1Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
2«Исраилдіктерді (жалған тәңірге табындырып күнәға батырғандары үшін) мадияндықтардан өшімді ал. Содан соң өзің дүниеден өтіп ата-бабаларыңның қасына жөнелесің».
3Сонда Мұса халыққа былай деп бұйырды: «Араларыңнан ер адамдарды қаруландырып жасаққа жіберуге дайындаңдар! Олар Мадиянға қарсы аттанып, олардан Жаратқан Иенің өшін алсын.
4Исраилдің әрбір руынан жасаққа бір мың адамнан жіберіңдер!»
5Сонда Исраилдің әулеттерінен әр рудан бір-бір мыңнан, шайқасқа қаруланып дайындалған он екі мың адам жиналды.
6Әр рудан бір-бір мыңнан шыққан оларды Мұса шайқасқа аттандырды. Діни қызметкер Елазар ұлы Пінехес қолына киелі бұйымдар мен белгі беретін кернейлерді алып, солармен бірге аттанды.
7Исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұсаға берген бұйрығы бойынша мадияндықтарға қарсы шайқасқа шығып, олардың күллі еркектерінің көзін құртты.
8Сол өлгендердің арасында Мадиянның бес көсемі — Еуи, Рекем, Сур, Хур және Реба да болды. Исраилдіктер Беғор ұлы Балағамды да семсермен өлтірді.
9Исраилдік сарбаздар мадияндықтардың әйелдері мен балаларын қолға түсіріп, барлық табындарын, отарларын және өзге дүние-мүліктерін олжалап алды.
10Бұдан кейін олардың тұрған барлық қалалары мен тұрақтарын өртеп жіберді.
Жасақ алып келген олжа11Исраил жасағы қолға түскен барлық олжаны және тонап алғандарын: адамдар мен малдарды жинап алып,
12бәрін де Иерихонға қарама-қарсы, Иордан жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарында қоныста тұрып жатқан Мұсаның, діни қызметкер Елазардың және исраилдіктердің бүкіл қауымының алдына алып келді.
13Мұса, Елазар және қауымның жетекшілері оларды қарсы алуға қоныстың сыртына шықты.
14Бірақ Мұса шайқастан қайтып келе жатқан жасақ басшыларына: мыңбасылар мен жүзбасыларға қатты ашуланып
15былай деді: «Барлық әйелдерді тірі қалдырыпсыңдар ғой, бұларың қалай?
16Бері қараңдар! Балағамның кеңесі бойынша Пеғордың маңында исраилдіктерді азғындыққа еліктіріп, олардың Жаратқан Иеге опасыздық жасауларына себепші болған солар емес пе еді?! Содан да Жаратқан Иенің халқының арасында індет жайылды ғой!
17Енді барлық ұл балалардың және еркек көрген әйелдердің көздерін құртыңдар!
18Бірақ әлі еркекпен жақындаспаған жас қыздарды өздеріңе тірі қалдырыңдар.
19Ал сендердің соғыста адам өлтірген не өлген адамның мүрдесімен жанасқандарыңның барлығың, жеті күнге ел қонысының сыртында қалыңдар! Арамданғаннан кейінгі үшінші және жетінші күндері өздерің де, қолға түсірген тұтқындарың да тазару рәсімінен өтіңдер.
20Барлық киімдеріңе, теріден, жүннен не ағаштан жасалған бұйымдарыңа да күнәдан тазарту рәсімін орындаңдар!» — деді.
21Діни қызметкер Елазар шайқасқа қатысқандарға тағы мынаны айтты: «Жаратқан Иенің Мұса арқылы бұйырған заңының ережелері былай:
22алтын, күміс, қола, темір, қалайы, қорғасыннан жасалған,
23жалпы, отқа төзімді бұйымдардың барлығын отқа күйдіріп тазартыңдар. Бірақ оларға тазарту суын бүркіліп тазарту рәсімі де орындалсын. Отқа төзбейтін бұйымдарды тек тазарту суымен бүркіп тазартыңдар.
24Жетінші күні киімдеріңді жуыңдар, сонда тазарасыңдар. Содан соң қонысқа қайтып келулеріңе болады».
Олжаның үлестірілуі25Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
26«Өзің, діни қызметкер Елазар және қауымдағы әулеттердің басшылары қолға түскен тұтқындар мен мал басын санаңдар.
