1Әйүп бұған былай деп жауап қатты:
2— Рас, бұның солай екенін өзім де білемін. Бірақ Құдайдың алдында пенде қалайша ақтала алар еді?
3Тіпті Онымен пікірталасқа біреу шықса да, Құдайдың қойған мың сұрағының біреуіне де жауап бере алмас еді.
4Тәңір Иенің даналығы терең, құдіреті ғаламат зор. Оған қарсы шығып, содан аман қалған кім бар?
5Алдын ала ескертпестен-ақ, Ол тауларды орнынан жылжытады, қаһарланғанда оларды төңкеріп те тастайды.
6Хақ Тағала жерді сілкігенде, оның түп негізі де шайқалады.
7Ол күнге бұйрық берсе, ол ұясынан шықпай қояды, әрі жұлдыздарға әмір берсе, олар сәулесін шашпайды.
8Жасаған Ие жалғыз Өзі аспанды жайып жіберіп, теңіздің толқындарын басып үстімен жүрген.
9Ол аспандағы Жетіқарақшы, Көгалдай мерген, Үркерді де, оңтүстік аспаннан көрінетін шоқжұлдыздарды да жаратты.
10Тәңір Ие адам толықтай ұға алмайтын ғажап істерді істейді, сансыз кереметтерді жасайды.
11Біліп қойыңдар, Ол жақындап келсе де, көрмеймін, өтіп бара жатса да, байқамаймын.
12Егер Ол бір нәрсені күштеп тартып алса, Оны кім тоқтата алады? Кім Оған: «Не істеп отырсың?» деп айта алар еді?
13Құдай қаһарынан қайтпайды. Теңіздегі алып хайуандар да Оның алдында иіліп тізе бүгеді.
14Сонда мен (қарапайым пенде) қалайша Құдаймен пікір таластырмақпын? Қандай сөздер таңдап алып, Оған айта алар едім?
15Мен әділ болсам да, Оның маған таққан кінәларына жауап бере алмаймын. Қайта, мені соттайтын Төрешімнен рақым етуін ғана жалынып өтіне аламын.
16Тіпті мен Құдайды дауыстап шақырып, Ол дауласуға келсе де, менің үніме құлақ асатынына сенбес едім.
17Өйткені Ол мені дауылмен соққылап күйретеді, еш себепсіз жараларымды көбейтеді.
18Маған дем алып тынығуға жол бермейді, мені ащы күйінішпен толтырады.
19Егер бұл күш сынасу болса, әрине, күштірегі Ол. Ал егер бұл әділдікті табу болса, Оны кім сотқа шақырып келтіре алар еді?
20Мен әділ болғанмен, Оның алдында өз аузым мені айыптар еді. Кінәсіз болсам да, өз тілім сөздерімді бұрмалап, мені кінәлі деп табар еді.
21Мен кінәратсыз бола тұра, өз басымның қамын ойламаймын. Өмірімді жек көріп түңіліп кеттім.
22Бәрібір екен. Содан да мен: «Тәңір Ие кінәратсызды да, зұлымды да құртады» деймін.
23Апат кенеттен өлім әкелгенде, Ол таза жүрген жанның шеккен азабын келекелейді екен.
24Жер зұлымдардың қолына түскен, ал Тәңір Ие соның төрешілерінің көздерін жауып қойған. Мұны Ол істемегенде кім істепті?!
25Күндерім жүгірушіден де жылдам зымырап өтіп жатыр. Олар ешбір жақсылықты көрмей, лезде өте шығады.
26Иә, күндерім қамыстан жасалған жүйрік қайықтай, олжасына шүйілген бүркіттей зуылдап өтіп жатыр!
27Ал егер: «Қасіретімді ұмытайын, түнерген жүзімді өзгертіп, жайдары болып көрінейін» десем де,
28әлі көретін бар азабымнан қорқар едім. Себебі, уа, Құдай, мені ақтамайтыныңды білемін ғой.
29Мен бәрібір зұлым деп айыпталады екенмін. Ендеше ақталуға тырысып нем бар?
30Тіпті сабынмен жуынып, қолдарымды сілтімен тазаласам да,
31бәрібір Сен, о, Құдай, мені сасық шұңқырға итеріп жібересің. Сонда тіпті үстімдегі киімім де өзімнен жеркеніп шыға келеді.
Әйүптің Құдаймен арада жүретін келістірушіні аңсауы32Құдай мендей пенде емес, сондықтан мен Онымен тайталасып, екеуіміз сотқа барып, дауласудың мүмкіндігі жоқ қой.
33Арамызда жүріп, екеуімізді келістіре алатын біреу болса ғой, шіркін!
34Құдайдың мені таяғымен соққылауын сол келістіруші тоқтатса екен! Мен бұдан былай Одан үрейленбесем екен!
35Сонда мен Онымен қорықпай сөйлесер едім. Әйтсе де мен үшін бұл мүмкін емес.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.