Забур жырлары 76 - Киелі кітап(QazBi2010)

Күйзелген халықтың Құдайдың кереметтерін еске алуы

1(Ән-күйдің жетекшісі Едутунге арналған Асафтың жыры.)

2Мен Құдайға дауыстап жалбарынамын,

Құлақ түре көрсін деп Оған жалынамын.

3Қиын кезде де Иеме бет бұрамын,

Түнде қол жайып, тоқтамай сиынамын,

Жан дүнием бас тартады жұбаныштан.

4Қатты күйзелемін Құдайды есіме алсам,

Рухым әлсірейді, егер де ойға шомсам.

5Уа, Ием, Сен мені ұйықтатпайсың,

Қатты абыржып, сөйлей де алмаймын.

6Ежелгі заман жайлы ойланамын,

Өткен ғасырларға ой саламын,

7Түнде айтқан әндерімді еске аламын,

Рухым жауап іздеп, жүрекпен толғанамын.

8Әлде Иеміз біржола бас тартты ма?

Енді қайтып ықылас танытпай ма?

9Берік мейірімі мүлдем үзілді ме?

Берген сөзі мәңгілік күйреді ме?

10Мейірленуді Құдай ұмытқан ба?

Қаһары рақымын басып тастаған ба?

11Мен былай деймін: «Құдай Тағаланың

Құдіреті өзгеріпті, бұл — нағыз азабым».

12Ием, Сенің істеріңді еске аламын,

Ежелгі кереметтеріңді ойға аламын,

13Бар іс-әрекетің жайлы ойланамын,

Ұлы істерің жөнінде толғанамын.

14Жолдарың Сенің, уа, Құдай, қасиетті,

Өзіңдей тәңір бар ма құдіретті?

15Сен кереметтер жасайтын Құдайсың,

Халықтарға күш-қуатыңды таныттың,

16Құдіретіңмен халқыңды құтқардың:

Жақып пен Жүсіптің осы ұрпақтарын.

17Уа, Құдай, Қамысты теңіз Сені көрді,

Суы Өзіңді байқап үрейленді,

Теңіздің тұңғиығы дүр сілкінді.

18Бұлттар сонда жерге нөсер жаудырды,

Аспанда күн күркіреп жаңғырды,

Найзағай жебедей ұшып жарқылдады.

19Құйында Сенің даусың күркіреді,

Жай оты әлемге жарығын түсірді,

Һәм жер беті шайқалып дірілдеді.

20Сонда Сен теңіз арқылы жол жүрдің,

Ұлан-ғайыр су арқылы қадам бастың,

Ал көзге көрінбеді іздерің Сенің.

21Содан халқыңды отардай бастадың

Жетекшілігімен Мұса мен Һаронның.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help