27Содан соң қолға түскен олжаны шайқасқа қатысқандар мен қауымның қалған адамдарының арасында тең бөл.
28Алайда алдымен сарбаздардың олжасына тиген адамдар, мүйізді ірі қара, есек және қой-ешкінің әрбір бес жүзінен біреуін Жаратқан Иенің үлесіне арнаңдар.
29Сарбаздардың өздеріне тиген жартысынан Жаратқан Иеге бағыштаған осы үлестерін діни қызметкер Елазарға табыстаңдар!
30Ал олжаның қалған исраилдіктерге тиген екінші жартысының: адамдар, мүйізді ірі қара, есек және қой-ешкінің, яғни барлық малдың әрбір елуінен біреуін Жаратқан Иенің үлесіне арнаңдар. Бұл тартуды Жаратқан Иенің киелі шатырындағы күзет пен өзге де міндеттерді атқаратын леуіліктерге табыстаңдар!»
31Мұса мен діни қызметкер Елазар Жаратқан Иенің Мұсаға берген бұйрығы бойынша істеді.
32Сарбаздардың қолдарына түскен олжаның қалғанын есептегенде барлығы алты жүз жетпіс бес мың қой-ешкі,
33жетпіс екі мың мүйізді ірі қара,
34алпыс бір мың есек,
35еркек көрмеген отыз екі мың қыз болды.
36Олжаның шайқасқа қатысқандардың үлесіне тиген жартысы мынадай болды: қой-ешкіден — үш жүз отыз жеті мың бес жүз бас,
37одан Жаратқан Иеге тиісті тартудың саны: алты жүз жетпіс бес.
38Мүйізді ірі қара: отыз алты мың, одан Жаратқан Иеге тиісті тартудың саны: жетпіс екі.
39Есек: отыз мың бес жүз, одан Жаратқан Иеге тиісті тартудың саны: алпыс бір.
40Тұтқын адам саны: он алты мың, одан Жаратқан Иеге тиісті тартудың саны: отыз екі.
41Мұса Жаратқан Иеге тиісті тартуды діни қызметкер Елазарға табыстады. Жаратқан Ие Мұсаға осыны бұйырған болатын.
42Қолға түскен олжаның сарбаздарға тиісті үлесін бөліп алғаннан кейін Мұса оның екінші жартысын қалған исраилдіктерге белгіледі.
43Қауымға арналған осы үлес: үш жүз отыз жеті мың бес жүз қой-ешкі,
44отыз алты мың мүйізді ірі қара,
45отыз мың бес жүз есек,
46әрі он алты мың тұтқын қыз болды.
47Исраилдіктерге арналған олжаның осы жартысынан Мұса адам мен малдың елуден бірін алып, Жаратқан Иенің киелі шатырындағы күзет пен өзге де жұмыстарды атқарып жүрген леуіліктерге табыстады. Жаратқан Ие Мұсаға осыны бұйырған болатын.
48Содан соң жасақ басшылары: мыңбасылары мен жүзбасылары Мұсаның алдына келіп,
49оған былай деді: «Біз қол астымыздағы жасақты түгендеп санап шықтық. Сонда бірде-бір сарбазымыз шығын болмапты!
50Сол себепті әрқайсымыз қолға түсірген алтын бұйымдарды: шынжыр, білезік, жүзік, сырға, алқалардың барлығын (бәріміздің өмірімізді сақтап қалған) Жаратқан Иеге тарту етеміз. Осылайша (абайсызда) жасаған күнәларымыздың арамдығынан Оның алдында тазарғымыз келеді».
51Мұса мен діни қызметкер Елазар алтыннан өрнектеп жасалған әр түрлі бұйымдардың барлығын да олардан қабылдап алды.
52Мыңбасылар мен жүзбасылар Жаратқан Иеге тарту ретінде көтеріп ұсынған сол алтынның жалпы салмағы он алты мың жеті жүз елу мысқал болып шықты.
53Сарбаздардың әрқайсысы олжаны өзі үшін алған болатын.
54Сонымен Мұса мен діни қызметкер Елазар мыңбасылары мен жүзбасыларынан ұсынған алтындарын қабылдап алды. Оларды кездесу шатырына апарып, исраилдіктердің Жаратқан Иенің халқы екенінің ескертпесі ретінде Оның алдында сақтап қойды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.