1Сонда нағамалық Сопар жауап беріп былай деді:
2— Сонша көп сөз жауапсыз қалуы керек пе? Сөзуар адам ақталып, кінәсіз болмақ па?
3Сенің көп мылжыңың басқа еркектерді үндетпей тастасын ба? Мазақ сөздерің үшін өзіңді ұялтатын ешкімнің де болмағаны ма?
4Өйткені Құдайға: «Тәлімім мінсіз, өзім де Сенің көз алдыңда тазамын» деуге дәтің барады.
Пенденің Құдайдың даналығын толық зерттей алмауы5Бірақ, шіркін, Құдай сөйлесе ғой! Аузын ашып саған тіл қатса екен!
6Даналықтың құпияларын саған білдірсе ғой! Өйткені нағыз даналық көп қырлы. Құдайдың тіпті бірқатар күнәларыңды есінен шығарып, өзіңді әлдеқайда жұмсақ жазалап отырғанын ұғынсаң екен.
7Құдайдың терең құпияларын шеше аласың ба? Құдіреті шексіз Алланы толықтай зерттеп біле алар ма едің?
8Сондай білім аспаннан да заңғар, ал сенің қолыңнан не келеді? Ол о дүниеден де терең, сол туралы не біле аласың?
9Ол жерден де көлемді, теңізден де ұлан-ғайыр.
10Егер Құдай арамыздан өтіп, біреуді тұтқындап, сотты шақырып жинаса, Оны кім тоқтата алады?
11Өйткені Құдай кімнің жалған екенін біледі. Оның зұлымдықты көріп, соған назар салмауы мүмкін дейсің бе?
12Алайда, «Құлан адам боп туғанда ғана ақымақтың ақылы толысар» делінген ғой.
Әйүпті өкініп Құдайдан кешірім сұрауға шақыру13Ендеше жүрегіңді Құдайға қайта бағыштап, қолыңды Оған қарай жайып сиынсаң екен!
14Жасап келген күнәларыңды доғарып, өзіңнен аластатсаңшы! Зұлымдық атаулыны мекеніңе жолатпасаң екен!
15Сонда сен бет-жүзіңді ұялмастан жоғары көтеріп, еш қорықпай берік тұратын боласың.
16Қазіргі басыңа түсіп отырған азабыңды ұмытасың, ағып кеткен су сияқты оны есіңнен шығарасың.
17Өмірің тал түскі күннің сәулесінен де жарық болады. Тіптен қараңғылық та таң шапағындай жарқырайды.
18Сенде үміт болғандықтан, сенім де болады. Жан-жағыңнан жақсы қорғалғандықтан, алаңсыз жатасың.
19Тынығып жатқаныңда, сені қорқытатын ешкім болмайды. Қайта, көптеген адам сенің ықыласыңды іздейтін болады.
20Алайда зұлымдардың көкірек көздері әлсірейді. Олардың бас сауғалайтын жері болмай, үміттері үзіледі.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
