұрған елде олар бұларды орындайтын болсын».

32(Содан Мұса халыққа былай деді:)

— Өз Құдайларың Жаратқан Ие сендерге бұйырғанды толығымен орындауға қырағы болып, одан оңға да, солға да бұрылмаңдар!

33Құдай Иеміз өздеріңе нұсқаған жолмен жүріңдер! Сонда сендер тірі қалып, иемденгелі тұрған елде игілікті де ұзақ өмір сүретін боласыңдар.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help