Ошия 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Кіріспе

1Мұнда Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия, әрі Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғам патшалық құрған кезеңдерде Жаратқан Иенің Бегери ұлы Ошияға арнаған сөздері берілген.

Опасыз әйелдің балалары — таяп қалған апаттың бейнелері

2Жаратқан Ие хабарларын халыққа Ошия арқылы жеткізе бастағанда оған былай деді: «Барып, жеңіл жүрісті бір әйелді алып, оның жезөкшеліктен туған балаларын бауырыңа бас! Өйткені осы ел Жаратқан Иеге опасыздық жасап, азғындыққа салынып кетті!»

3Содан Ошия Диблаим қызы Гомерді әйелдікке алды. Ол жүкті болып, Ошияға бір ұл туып берді.

4Сонда Жаратқан Ие Ошияға тіл қатып былай деді: «Ұлыңның есімін Ізрел деп қой. Себебі тағы азғана уақыттан соң Мен Ехудің Ізрелде төккен қанына бола оның әулетіне назарымды аударып, оны жазалаймын және Солтүстік Исраилдің патшалығын құртып жоқ қыламын.

5Сол кезде Ізрел аңғарында Солтүстік Исраилдің әскери күшін сындырылған садақ іспетті жоямын!»

6Гомер қайтадан жүкті болып, қыз туды. Сонда Жаратқан Ие Ошияға тіл қатып былай деді: «Оның есімін Рақым-көрмеген» деп қой! Себебі бұдан былай Мен Солтүстік Исраилге рақым көрсетіп, оны кешіруімді доғарамын!

7Бірақ Яһуда еліне рақым көрсетіп, оны құтқарып қаламын. Алайда оларды құтқаратын шайқастағы садақ, семсер, атты әскер емес, Өзім — олардың Құдайлары Жаратқан Ие боламын.

8Қызы Рақым-көрмеген емшектен шығарылғаннан кейін Гомер тағы бір ұл туды.

9Сонда Жаратқан Ие Ошияға былай деді: «Соның есімін Халқым-емес деп қой! Себебі енді сендер халқым емессіңдер, Мен де сендердің Құдайларың емеспін!»Халықтың болашақта еліне қайтып, бірігуі

10 Бірақ болашақта Исраил халқының саны теңіз жағалауындағы санаса сан жетпейтін құм түйіршіктеріндей қисапсыз көп болады. Оларға «халқым емессіңдер» делінген жердің өзінде олар енді «Мәңгі тірі Құдайдың рухани балалары» деп аталады.

11Яһуданың және Исраилдің адамдары тағы да бірігіп, өздеріне бір басшыны тағайындап алады. Олар (жер аударылған) елден қайтып келеді. Себебі (халық өз елін қайтадан қоныстанатын) «Ізрел күні» ұлы күн болады!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help