1Адам баласы күмісті кеннен шығарады,
Алтынды арнайы орында тазартады,
2Темірді топырақтан қазып алады,
Мысты да кеннен балқытып айырады.
3Кеншілер түнекті жарықтандырады,
Қараңғыда тіпті ең алыстағы
Кенді де іздеп тауып алады.
4Ұсталар шалғай, адам аяғы
Баспайтын жерлерде құдық қазады,
Төменге түскенде арқанға асылады,
Содан олай-бұлай тербеліп тұрады.
5Жер бетінде астық өсіп-өнеді,
Жер астын лаулаған от өзгертеді,
6Тастарынан көк асыл тас табылады,
Топырағынан алтын алынады.
7Жыртқыш құс білмейді осы жолдарды,
Сұңқардың көзі көрмейді оларды,
8Маңғаз аңдар соларды басқан емес,
Арыстан да үстімен өткен емес.
9Пенде қатты тастарды да сындырады,
Тауларды тамырымен қопарады,
10Жартастарда үңгір шауып қазады,
Әр түрлі құнды заттарды көзі шалады,
11Өзен бастауларын іздеп табады,
Тығылған заттарды жарыққа шығарады.
12Ал даналықты қайдан табуға болады?
Шынайы парасат қай жерде тұрады?
13Оның құнын пенде жете ұқпайды,
Бұ дүниеден оны таба алмайды.
14Терең тұңғиық: «Ол менде емес!» дейді,
Теңіз де: «Менде ол жоқ!» деп мәлімдейді.
15Саф алтынға оны сатып ала алмайсың,
Құнын күміспен төлей де алмайсың.
16Не Опырдан әкелінген алтынменен,
Не оникс тас, не көк асыл таспенен
Оның бағасын айқындай алмайсың сен.
17Даналықты алтын, гауһармен салыстырмас,
Саф алтын бұйымға оны сатып ала алмас.
18Інжу-маржанды ескермей-ақ қойса болады,
Даналық лағыл тастардан да тым бағалы!
19Құштық топазды даналықпен салыстырмайды,
Саф алтынмен оны айырбастамайды.
20Сонда даналық қайдан келеді екен?
Парасаттың мекені қайда екен?
21Ол тірі жандының бәрінен жасырынған,
Құстардың назарынан да тыс қалған.
22О дүние мен өлім былай дер ол жайлы:
«Тек сыбыс қана естідік сол туралы».
23Тек Құдай біледі даналыққа барар жолды,
Оған ғана белгілі соның тұрағы.
24Өйткені Құдай жердің шеттеріне қарайды,
Аспан астындағының бәрін де Ол байқайды.
25Құдай желдің қуатын белгіледі,
Бүкіл судың мөлшерін де өлшеді,
26Құдай жаңбырға жаусын деп бұйрық берді,
Найзағай мен күн күркіреу жолын белгіледі,
27Сол кезде Ол даналыққа қарап, баға берді,
Тиісті орнын бекітіп, оны тексерді.
28Құдай адамға былай деді: «Даналық —
Жаратқан Иені терең қастерлеу
Және нағыз ақыл-парасаттылық —
Зұлымдық атаулыдан алшақ кету».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
